Қарақат Әбілдина: «Менің анам 16 құрсақ көтерген»
Бүгін Президент атындағы кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Қарақат Әбілдина жастармен кездесіп, олардың сұрағына жауап бере отырып, мамыр айында бесінші баласын дүниеге әкелетінін айтты, деп хабарлайды «ҚазАқапарат».
— Менің анам 16 құрсақ көтерген. Көзіміз тіріміз аз қалдық. Дегенмен, көпбалалы отбасында ауылда өстім. Анам өте қарапайым жан, ер азаматының жағдайын жасап, үйдің берекесін келтіріп отырған. Анам өмір бойы қызмет істемесе де, ерінің қас қабағына қарап, бала-шағасын бағып-қақты. Әкем ел басқарған абыройлы азамат болды. Алтын тойларына жетпей қалып, он жыл бұрын дүниеден озды. Қазір немересі мен шөбересінің санынан шатастық. Құдайға шүкір, бармыз»,-деген Қарақат отбасындағы 16 баланың ішінде өзі көпбалалы ана атанып отырғанын айтты. «Сол балалардың ішінде баласы көбі – менмін. Ағаларым мен апайларым бір, екі, үш баламен шектелді. Менен кейін бір сіңілім бар, оның төрт баласы бар. Ал, менің қазір көктемде жақсы жаңалық күтіп отырған жағдайым бар. Жоғалтқанымды іздеп жүрмін, төрт ұлым барын білесіздер, сондықтан жақсы жаңалық күтіп отырмын, жақсы ниеттемін»,-деді әнші.