Мемлекет банктерді қашанғы сүйрейді?
«Сүйреген тазы аң алмас» деген тәмсілге жүгінсек, ел үміт артқан банктердің бір емес, бірнеше мәрте «кедейленіп», мемлекетке қол жаюы жақсылық нышаны емес. Бүйте берсе, «қарғайын десем — жалғызым, қарғамайын десем — жалмауызым» дегеннің кебі келмек.
Елбасының тікелей атсалысуымен құрылған Ұлттық қор қазақ елінің бюджетінің қалт-құлт еткенде демейтін, құлап бара жатса сүйейтін қорғанышына айналып тұр. Егер ол болмағанда жағдайымыздың не боларын ешкім дөп басып айта алмасы анық. Бүгінгідей мың құбылған әлемдік дағдарыс кезеңінде донорлық қызмет атқарып, «аяғын шалыс басқан», кешіріңіздер, қарызға белшеден батқан банктердің өзіне жанашырлық танытуы — сөзіміздің бір айғағы. Естеріңізде болса, ақпан айының ортасында Парламент Мәжілісі депутаттары Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» Жолдауын іске асыру үшін Үкімет ұсынған нақтылауларды, оның ішінде «банк секторын сауықтыруға» алты миллиард доллар бөлуді мақұлдаған еді. Күні кеше Президент осы мақсатқа қаржы бөлу туралы жарлыққа қол қойды. Онда бөлінетін қаржының нақты көлемі 1 триллион 92 миллиард 941 миллион 288 мың теңге деп нақты көрсетілген.
Осы орайда көпшілік арасында қаржысын үнемдей алмаған банктерге мемлекет неге қаржы бөледі деген заңды сауалдың тууы әбден мүмкін. Оған сарапшылардың айтар уәжі мынау. Билік бұл жерде шарасыз көрінеді. Өз қолын өзі кесе алмайтын пұшайман халде. Себебі көптеген қаржы ұйымдары қарызға белшеден батқан. Кейбіреулері қаржысын оңды-солды шашқандары сондай қайтарылмай қалған несие көлемі 3-4 триллион теңгеге жетіп жығылады-мыс. «Көп асқанға бір тосқан» дегендей, 2007 жылғы дағдарыстан кейін еліміздегі банк жүйесі әбден әлсіреп шатқаяқтап қалыпты. Соның кесірінен қайтарылмай қалған және күмәнді несие көлемі күрт көбейген. Кейбір мәліметтер бойынша, бұл көрсеткіш 75 пайызға дейін жетіпті. Ал банк жүйесінің қауіпсіздігі бойынша түйткілді несие көлемі жалпы портфельдің 15 пайызынан аспауы керек екен. Бізде керісінше, қарыштап өсіп барады. Бұл — үлкен түйткіл! Тақап айтсақ, қауіп! Ендігі мәселе тығырыққа тірелген банктерді Үкімет «үйелеген» жерінен «сүйреп» шығармаса, олар банкротқа ұшырайды. Ал банктердің жабылуы ел экономикасына айтарлықтай зиян шектіретін көрінеді. Мұны қарапайым халық қайдан білсін! Сондықтан да олардың «құр сүлдесін» сүйретсе де, көз алдымызда жүргені дұрыс дейді білетіндер. Қаржыгер әрі «Ұлағат Консалтинг» компаниясы басшысы Марат Қайырленов «мемлекет бұл салада үлкен проблемалар бар екенін әрі оларды шешу қажеттігін банктерге 2 триллион теңге бөлу арқылы мойындап отыр» деген ой айтады.
— Бұл жағдайда мемлекет нендей амалға барып, қандай шарттар қоятынын, ал банк акционерлері тарапынан не істелетінін әбден анықтап алу керек. Өйткені мемлекет қыруар ақша беріп отыр ғой. Біз қазір банктердің өте ауыр дағдарыс жағдайындамыз. Ұлттық банк статистикасы жағдай жақсарды деп көрсетеді. Бірақ, шын мәнінде, банктердің ХҚЕС (халықаралық қаржылық есептілік стандарттары) бойынша есептерін ашып қарасақ, тіпті бірінші ондыққа кіретін банктердің өздерінде өткен жылдың бірінші жартысында несиелердің үстеме ақысының 20-дан 50 пайызға дейінгі көлемі төленбей қалған. Несие қоржыны сапасы өте қауіпті деңгейде.
Ал экономист Мағбат Спанов банктерді «сауықтыруға» ақша бөлу мәжбүрлі шара деп санайды. Бірақ ол бұл банктерге бір реттік көрсетілетін көмек болмауы тиіс, банк жүйесі жұмыс істеп кетуі үшін билік тиісті механизмдер қарастырып, ары қарай өсімді қамтамасыз ететін шаралар базасын құруы тиіс дейді. Экономистің пікірінше, жүйе құрушы бір банктің күйреуі «елді мүлде артқа лақтырып» және «бүкіл экономиканы тұралатып тастауы әбден мүмкін».
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК