АЛЛА РИЗАЛЫҒЫ

Сәлде – Алланың тәжі. Сондықтан тәж киіп жүру екінің біріне нәсіп бола бермейді. Тіпті сәлдені имамдардың өзі ұдайы киіп жүре алмайды. Себебі… Себеп көп. Білген жөн. Сәлде тәжге айналуы үшін онда Алланың ризалығы тұруы тиіс. Сонда біз Алланың ризалығы дегенді қалай түсінеміз? «Сізге Алла риза болсын» деу қазір сөздің салтына айналып кетті. Сонда Алла оған неге риза болуы тиіс? Сонда біз Алла ризалығы үшін не істеп жүрміз? Осы сауал алдымыздан шыққанда біз бірден жасаған ғибадаттарымызды қаперге аламыз. Білген жөн. Біз ол ғибадаттарды өзіміз үшін жасадық. Ал оған Алла риза бол ма, жоқ әлде болмай ма, ол өз алдына бөлек әңгіме.

Ой ұғынықтылығы үшін әуелі «риза» сөзі мәнін түйсініп алайық. Мәселен бір діндар халыққа уағыз айту мақсатында мінберге көтерілді делік. Басында сәлде. Ал бұрын ол сәлдесіз жүретін. Демек ол сәлдені Алла ризашылығы үшін емес, алдындағы жамағат ризашылығы үшін киді. Сол сияқты басынан тақия тастамайтын кей ұлт өкілдері бар. Ол тақияда да ұлтқа деген құрмет тұрады. Кейбіреулер өз уағызын жалаңбас айтады. Ол уағызда да Алла ризашылығы емес, әлгінің өз ұстанымы көрініс беріп тұрады. Сақал да сол сияқты. Осылайша діни құндылықтар Алла ризашылығына емес, адами мүддеге қызмет етеді. Мәселен қызметтік киім үлгісі бар. «Мен мұны Алла ризашылығы үшін киемін» деу әбестік қой. Сол сияқты біздің көшеге Алла ризашылығы үшін сәнденіп шықпайтындығымыз да белгілі. Бұл сәнденуіміз бен өзге де көптеген іс-әрекеттерімізде қоғамның ықпалы мен соған деген құрмет тұрады.

Иә, Қазақстан зайырлы мемлекет. Сондықтан біздің Америка, Еуропа елдері халқынан пәлендей айырмашылығымыз жоқ. Ал олар өмір салтында Алла ризалығы емес, өркениетті елдердің мәдени ұстанымы қаперге алынатындығын қалай жасырарсың… Шынтуайтына келгенде мұсылмандық өмір салтын ұстанбайтын елдер үлгі тұтылған кезде Алла ризашылығы қаперге алына бермейді. Сол сияқты араб елдері де Алла ризалығын емес, адамдар көңілінен шығуға бірыңғай ойысып кетті. Білген жөн. Адамдар көңіл қошы үшін жасалған «мәдени орындардан» Алла ризашылығын табамын деудің өзі әбестік.

Жалпы адам әрбір жұмысын мына екі мақсаттың бірімен іске асырады: Алла ризалығы үшін немесе нәпсінің, яғни адамдардың ризалығы үшін. Адамдар көрсін, мақтасын немесе «бұған жұрт не дейді» деген секілді адамдардың ризалығын таңдағандардың шаруасын Алла Тағала адамдарға қалдырады. Алланың ризалығын көздегендерді Өз панасына алады. Бірде Сәйид Абдулқадир Гейлани хазіретке айналасындағы адамдар «Сіз қандай мүбәрак адамсыз» дейді. Сонда Абдулқадир Гейлани хазіреті олардан «Сендер оны қайдан білесіңдер?» деп сұрайды. Көпшілік: «Жұрттың бәрі сізді жақсы көріп, мақтайды» деп жауап береді. Сонда ол: «Біз адамдар бізді жақсы көрсін деп мұсылман болмадық. Алла жақсы көрсін деп мұсылман болдық. Бұл адамдарға сенім жоқ. Бүгін жақсы көрсе, ертең жамандап жатады» дейді.

Аллаға шүкір, Алла ризашылығы үшін сәлде киіп жүргендерді де көзіміз шалып қалады. Алайда оларды адам ризашылығын табу мақсатында құрылған мына қоғам онша ұната бермейді. Қайтеміз, «дінді ұстану – қолыңа шоқ ұстағанмен бірдей» делінетін заман ғой бұл. Дегенмен Алланың ризалығы: ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген ризашылығында, ата-ананың балаларына деген ризашылығында, адамдардың бір-біріне деген еш бүкпесіз құрметтерінде, адал еңбекте, Отанға деген перзенттік парызда тұратындығын да жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан ешкім де өзін Алла ризашылығынан тыс қалдым деп айта алмайды. Біз тек соның адамдар ризашылығы үшін жасалмау қажеттілігі жағын ғана қаперге алдық.

Құдияр Біләл