Жамбылдық шенеуніктер қаржы жымқырудан «жарысып» жатыр
немесе суға батпайтын, отқа жанбайтын бұл Байбеков кім?
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысындағы әдеп жөніндегі кеңесіне кіргеннен жаға ұстайтын күйге жеттік. Олай дейтініміз, әулиеаталық шенеуліктердің «түйені түгімен, көлікті жүгімен» жұтқан жемқорлық әрекеттері төбе шашыңды тік тұрғызып ғана қоймай, бас шайқатады.
Тарқатып айтсақ, бұл жолғы кеңес отырысында Жуалы ауданы Қызыларық ауылдық округінің әкімі Ерлан Сейдалиевке қатысты тәртіптік іс қаралды. Халыққа қамқор болып, мұң-мұқтажын түгендейді деген әкім сынақ мерзімінде жүрген екі бас маманына сыйақы жаздырып, балға бармақ батырыпты. Осылайша қазына қаржысына қол салған шенеулік оңай олжаны іздеген секілді. Дәл сондай, Күреңбел ауылдық округінің әкімі Нұрмолда Таубалдиев пен Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Бектархан Сүлейменов те тура жолдан тайып, сыйақыны қызметкерлеріне шүленше үйлестірген.
Ал, Қошқар ата ауылдық округінің әкімі Мелдебек Айдосов болса, өзгені емес өз пайдасын ойлап, тәртіптік жазасы бола тұра Тәуелсіздігіміздің 25 жылығына орай өзіне-өзі сыйақы жаздырып алған. Бұл-бұл ма, Жуалы ауданы әкімі аппаратының кеңсе бөлімшесінің бас маманы А.Сыдығалиевке де «жылылық» танытып, сыйақымен «сыйлаған».
Еске сала кетсек, өткен жылы осы Жуалы ауданының атқамінерлері «Дипломмен ауылға» бағдарламасына білгенін істеп, талай қаржыны талан-таражға салған болатын. Енді міне, тағы жуалылықтар жемқорлық бойынша алдына жан салмай тұр. Бұл аудан әкімі Бахтияр Көпбосыновтың қол астындағы қызметкерлеріне қырағылық таныта алмауы ма, әлде бұның астарында басқа саясат жатыр ма? Бір ескере кетері, Бахтияр Бейсембайұлы Меркі ауданының әкімі болып тұрған тұста да кадірларға қатысты үлкен шу шығып, соңы орынбасары тәртіптік жазаға тартылып, басы үлкен дауға қалған болатын. Осыған қарап-ақ, көп нәрсені пайымдай беруге болатын секілді.
Жалпы, қара халық қармаққа ілінген округ әкімдері мен бас мамандарды үлкен саясат сахнасындағы «шабақтарға» балайтын. Алайда, бұл жолғы Әдеп кеңесінде ауға «шортанда» түскені белгілі болды. Атап айтсақ, атағынан ат үркетін Мырзақасым Байбековтің өзі қызметтік бабын асыра пайдаланыпты. Қазіргі таңда, Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының Төрағасы қызметін атқарып отырған Мырзақасым мырза Талас ауданы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы К.Қожатаеваға ұялы телефонмен хабарласып, Ш.Смаханұлы атындағы мектепте жұмыс істейтін өзінің келіні Айжан Кертаеваға бірлік қосып беруді талап еткен. Егер талабын орындамаса шара қолданатынын айтып, қорқытқан. Сонымен қатар, өзінің қарамағында қызмет ететін, түсімдер бойынша мемлекеттік аудит бөлімінің бас маманы-мемлекеттік аудитор П.Абдыкаримованы жекеменшік пәтерін жинауға бірнеше рет жұмсаған. Осылайша, басшылық қызметін басына пайдаланған көкеміз күші жеткендерге қырғидай тиген.
Десе де, кеңес отырысында ағынан жарылып ақталған Мырзақасым Байбековтың бұл санаға сыймайтын тірлігіне кеңес мүшелері түсінікпен қарап, тіпті жұмсақтық танытып тек «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы» ескерту жазасын берді.
Жалпы Мырзақасым мырзаның еңбек жолы екі кітапқа «ертегі» боларға тұрарлық. Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметінен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лауазымына ауысқан «көкеміз» былғары орындықта көп отырмай, қызметтік пәтерді жекеменшікке ауыстырып алмақ болғаны үшін жұмысымен қош айтысқан болатын. Бірер жыл өткеннен кейін облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болып қайта оралған ол арада уақыт салып облыстық тексеру комиссиясының Төрағасы болып тағайындалды. Сол кезде тесеру комиссиясына қатысты үлкен шу шығып, қол астындағы қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Енді міне, өткен жылы зейнет жасына жеткен Байбеков мырзаның қызмет бабынан тағы былық шығып отыр.
Әрине, байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Алайда осынша жауапты қызметтерді атқарған Байбековтың барған жерінен бәле шығатыны көңілге күдік ұялатады. Сонда «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» бұл Байбеков кім?
Саян ТІЛЕУЖАН