Оқулықтардың жоқтығынына шағымданбай, ағылшын тілін үйрену керек

 

 

Астана. 1 сәуір. Бүгін Астана әкімдігінің кәсіби-техникалық колледжіне барған Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева Астананың кәсіби-техникалық колледжі оқытушыларына ағылшын тілін үйренуге кеңес берді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

Оқу орнында Д.Назарбаева оқу кабинеттері, кітапхана, спортзал, жаттығу салы, бессейн залы, техникалық кабинеттерге бас сұғып, колледж жұмысымен танысты. Аталмыш колледж аспаз, бармен, даяшы, техник, инженер, электрик, дәнекерлеуші, хатшы-референт, тігінші және басқа да мамандарды даярлайды.
Премьер-министрдің орынбасары болашақ мамандарға табыс тілеп, жұмысшы мамандарға бүгінде сұраныс жоғары екенін тілге тиек етті. Колледж өкілдерімен болған кездесуде, сондай-ақ, оқулықтардың жоқтығынына шағымданбай, ағылшын тілін үйрену керегін айтты. Өйткені бүгінде ағылшын тіліндегі әдебиет пен ақпарат жеткілікті. Тілді алыстан жүріп оқуға болатынын және тіл үйрену адам жадын жақсартып, әрі кейбір сырқаттардан ем болатынын да айта кетті.
Колледж қызметкерлерінің айтуынша, оқу орнында ағылшын тілін үйренуге үлкен мән берілген. Себебі ағылшын тілін білетін бармендер мен даяшыларға сұраныс қашанда жоғары болмақ. Сонымен қатар, олар дәл осы колледж мамандары ЭКСПО көрмесінде еңбек ресурсымен қамтамасыз етеріне сенімді. Бүгінгі таңда мамандардың барлығы жұмыспен қамтылатындықтан, жұмысшы кәсіптерге сұраныс бар. Олардың айтуынша, студенттердің өз бизнес жоспарымен ашылған колледждің арнайы интернет-дүкені де жұмыс істейді. Онда студенттердің картиналары және басқа да жұмыстары саудаланады.
«2018-19 жылға қарай мектеп түлектері немесе мектеп бітіргендер 9,10 сыныптан кейін ағылшынша сөйлейтін болады деп отырмыз. Оқытушылар құрамына да, колледж басшылығына да талап ерекше болмақ. Олар қазірден бастап ағылшын тілін үйрене бастауы тиіс. Оқулықтарға қатысты, әдебиет табу қиын деген сұрақтар қойылуда. Ағылшын тіліндегі ақпарат өте көп.

Сондықтан, егер тілдерді меңгерген болсақ, онда сол әдебиетке, заманауи білімге қолжетімділік кең әрі жақсырақ болар еді. Қанша жаста болсаң да, жалқауланбай, тілді үйреніңдер», — деді Дариға Назарбаева.