Е.Біртанов: Ана өлімі 10 жылдың ішінде 3,5 есеге азайды
ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру арқасында Қазақстанда негізгі медициналық-демографикалық көрсеткіштердің оң серпіні байқалған. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов айтты.
Е.Біртановтың айтуынша, Қазақстандағы денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштері оң серпінге ие. Соңғы он жылда өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін ұзарды, ана өлімі 10 жылдың ішінде 3,5 есеге азайды, қатерлі өскіндерден ауыру мен өлім көрсеткіштері 2015 жылмен салыстырғанда төмендеген. Жарақаттар мен уланудан өлім деңгейі он жылдың ішінде екі есеге төмендеген, дегенмен қазіргі таңда ол ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда бұрынғысынша жоғары деңгейде сақталуда.
Денсаулық сақтаудағы ЭЫДҰ стандарттарына қол жеткізу үшін 2016 жылы Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жұмыстары бастау алды.
«Жалпы, Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың 2016 жылғы алдын ала қорытындысы ғұмырдың болжамды ұзақтығы; халық денсаулығының индексі және халықтың медициналық көмек сапасына қанағаттану деңгейі секілді негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің оң серпінін көрсетті», — деді Е.Біртанов.
Ақпарат көзі: primeminister.kz