Кезекті ауыс-түйіс: СҚО-ның жаңа әкімі белгілі болды

Бүгін Петропавлда облыстық мәслихаттың XII-ші  кезектен тыс сессиясы өткізіліп, оның барысында Президент Әкімшілігінің  басшысы  Әділбек Жақсыбеков Елбасының  облыс әкімі лауазымына Құмар Ақсақаловтың кандидатурасын ұсынғаны туралы хатын оқыды. Халық қалаулылары Құмар Ақсақаловты Солтүстік Қазақстан облысы  әкімі лауазымына тағайындау туралы Елбасының ұсынысын бірауыздан қолдады.

Бұдан кейін Президент әкімшілігінің басшысы жаңа әкімді таныстыра отыра, Ерік Сұлтановқа жемісті еңбегі үшін алғысын білдіріп, өңірдің соңғы жылдардағы үлкен экономикалық  табыстарға жеткенін атап өтті.  Өз кезегінде Ерік Сұлтанов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа  білдірген сеніміне және облыс активіне бірлесіп атқарған жемісті жұмыс үшін алғысын білдірді.

dsc_5628

«Ең алдымен туып-өскен өңірімізді көркейту жолында  үш жылдай  қызмет еткенім үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа  алғыс білдіремін. Осы уақыт ішінде қолдау  көрсеткендеріңіз үшін Сіздерге  шексіз ризамын. Алдағы уақытта да Елбасының сенімін ақтап, халқымызға  адал қызмет етуге бар күш-жігерімді  саламын», — деді Е.Сұлтанов.

         «Мен Елбасымыздың  көрсеткен жоғары сеніміне алғысымды білдіремін. Біз алдағы уақытта да халық игілігі мен өңірдің дамуы үшін Елбасының қойған тапсырмаларын бірге орындайтын боламыз», — деді Қ.Ақсақалов.     

dsc_5582

         Жаңа тағайындауға дейін           Қ.Ақсақалов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары  қызметін атқарды.        

Құмар ЫрғыбайұлыАқсақалов 1965 жылы туған. 1987 жылы  В.П.Горячкин атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы өндірісінің инженерлері институтын инженер-механик мамандығы бойынша  тамамдаған.Экономикалық ғылымдар кандидаты.

1987-1989 ж.ж. – Қостанай облысы Урицкий ауданы «Крыловский» кеңшарының бас инженері болды.

1989-1991 ж.ж. – Қазақстанның ЛКЖО-ның Қостанай облысы  Урицкий аудандық комитетінің бірінші хатшысы.

1991-1992 ж.ж. – Қостанай облысы Урицкий ауданы «Маяк» кеңшарының бас инженері.

1992-1993 ж.ж. – Қостанай облысы Қостанай ауданы «Новоселовка» мемлекеттік шағын кәсіпорнының директоры.

1993-1996 ж.ж. – Қостанай облысы Қостанай ауданы «Қостанай» ғылыми-өндірістік бірлестігі директорының орынбасары.

1996-1998 ж.ж. – Қостанай облысы Меңдіқара ауданының «Север» ұжымшарының төрағасы, «Север» ААҚ президенті.

1998-2002 ж.ж. – Қостанай облысы Меңдіқара ауданының әкімі.

2002-2004 ж.ж. – Қостанай облысы Таран ауданының әкімі.

2004-2006 ж.ж. – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы.

2006-2010 ж.ж. – Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.

2010-2014 ж.ж. – «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Орталық аппаратының басшысы.

2014-2015 ж.ж. – «Нұр Отан» партиясының хатшысы.

2015 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалды.