Басра тақуасы Әмірдің – үш серті, үш тілегі, үш шарты
Осылай жаңа ілімнің ошағына айналған Басраға күллі Хижаз жазирасынан, Иемен мен Неджден адамдар ағылып келіп жатты. Соның бірі – иемендік тамин тайпасынан шыққан Әмір Әбділдаұлы еді. Жас жігіт Басра босағасын аттаған сәттен бастап, қала әкімі үлкен сахабалардың бірі әл-Ашғаридың қасынан табылып, көзі тірі сахабалардан құран және хадис үйренеді. Сонымен қатар, дін жолында жорықтарға қатысуды қажет деп тапты. Сөйтіп, бұл жігіт өзінің өмірін қалай өткізуді, неге арнауды алдымен жоспарлап алады.
Ол алдына бірінші мақсаты етіп, адамдарға құран ілімін үйретуді қояды, екінші мақсаты ретінде құлшылыққа қатты көңіл бөледі, үшінші мақсаты – дін жолында қылыш сермеп жорыққа шығуды құп көреді. Әмір Әбділдаұлы өле-өлгенше осы 3 сертінен айныған жоқ. Халық бұл кісінің атын айтпай «Басра тақуасы» деп атайды.
Әмір жайлы замандастарының бірі былай депті: – Мен Әмірмен бірге керуен тартып келе жаттым. Күн батты, түнемеге тоқтадық. Әмір алдымен атын суарып, алдына мол шөп салды да, өзі қалың ағаштың арасына кіріп кетті. Мен бұл кісінің артынан бардым. Ол намазға тұрды да, «Тәңірім, мені өз әміріңмен жараттың, уа, құдіреті Алла сен маған сабыр және жәрдем бермесең мен қалай ұстамды болмақпын…» деп жалбырануын бастады. Мен намазды дәл осындай ықыласты оқыған адамды көрмедім. Ұйықтап кеткен екем, оянсам Әмір әлі намаздан босамапты. Таң атып келеді екен. Әмір болса, «Уа, Жаратушым, таң атып келе жатыр, адамдар сенің нығметіңді іздеп, тіршілік қамына кірісті, ал, менің мұхтаждығым сенің кешірімің, жомарттардың жомарты менің мұхтаждығыма жәрдем ет!» деді.
Әмір намазын аяқтап орнынан тұрып жатып мені көріп, «Ей, басралық бауырым сен мені күзетіп шықтың ба?» деді. Мен түні бойы ол кісінің қасында болғанымды айттым. Әмір: – Бауырым, сенен өтініш, көргеніңді ешкімге айтпа!, – деді. Мен ол кісіден, «сіз Алла алдындағы мұхтаждығыңызды айтыңыз онда» дедім. Ол айтты: мен Алладан 3 дүние сұрадым, екеуін берді, бірін бермеді сол бірді әлі сұраудамын, – деді. Мен бұл 3 дүние жайлы айтып беруін өтіндім. Әмір айтты: Бірінші, әйел затына құмарлығымды жоюуын сұрадым. Алла берді. Екінші, Өзінен басқа ешкімнен қорықпауды сұрадым, оны да берді. Мен тек Алладан және өкініш күні (қиямет күні) өкінгеннен қорқам. Егер жәннатқа кірсем Алланың мейірімі де, тозақы болсам өз кесірімнен. Үшінші тілегім: ұйықтамай құлшылық жасай беруді сұрадым, оны бермеді.
Әмір дін жолындағы шайқастардан қалып көрмеген. Соғысқа аттанарда өзіне серіктер іздейтін. Тапқан адамдарына 3 шарт қоятын.
1. Соғыс кезінде серіктестеріне қызметші болуды.
2. Азаншы болуды.
3. Серіктестерінің бар шығынын өз мойнына алуды. Егер серіктестер арасынан тағы біреу шығып жоғарыдағы міндетіне ортақтаса бастаса, Әмір бұл топты тастап, өзі қызмет жасайтын келесі бір топты іздейтін.
Тарихта аты мәлім Хадисия шайқасында мұсылмандар жеңіп, патшаның қазынасын олжалайды. Қисапсыз байлықты есептеуге көп уақыт кетеді. Осындай қарбалас күндердің бірінде олжа есептеп жатқан адамдарға үлкен тайқазан көтерген бір адам келеді. Тайқазанның іші толған алтын-гауһар бұйымдар. Мынадай өлшеусіз байлықты алып келген адамға жұрттың бәрі таңданып атын сұрайды. Ол атын айтудан бас тартады. Сарай қызметкерлері бұл пенденің кім екенін біліп келуге жасырын адам жұмсайды. Ақырында бұл пенде Әмір Әбділдаұлы болып шығады. Ол: «Алланың алдында масаның сынық қанатындай құны жоқ дүние маған неге керек» деген екен.
Бірде Әмір көшеде келе жатып, сарай қызметкерлері бір адамды желкелеп әкетіп бара жатқанын байқайды. Жүгіріп барып мән-жайды сұрайды. Ана адам басқа діннің өкілі екен. Сарай қызметкерлері оны күштеп алып барып бақша тазалатпақшы. Әмір басқа дін өкілінен сұрайды.
-Сен жизаңды (мұсылмандармен бірге тұратын басқа дін адамдары төлейтін салық) төледің бе?
-Төледім.
Әмір сол сәтте басқа дін өкіліне араша түседі. -Пайғамбарымыз жизасын төлеген адамға тиіспеуге уәде еткен, мен оның үмбеті ретінде өсиетін қорғауға міндеттімен, сол бақшаны қажет болса өзің тазала!-дейді жендетке.
Әмірдің осындай әділдік үшін жүргізген күресі сарай адамдарына жақпайды. Іс шинелісіп халифа Оспанның құлағына жетеді. Оспан сол кездегі Шам қаласының әкімі Мағауияға Басрадағы Әмір тақуаны көшіріп алуды тапсырады. Сөйтіп, Әмір Басрадан Шамға көшеді. Ол өзін шығарып салуға келген адамдарға естіріп, «Уа, Алла, мені елден кетірушілерді кешірдім, сенде кешір» деп дұға жасайды.
Жарықтық өмірден өтерде жылапты. Адамдар, «неге жылайсыз?» десе, ол: – Мен өлімнен қорқып жылап жатқан жоқпын, өмірім мәнсіз-баянсыз өтті ме, соған қайғырып жылаймын,- депті. Осылай ұлық тақуада өмірден өтіп, оған Алланың қалауымен Құдыс қаласындағы пайғамбарымыз мигражға көтерілген жерден топырақ бұйырған екен.
Бекен Қайратұлы