EXPO-2017 имиджін бұрынғы басшылықтың «беделімен» шатастырмау қажет

Астанада «Астана ЭКСПО-2017» ҰК-ның бұрынғы басшыларына қатысты сот процесі басталды. Мұндай атышулы іс көрменің беделіне қаншалықты нұқсан келтіруі мүмкін? Бұл сұрақтың жауабын іздеп көргендер қаншама.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Сергей Куяновтың пікірінше, EXPO-2017 көрмесінің қазіргі имиджін бұрынғы басшылықтың атымен шатастырмау қажет.

— Алаяқ, жемқор басшылардың қазынаға қол сұғуы салдарынан игілігі мол талай тамаша жобалардың тоқтап қалғанын әлемдік тарихтан жақсы білеміз. Мысалы, жарты ғасыр бұрын әйгілі Панама каналының құрылысы ондаған жылдарға созылып, нағыз қылмыстық драмаға айналған еді, кейін құрылыс аяқталысымен канал Батыс елдерінің экономикасын аяғынан тік тұрғызды. Мұндай мысалдар саналуан. Сондықтан біз алғашқы да, соңғы да емеспіз.

Әрине, бір жарым жылдың ішінде, яғни, 2015 жылдың тамызынан 2017 жылдың маусымына дейінгі аралықта төрт жылда жасалуы тиіс жұмыстарды атқару оңайға түспейді.

Дегенмен. Бүгінгі таңда халықаралық қатысушыларды тарту мәселесіне басымдық танытып отырмыз. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай атқарылып жатыр, күзде аяқталады. Сонымен қатар, шетелден туристер тарту бағытында мамандарымыз ауқымды жұмыстар жасап жатыр.

Ешқандай сот ісі көрменің дайындығына кедергі келтірмейді деп нық айта аламын. EXPO-2017 көрмесінің қазіргі имиджі мен бұрынғы басшылықтың тірліктері – екеуі екі түрлі дүние. Оларды шатастырмау қажет. Әлбетте, әлеуметтік желілерде жатып алып, сын жазатындар көп. Жаза берсін», — депті ол.

Бірнеше жыл бұрын дәл осы көрмені өткізу туралы бастама көтерген кезде Елбасы қазіргі әлемдік трендтерді болжай білген көрегенділігін атап өткім келеді. Дүние жүзі бойынша нарықтағы жағымсыз процестердің басым бөлігі көмірсутекті шикізат тұрақсыздығы  салдарынан болуда. Осы ретте, көптеген компаниялар баламалы қуат көздерін пайдалану саласын қаржыландыруға көңіл аударуда. Тіпті, әйгілі Рокфеллерлер сынды байлар да мұнай және көмір саласындағы бизнестерінен гөрі, баламалы энергетикаға инвестиция сала бастады. Олар мұны еріккеннен емес, алдағы уақытта оның бизнестің ең пайдалы көзіне айналатынын біліп, ерте бастан иемденіп, игеріп жатқан ниеттері. Тек 2015 жылы дүние жүзі бойынша «жасыл» технологияларды зерттеуге және енгізуге 270 млрд. доллар жұмсалған. Мысал ретінде айтайын, бұл Финляндияның бүкіл жалпы ішкі өнімі (ВВП), — дейді С.Куянов.

«Жер асты байлығымыз мол, сондықтан, бәріміз бай-бақуатты тұруымыз керек» деген түсінік қалыптасқан. Экономикадан азын-аулақ хабары бар жанның барлығы білеті нәрсе — бүгінде әрбір технологялық өнімде шикізаттың құны жыл өткен сайын төмендеуде. Мықты идея мен технология – міне, нағыз табыс көзі. Бір жағынан, дағдарыс – әлемдік экономика құрылымында әркімнің өз орнын саралау мүмкіндігі. Уақытында соғыстан сағы сынған Жапония мен Корея электроника саласындағы көшбасшылары атанды. Ендігі біз телевизор немесе кір машинасын сатып алып жатқанда, ең алдымен идея, технология және олардың дер кезінде өз тауып, бүгінде мықты атанғандар үшін төлейсіз.

— Елбасы көрме аяқталған соң да Қазақстанның аты «жасыл» экономикамен қатар аталуын қалайды. Сондықтан, былтыр БҰҰ-ның Бас ассамблеясында EXPO-2017 біткен соң оның базасында «жасыл» технологиялармен айналысатын әлемдік хаб құру туралы ұсыныс айтқанын білесіздер.

Бұл ретте, көрме мемлекетіміздің имиджін қалыптастыруға, еліміздің инвестициялық және туристік тұрғыдан тартымды болуына орасан үлес қосары анық.

Айтпақшы, қағаз бетінде әдемі көрінгенімен, шын мәнінде пайдасы жоқ кейбір жобаларды қысқарту арқылы көрмеге өткізуге кететін қаражаттан 131 млрд. теңге үнемделді.

Әрине, бұл орайда құрылысшылармен келісімдерге келу оңай болмағанын біреу білсе, біреу білмейді. Себебі, кез-келген бизнесмен пайдаға молырақ кенелсем дейді. Мәселен, өткен жылдың соңында EXPO нысандарының құрылыстарына отандық жабдықтаушыларды тарту үшін 254 компаниямен 34 миллиард теңгелік келісім-шарт жасалды. Бұл аз ақша емес. Себебі, соның арқасында отандық бизнесмендер мыңдаған жұмыс орындарын сақтап қалды, жаңа жұмыс орындарын ашты» — дейді көрменің Қоғаммен байланыс департаментінің басшысы.

                                                                 Байжан ДУБАЙ,

                                                                 «Шын-ақпарат»