Тауық жылы мерейлі, бейбіт те берекелі, ынтымақты, иманға толы жыл болсын!
Аса қадірлі оқырман!
Бүкіл түрік халықтарының төл жаңа жылы әз-Наурыздың орны бөлек. Қадым заманнан тойланып келген жаңа жылымызды Қызыл империя жойып жоқ қылғысы келді. Шүкір, Тәуелсіздігіміздің таңы жарқырай атып, ұлыстың ұлы күні әз-Наурызымызбен қайта қауыштық. Сағынтып келген жаңа жылымыздың алтынкүрек самалы қытымыр қаһарлы қыстың қасаты қырын майдай ерітіп, оны әпсәтте жылғалардан сылқ-сылқ күліп аққан бұлақтарға айналдырады. Қалың күпсе қарды нәзік саусақтарымен итере-митере күлім қағып бәйшешек гүл шығады. Міне, осы күлім қаққан нәзік, бірақ батыр бәйшешекпен бірге Амал келеді, жаңа жыл келеді. Түрік жұрты, оның ішінде қазағымыз ұлттық киімдерін киіп, құшақтарын бір-біріне айқара ашып көріседі.
Мінеки, бірде баладай мәз етіп қуаныш сыйлаған, бірде қабағын түйген кезекті маймыл жылы да Тарих баба қойнауына домалап кетті. Табысымыз егін ырғын болды, қуанышымыз тәуелсіздігімізге 25 жыл толды. Ең бастысы халқымыз ынтымақ бірлігін ту етті, тыныштығымыз елімізді әлдиледі. Осыған тәубе!
Көңілі қарақты оқырман білетін болар осыдан тура бір жыл бұрын ғаламтор әлемінің жасыл бағында бір шыбық еккенбіз. Оның атын «ЕлАна» деп қойғанбыз. Сол сәби шыбық көзді ашып-жұмғанша бүршік жарды, алақан жапырақтарын жайды. Үкіметтің өзі тұсауын кесті. әз-Наурыздың ақшағыл таңынан жаралған, Қыдыр атадан бата алған Алпамыс «ЕлАна» сайты тағат тауып бір орнында жатпады – елін аралап шарқ ұрды. Жәй араламады, ел ішіндегі соны жаңалықтарды терді, қалың бұқарамен кездесті, мұң мұқтажын тыңдады. Ауыл-ауылды, қала-қаланы адақтады. Қоржын-қоржын жинағанын қалың ел назарына паш етті. «ЕлАнаның» басты көздегені ел тыныштығы, ынтымағы, бірлігі болды, имандылық нұрын шашты. Ұлттық мүддеге, тіл майданына, жер мәселесіне батыл үн қосты, әлсіздерге шырылдап ара түсті, қараң күштілерге айбат шекті. 30 мың, 50 мың, 100 мың, 150 мың… оқырман саны осылай қарыштап өсті. Танымалдылығы еселеп артты.
Қадірлі оқырман! Иә, осы әз-Наурызда сіздің «ЕлАнаңыз» бір жасқа келді. Құтты болсын! Оқырман гүл жаудырып жатыр. Қалың елі ризашылық маржан сөздерін төгіп жатыр. Сіздерге мың алғыс! Тауық жылында еліміз сергек, еңбекқор болсын! Егініміз бітік, мұнайымыз өзен, зауытымыз нөпір, шекарамыз берік, бір-бірімізге дос, серік, қыздарымыз көрікті, жігіттеріміз бөрікті, қоржынымыз тоқ, қайғымыз жоқ, Астанамыз асқақ, қазағымыз абыройлы, қазанымыз қайнаулы, өміріміз жайнаулы болсын! Наурыздан наурызға жете берелік! Ұлымыз отыз, қызымыз қырық үйден тыюлы, тәрбиелі, иманды, рухты, намысты, бақытты өмір кешсін! Әмин!
Зор құрметпен, Сәуле Мешітбайқызы
«ЕлАна» қоғамдық-танымдық сайтының бас редакторы,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері