Сіз білуге тиіс 100 сүннет
- Құран әдебін бойына сіңіріп, соған сай өмір сүру.
- Әр істі «бисмилләмен» бастау.
- Сәлем беру және сәлемге жауап қайтару.
- Адамдармен қол алысу, қажет болса құшақтасу.
- Адамдардың хал-жағдайын сұрау, амандық- саулық сұрағанға жауап қайтару.
- Қай жерде немесе қай жаста болмасын ілім үйрену.
- Үйренген ілімін адамзаттың пайдасына қолдану, оларды басқаларға үйрету және білген ілімдерін бөлісу.
- Бір хабарды жеткізгенде сүйіншілеу және жеңілдету.
- Адамдардың істеген нәрселерін ниеттеріне қарай бағалау.
- Жастық шақтың қадірін білу.
- Уақытты бағалай білу.
- Денсаулықтың қадірін білу, рух және дененің саулығын қорғау, денсаулыққа зиян тигізетін нәрселерден сақтану.
- Аурудың емін іздеу.
- Адамдардың әрдайым қолданысына жарайтын еңбектер жазып, қайырлы, пайдалы мирас және өшпес үлгі қалдыру, еңбек ету мен жақсы әдетті дамыту.
- Өзінің мамандығының шеңберінде ғана сөз сөйлеп, жұмыс істеу.
- Халықтың Исламның негізгі қағидаларына қайшы келмейтін әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қолдап, оны әрі қарай жандандыру.
- Бір қателікті екі рет қайталамай ақылдылықпен, парасаттылықпен әрекет ету.
- Екі күні бір-біріне ұқсамай, үнемі алға жылжуға және өзгеріс енгізуге тырысу.
- Сөйлегенде байсалдылық танытып, қанағаттанарлық дәрежеде сөйлеу.
- Пайдалы сөз сөйлеу не болмаса үндемеу.
- Нақты әрі түсінікті тілде және қасындағы адамның дәрежесіне қарап сөйлеу.
- Кішіпейіл, инабатты болу.
- Жылы жүзді болу.
- Аз күлу.
- Қорқақ болмау, батыл бола білу.
- Мұсылмандарды бауыр санап, олардың қуанышымен бірге қуану, мұңлы және қайғылы сәттерін бірге бөлісу.
- Адамдардың бәрін бірдей Алланың жаратқан құлдары деп білу, оларды құрметтеу және оларға сүйіспеншілікпен қарау.
- Табиғаттағы тіршілік иелерін және жан- жануарларды қорғау.
- Үлкендерді құрметтеп, кішілерге мейірімділік пен қайырымдылық көрсету.
- Үш күннен артық ренжімеу және ренжіскендердің арасын татуластыру.
- Ағайын-туыстарғажәнежора-жолдастарға барып тұру.
- Уәдесіне берік болу; ағайын-туыс, жора- жолдастармен қарым-қатынасты үзбеу.
- Балаларға жақсы ат қою.
- Дүниеге келген бала үшін шүкір құрбандығын (ақиқа) шалу.
- Жеті жастан кейін балаларға дінді үйрету.
- Балалардың арасын бөліп-жарып қарамау.
- Отбасының тәртібі мен тұрақтылығына мән беру; ерлі-зайыптылардың бір-бірінің құқықтарына құрмет көрсетулері; отбасын басқаруда отағасының белсенді рөл атқаруы.
- Ерлі-зайыптылардың бір-бірлерін жақсы көріп, құрмет көрсетулері және бір-бірлерінің ар- намыстарын, абыройларын қорғаулары.
- Ауруларды зиярат ету.
- Қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айту.
- Көршілерге қарайласу.
- Кейбір намаздарда парыздан бұрын, кейбіреуінде парыздан кейін сүннет намаздарын оқу, мүмкіндігінше нәпіл намаздарды оқуға тырысу.
- Мүмкіндігінше жамағатпен намаз оқуға тырысу.
- Дәретпен жүру.
- Адамдарды жиіркендіретін лас, жағымсыз иіс, ұнамсыз көрініс, киім және жаман іс- әрекеттер мен сөздерден сақтану.
- Дұға жасағанда қолды көтеру және бет сипау.
- Дүйсенбі күндері ораза ұстау.
- Адамдарға Исламды жеткізгенде әдептілік пен сыпайылық танытып, түсіністікпен қарап, бірбеткейліктен аулақ болу.
- Адамдардың қажеттіліктеріне қол ұшын беру.
- Басшылардың әділетті, сөздеріне берік, мейірімді болулары және төңірегіндегілермен ақылдасулары.
- Нәсіл, дін, діл, қоғам, заң, экономика, ер- әйел, бай-кедей деп бөліп-жарып қарамау, осылай жасағандарды қоғамнан алыстату.
- Ең қиын шарттарда және уақыттарда болсын қорқақтық танытпау.
- Қиыншылық пен жоқшылыққа қарсы күресе білу.
- Тура сөзді болу.
- Сенімді болу.
- Сөзінде тұру.
- Саудаласып қойған сауда ісіне килігіп, араны бұзбау.
- Пара алмау, пара бермеу.
- Бөтен үйге рұқсатсыз кірмеу.
- Бөтен үйдің есігін үш рет қағу немесе қоңырау тетігін үш қайтара басу.
- Отырғанда әдебіне сай сыпайылықпен отыру.
- Шақырылған жерге бару.
- Сыйлық беру, берілген сыйлықты алу.
- Тамақ жегенде асықпай сіңіре отырып жеу және өз алдынан жеу.
- Суды үш реттен ұрттап, мүмкіндігінше отырып ішу.
- Бір нәрсе жеп жатып сөйлемеу, әлдекім жеп жатқанда аузына қарамау.
- Адамдармен сөйлескенде жүзіне қарау.
- Кешірім сұрау, кешірімді болу.
- Кешірімшіл болу, өш алмау.
- Ашуланғанда өзін ұстай білу.
- Адамдарға және жануарларға қиянат жасамау.
- Адамдарды шектен тыс көздерінше мақтамау.
- Кішіпейіл болу.
- Тіліне ие болу, ғайбаттан, жалақорлықтан, өсек айтудан сақтану.
- Балағаттамау және жаман сөз сөйлемеу.
- Ешкімге қарғыс айтпау, қарғыс айтудан және қарғысқа ұшыраудан сақтану.
- Қанағатшыл болу, өзіне жетерлік нәрсеге қанағат етіп, қолында барына разы болу.
- Ұятты, әдепті және арлы болу.
- Әлдекімнің сұранысын қабылдамағанда, сыпайылық танытып жұмсақ тілмен жеткізу.
- Биязы және жанашыр болу.
- Қонаққа жақсы қарым-қатынас көрсетіп, оны күту.
- Әлсіздің және жапа шеккен адамдардың жанында болу.
- Жетімдерге, жесірлерге, кедейлерге, жолда қалғандарға, әлсіз және ешкімі жоқтарға, аш қалғандарға қолдау көрсетіп, жәрдем беру.
- Адамдардың мұқтаждықтарына қол ұшын созып көмек көрсету. Қарыз болған кісіге, тұтқынға және өзгелердің бодауына түскендердің құтылуына жәрдем беру.
- Жолды білмегендерге жол көрсету.
- Кемтарларға, мүгедектерге бас- көз болып, қамқорлық жасау.
- Сыртқы келбетіне мән беру.
- Өте сәнді және көз тартарлықтай киінбеу, қарапайым киіну.
- Қалай болса солай киініп халықтың арасына шықпау.
- Жұмысшыға маңдай тері қатпай тұрып ақысын беру.
- Кісінің өз шаруасын өзі істеп, басқаларына жүк болмауы.
- Кез келген уақыт және кез келген істе орта жолды ұстанып, шегінен шықпау және шегінен тым азайтып та жібермеу.
- Қоғамдық тәртіпке зияны тиетін іс- әрекеттерден сақтану, осылай жасаушылардан сақ болып, оларға қарсы күресу.
- Өзіне қатысы жоқ істерден бойын аулақ ұстау.
- Басқаларға зиянын тигізбеу.
- Өзіне қалаған нәрсені басқаға да қалау.
- Түшкіргенде «әлхамдулиллә» – деп айту. Мұны естіген адам түшкірген кісіге есендік тілеп, лажы болса «ярхамукаллаһ» деп айту, түшкірген кісіге де «яһдини уа яһдикумуллаһ» – деп жауап қайтаруы қажет.
- Есінегенде ауызын жабу.
- Ағаш егу.
- Құран Кәрім, Қағба, құбыла, мешіттер, азан, қажылық жасалатын жерлер, құрбан шалу, сүндетке отырғызу сияқты Исламның нышандары мен рәміздерін (шеәйри – Ислам) қорғау, өмір сүруін қамтамасыз ету, басқа дінжәне сенімдердің рәміздерін тақпау.
hibatulla.kz