Елімізге танымал дəрігер-ғалымдар Оңтүстікке келді

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласына арнайы келген еліміздің бас урологы, медицина ғылымдарының докторы,  профессор, «Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» АҚ бас директоры М. Алшынбав, Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының академигі М.Зельцер,  Кардиология және ішкі аурлар Ғылыми зерттеу институтының  директоры, профессор С.Беркінбаев,  Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі ұлттық орталық директоры, Ж.Баттақованы  қабылдады.

Білікті дәрігерлердің Оңтүстікке жасаған іс-сапарының негізгі мақсаты -республикадағы ер азаматтардың денсаулығының қазіргі жағдайын баяндау, урологиялық ауруларды ерте кезеңде алдын алу және халықтың өз денсаулығына қатысты мәдениетін  қалыптастыру. Сондай-ақ  жергілікті дəрігерлермен  тəжірибе бөлісіп, біліктілігін көтеру.

«Бүгінде халық  денсаулығы медициналық проблема шеңберінен шығып, мемлекет пен жеке тұлғаның ықпал етуін талап етіп отырған әлеуметтік мәселеге айналды.  Түрлі аурулардың белең алуына жергілікті ақ халаттылар да бей-жай қарап отырған жоқ. Дегенмен өздеріңіздей білікті мамандармен тәжірибе алмасып шеберліктерін шыңдап жатқанығы қуантарлық жайт»,-деді облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы .

Тәжірибелі дәрігерлер ерлер денсаулығы жайында  Шымкентте шеберлік сыныптарын өткізіп жатқандықтарын  жеткізді.

Білгенімен бөліскен ақ халаттылар қазіргі таңда ерлер арасында простатит, жыныс безінің зарарсыз гиперплазиясы, эректильдік дисфункцияға жүрек-қан тамырлар жүйесінің аурулары көп кездеседі дейді. Өкінішке қарай, отбасын құрған әрбір бесінші ер азамат белсіздікке ұшырайды екен. Әйелдерге қарағанда,  ер азаматтар  дәрігерге  3 есе  сирек   қаралады,  осыған байланысты  аурудың ерте сатысында  қаралмай, асқындырып алады.  Нәзік жандылармен  салыстырғанда  еркектер 3 есе  жоғары  жүрек ишемиялық ауруына ұшырайды және 6 есе  жоғары  қан диабетімен ауырады. Соңғы 5 жылда еркек безі обырының нәтижесіндегі өлім-жітім көрсеткіші сүт безі обырының нәтижесіндегі өлім-жітім көрсеткішімен салыстырғанда екі есеге артқан.

Сондай-ақ кездесуде Алматы қаласынан келген профессорлар жергілікті мамандармен бірігіп жағдайы ауыр бірнеше науқасқа жаңа технологияның көмегімен сәтті ота жасағандықтарын  баяндады. Танымал дәрігерлер облыстық клиникалық  аурухана мамандарының біліктілігін жоғары бағалап отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі