Тың игеру науқаны: күнгейі мен көлеңкесі
Өткен ғасырдың 50-жылдары кеңестік елдерде, соның ішінде Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны КСРО ғана емес, бүкіл дүние жүзінің ауыл шаруашылығында орын алған үлкен серпіннің бірі болатын. Осыдан тура 60 жыл бұрын орманы жайқалған, өзен-көлге бай, аң-құсы сайран салған еліміздің солтүстігіне жаппай соқа түсе бастады. Кеңестер одағы бойынша 7 жыл ішінде 41,8 миллион гектар жер жыртылса, оның 25,5 миллионы біздің елімізге тиесілі еді. Қостанай облысы Қазақстанның ең ірі астықты аймағына айналды. Ресей, Украина, Белорус қатарлы Кеңестік республикалардан партия нұсқауымен Қазақ жеріне аяқ басқан алғашқы тың көтерушілердің аяғы бүгінде сексенге келіп отыр.
Алты онжылдықты артқа тастаған осы бір тарихи кезең туралы аз жазылған жоқ. Осы тақырыпқа біз де қалам тербеп отырмыз. Мәселе тың игеру жөнінде жаңалық ашу емес, өзіміздің тарапымыздан жүргізілген зерттеуді назарларыңызға ұсынбақпыз. Себебі, бұрын ел көзінен тасада «құпия» саналған, қазір жария кейбір мәлімет қолымызға тигесін, соны оқырманмен бөліскенді жөн көрдік.
Екіншіден, қазір тың игеру туралы жазарда, әлі күнге кеңестік біржақты пікірден арылмай келеміз. Тың эпопеясы еліміздің экономикалық әлеуетін көтергенін, ауылдардың еңсе түзеп, жастардың еңбекке деген құлшынысын, жігерін арттырғанын жоққа шығармаймыз. Алайда асығыс жүргізілген науқанның көлеңке жақтары әлі де аталмай келеді.
Әр жылдары тың игеру тарихы жайында жарық көрген кітаптар мен баспасөз беттеріне жарияланған мақалаларды негізге ала отырып, Қостанай облысының мұрағатында сақталған деректер бойынша әзірленген өңірдің өткен ғасырдағы жағдайы жөнінде жазылған аз-кем дүниемен таныса отырыңыздар, құрметті оқырман.
Тың игеру тарихына үңілсек
1953 жылғы қыркүйекте өткен КОКП ОК Пленумы ауыл шаруашылығында орын алған жағдайға талдау жасап, оның даму болашағын анықтады. Бұл КОКП ОК-нің бірінші хатшысы болып Н.С.Хрущев келгеннен кейін қолға алынған науқан. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылық саласына көп көңіл бөліне бастады. Колхоздарға біраз дербестік берілді, ауыл-село еңбеккерлерінің өнім өндіруге деген материалдық ынталылығы арттырылды, ауыл шаруашылық өнімін дайындау және сатып алу бағасы көтерілді, аграрлық секторды техникамен жабдықтау біршама жақсарды, онда электр қуаты кеңірек қолданатын болды, колхоздар мемлекетке төлеуге тиісті қарыздарынан босатылды. Бірақ елде қалыптасқан басқару жүйесі ауыл шаруашылығының дамуын экстенсивті жолмен жүргізе берді. Азық-түлік тапшылығын шешу, астық өндіруді арттыру мақсатында тың және тыңайған жерлерді игеру идеясы пайда болды.
1954 жылғы ақпан-наурыздағы КОКП ОК-нің Пленумы «Елімізде астық өндіруді одан әрі арттыру, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» қаулы қабылдады. Қазақстандағы тың жерлерді игеретін аудандар болып Көкшетау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Торғай, Павлодар облыстары болып белгіленді.
1954-1959 жылдары тың және тыңайған жерлерді игеруге 20 млрд. сом жұмсалды. 1954-1962 жылдары республикаға 2 миллионға жуық тың көтеруші келді, оның ішінде механизаторлар мен партия, кеңес, ауыл шаруашылығы мамандарының саны 600 мыңнан асты. Басқа республикалардан келгендердің әр отбасына 500-1000 сом мөлшерінде бір реттік көмек көрсетілді, 10 жылдық мерзімге үй салу үшін 10 мың сом несие берілді, оның 35 пайызын мемлекет төледі. Бұдан басқа да материалдық, азық-түлік көмектер берілді, ауылшаруашылық салығынан босатылды.
Қостанай – алтын астық аймағы
1954 жылы 23 ақпанда Украинадан шыққан құрамында 94 ерікті бар алғашқы эшелон 28 ақпан күні Қостанай жеріне келіп жетті. Мұрағатта осы топтың Украинадан аттанғаны жөнінде хабарланған жеделхат сақтаулы. Міне, содан бастап 1956 жылға дейін өңірімізге 40 ұлттың 150 мың өкілі қоныс аударған. Науқанның жеті жылында облысымызда 140 кеңшар бой көтерсе, жаңадан Қамысты, Октябрь аудандары орнады. Қазақстан картасы Рудный қаласымен толықты. Облыстық депутаттар кеңесі 1954 жылдың 11 тамызында Соколов тау-кен байыту комбинаты елдімекенінің жобасын бекіту туралы шешім қабылдады. Керісінше, Қостанай облысының Введен ауданы таратылып, оның жері Қостанай және Меңдіқара аудандарының аумағына біріктірілді.
Тыңның алғашқы жылдары диқандар үшін ауыр кезең болды. Әсіресе, 1955 жылғы қуаңшылық салдарынан біраз дәнді алқап егін жинау жоспарынан алынып тасталған. Қостанай облыстық жұмысшы депутаттары кеңесінің атқару комитеті осы жылдың 7 қазанында қуаңшылық салдарынан күйіп кеткен жаздық бидай, күздік қарабидай, арпа, жүгері, қарақұмық, бұршақ, сұлы, тары және басқа да көкөніс-бақша өнімдерінің алқаптары бар барлығы 462036 гектар жерді егіс алқабы есебінен шығару туралы шешім қабылдаған. Осы жылы республикада 475 млн. пұт астық жиналды. Дегенмен 1956 жыл еліміз үшін, облысымыз үшін табысты жыл болды. Республика миллиард пұт астық берген сол жылы аймағымыз мемлекетке 278 млн. пұт алтын дән тапсырды. Мұрағат құжатында өңіріміздің кеңшарлары мен ұжымшарлары мемлекетке 4453220 тонна (негізгі цифрдың үстін қаламмен сызып, оның төменгі жағына 4457500 тонна деп қолмен жазып қойған – автор) нан тапсырған делінеді. Бұл атақты Нұрқан ақынның:
«Асыл дән жер астына жатты жылжып,
Тың жердің тың қорегін жұтты қылғып.
Шайқалған шалқар теңіз толқынындай,
Ақ бидай алқаланып ақты мүлгіп…» дейтін өлеңінің айтылған дәуірі.
Тәртіп тоғышарды тәрбиелей алды ма?
Кеңес үкіметі тоғышар, жатыпішер, қоғамға зияны тиетін, қылмысты болғандармен аз күреспеді. 1954-1955 жылдарда Қазақстанға келген 650 мың тың игерушінің 150 мыңы ғана механизатор екен. Соның салдарынан көптеген тәртіп бұзушылықтар, қылмыстар болып тұрды. Осы жөнінде мұрағатта төмендегідей құжаттармен таныстық.
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1958 жылғы 21 ақпан күнгі қаулысына (құпия) сәйкес (Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.Қонаев қол қойған) жер аударылған қоғамға зияны бар, арамтамақтарды Қостанай облысының Аманкелді, Жанкелдин аудандары мен Рудный қаласына орналастыру туралы шешім қабылданған. Аталған аудан-қала басшыларына жер аударылғандарды баспана, тұрмыстық қажеттілікпен қамту туралы міндеттер жүктеліпті. Ал сол жылдың 25 маусым күні Қостанай облыстық жұмысшы депутаттары кеңесінің атқару комитеті кеңестік басқа республикалардан жер аударылып келгендерді «Қазақ КСР-нде қоғамға зиянды, арамтамақ элементтермен күресті күшейту» заңына сәйкес Қамысты, Жітіқара, Октябрь аудандарына қоныстандыру туралы (құпия) шешім қабылдаған. Аталған аудандардың кеңшар директорлары мен кәсіпорын және құрылыс жетекшелеріне жер аударылғандарды жұмысқа орналастырып, қажетті жағдай жасауын қадағалау тапсырылды. Кеңшар, мекемелер қоныс аударушыларды өз көлігімен жеткізіп алуға міндеттерді орындады. Құқық қорғау, ішкі істер органдары да қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қатаң тапсырмалар алды.
Тың игеру науқанына жастар комсомолдық жолдамамен немесе өз еркімен ғана келген жоқ. Олардың арасында бұрын қылмысты болғандар, басбұзарлар, соғыс жылдарында сатқындық жасағандар да бар. Мәселен, тек 1959 жылдың тамызынан 1960 жылғы ақпан аралығында Қостанайдағы №4 колонияда отырған 1058 адамның жазасы жеңілдеп, абақтыдан босап, кейбірінің соттылығын жою туралы шешім шығарылыпты. Байқап отырсақ, қамаудағылардың дені бұрын сотты болғандар және олардың басым бөлігі Кеңестік елдердің, әсіресе, Ресейдің тумалары болып шықты.
Науқан жүргізілген жылдары, әсіресе, облысымыздың ішкі істер қызметінде дамыл болмапты. Өңіріміздегі милиция қызметкерлерінің табандылығы туралы облыстық ІІД мұражайының жетекшісі, ішкі істер қызметінің подполковнигі Павел Щедриннен естідік. Сол жылдары ірі мөлшерде ұрлық, тонау, алаяқтық әрекеттер көп орын алған. Тіпті, милиция қызметкерлері бірнеше адамнан құралған қылмыстық топтың мемлекетке 50 мың сом залал келтірген ісін әшкерелеген. Қатарынан 15 пәтер тонаған топ та жазасыз қалмапты. Аманкелді өңірі 1954 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде интернаттың 50 оқушысын, колхоздың 20 отбасын, 3 отар қой мен табын жылқыны құтқару кезіндегі милиция лейтенанты Т.Айдаболовтың ерлігін ұмытпайды.
Тарих – бұрмаланбайтын дүние
Тың игеру жылдары республикада қазақтың ежелгі түлігі – жылқы саны күрт кеміп,
керісінше шошқа басы 4 еседен астам өсіп, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Көкшетау облыстарында ерекше қарқынмен жүрді. Саяқты малдар азайып, даланы еркін кезген аңдар басқа жаққа ауып кетті. Қазіргі таңда киік егінді өңірлерде кездеспейді, ал құлан тек жекелеген қорықтар мен ұлттық парктерде ғана сақталып отыр. Тіпті, Қамбар ата тұқымын егінді таптайды деген желеумен азайту жүзеге асырылғаны белгілі. Соның бір көрінісі ме, кім білсін, бірақ 1958 жылдың 18 қыркүйегінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі еліміздің кеңшар, ұжымшарларынан Қытай Халық Республикасына 3500 бас жылқы жөнелту туралы жарлық шығарып, оны орындау Ауыл шаруашылығы министрлігінің мойнына жүктеліпті.
Түсініксіз жағдайда, астыртын іске асырылған тапсырмалар да жоқ емес. Соның бір көрінісі, тың игеру науқанымен қатар, елде түрлі қорғану жұмыстары кеңінен жүзеге асырылып, оған арнайы қаражат та бөлініп отырыпты. Мәселен, елде жаппай қырып-жою іске асырылған кезде халыққа қажетті медициналық көмек көрсету туралы қаулы бар. 1958 жылдың 20 қаңтарында аса құпия түрде қабылданған мұндай шешім туралы мәлімет те қолымызға тиді. Онда барлық құтқару, дәрігерлік көмектермен қатар, азаматтарды өзін өзі қорғауға, санитарлық жасақ, санитарлық бекеттер, іздестіру топтарын құруға үйрету қатарлы науқандар қолға алынады. Атомға қарсы қорғану мәселесі Қызыл Крест ұйымының облыстық комитеті мен ДОСААФ-қа (Армия, авиация және флотқа қол ұшын созатын ерікті ұйым) жүктелген.
Тағы бір жайт, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1958 жылғы 24 қараша күнгі қаулысына (құпия) сәйкес өңіріміздің оңтүстік шалғайындағы Жанкелдин, Аманкелді аудандарынан КСРО Қорғаныс министрлігіне 999,8 мың гектар жерді бөліп беру жөнінде қаулысы жарияланыпты. Бұл жер аумағының орнына 726 гектар жерді беру туралы шешім шығарылған.
Ұлттығымызға сызат түсірген науқан
Тың игеру науқаны кеңес халқын еңбек етуге баулып, азаматтардың идеологиялық ұстанымына үлкен әсер еткені соншалық, Қазақ жері өкінішке қарай көптеген жер-су аттарынан айырылды осы жылдары. 1954-1964 жылдарда тың өлкесі құрамына енген 5 облыстың (Ақмола қаласын Целиноград және аудандық, облыстық атауларды қоспағанда) екі жүзден астам селолық және ауылдық кеңестердің атаулары орыс тіліне өзгеріп кеткен. Қынжылтатыны, қазіргі уақытта көп жағдайда облыстық ономастикалық комиссия атқара алмай отырған шаруаны сол кездегі комсомол жастар кеңесі шешіп тастап отырды. Тарихи құжат өтірік сөйлемейді, 1955 жылдың 1 шілдесінде Семиозер (қазіргі Әулиекөл) ауданы Жекекөл ауылын «Волга» кеңшары деп ауыстыру туралы орыс тілінде жазылған деректі мағынасына қарай аударсақ:
«Жекекөл астық кеңшарында Горький қаласы мен Горький облысынан (қазіргі Ресейдің Нижегород облысы) келген мамандармен толыққандықтан, ауылдың комсомол жастар кеңесі Қостанай облыстық жұмысшы депутаттары кеңесінің төрағасынан Жекекөл кеңшарының атауын «Волга» кеңшары деп өзгертуді сұрайды» делінген. Қарап отырсаңыз, құрамында 20-30 мүшесі бар комсомолдардан бүгінгі жастар үлгі алса ғой!
1954-1962 жылдыры елімізге сырттан 2 млн. адам келді. Қазақтар республика тұрғындарының үштен бірінен де аз болды. Мысалы, 1897 жылғы санақта 85 пайызды құраған байырғы ұлт болса, 1962 жылы 29 пайызды ғана құрады.
Қазақ тарихындағы тілімізді жойып жібере жаздаған кезең – тың игеру науқанынан кейін басталды. Деректерге қарасақ, 1954-1986 жылдар, яғни, алғашқы тың көтерушілердің жаппай аяқ басқан жылдарынан бастап елімізде алты жүзден астам қазақ тілді мектептер жабылған екен. Олардың ауданды бөлігі астықты солтүстік өңірлерде орын алғаны айдан анық. Қостанай облысы да осы бір солақай науқанның ортасында қалған аймақтың бірі. Қостанай облыстық жұмысшы депутаттары кеңесінің атқару комитеті 1954 жылы 19 тамыз күні жаңадан бой көтерген кеңшарларда мектептер ашып, олардың жаңа оқу жылына дайындығын қадағалау туралы шешім қабылдап, бұл тапсырманы орындау барлық аудандарға жүктелді. Әрине, Ресей, Украина, Белорус, басқа да кеңестік мемлекеттерден келгендерге жергілікті билік қазақ тілінде мектеп ашып бермегені анық.
Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны жаңа замандағы тарихымызда ең көп жазылған тақырыптың бірі шығар. Қаламгерлеріміз әлі де жазып жатыр, жаза береді. Биыл Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ауыл шаруашылығы науқанының 60 жылдығына орай «Астықты алқапқа айналған дала» атты библиографиялық әдебиет көрсеткішін шығарды. Айтпақшы, облыстық жұмысшы депутаттары кеңесінің атқару комитеті 1954 жылдың 14 сәуірінде «Сталинский путь» (қазіргі «Костанайские новости») және «Коммунизм жолы» (қазіргі «Қостанай таңы») газеттеріне көктемгі егістікте ерекше көзге түскен тың игерушілерді, озат ұжымшар, кеңшарларды құрмет тақтасына жазуды міндеттеген қаулы бар екен.
Ел арасында «адамдар тыңды көтерді, тың адамдарды өсірді» деген сөз бар. Қаншама жас бақытын біздің өлкемізден тапты. Қостанай облысы Ж.Демеев, А.Исаков, И.Рудской, К.Дөненбаева, В.Сидорова, Г.Косьма, М.Демченко, Б.Климов, Д.Берлин қатарлы 117 Социалистік Еңбек Ерімен мақтана алады. Олар ұрпаққа енжарлықтан ада, еңбекке үйір болу, қиындыққа мойымау, ертеңге сенуді үлгі-өнеге ете білді. Қалай болғанда да, біз оларға қарыздармыз.
Қыдырбек Қиысханұлы, тарих магистрі,
Қостанай.