Ұлттық музейде қос кітаптың таныстырылымы өтті (Фото)

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Қазақ елінің көрнекті әйелдері: Арман алға жетелеп» және «Жетістік энциклопедиясы» атты кітаптардың тұсау кесер рәсімі өтті деп хабарлайды музейдің жұртшылықпен байланыс бөлімі.

Шарада сөз алған Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Жакен Таймағамбетов: «Бүгінгі кітаптар біздің жастарға алдыңғы буынның өмір жолынан үлгі алып, патриоттық рухта тәрбиеленуге мүмкіндік береді. Осындай кітаптарды жарыққа шығару арқылы біз өз тарихымыз бен тарихи тұлғаларымыз жайында толығырақ мәлімет ала аламыз. Аталған басылымды шығаруды қолға алып отырған авторлар ел ертеңі үшін құнды мәліметті жинап, ұрпаққа мұра етіп қалдырып отыр. Сол үшін де осы идеяның авторларына алғыс білдіргім келеді» – деді.

d4s_0062

«Арман алға жетелеп» және «Жетістік энциклопедиясы» атты басылымдардың шығуына мұрындық болған «Bg-print» баспасының директоры Бабулова Гуля: «Біз бүгінгі кітапқа еліміздің түкпір-түкпіріндегі, қызметтің әр саласында жүрген азаматтар мен азаматшаларды енгізіп отырмыз. Олардың барлығын бір арнаға тоғыстырған – жетістікке жетуге деген құлшыныс пен еңбекқорлық. Сол арқылы біздің кітаптардың кейіпкерлері өздерінің елден ерек екенін дәлелдеді. Сол үшін де біз аталған кітаптарды шығарып отырмыз» – деп, басылымдарды шығарудағы мақсаты төңірегінде айта кетті.

d4s_0021

«Қазақ елінің көрнекті әйелдері: Арман алға жетелеп. Выдающиеся женщины Казахстана: Созидая мечту» кітабын шығарудағы басты мақсат – қазақстандық әйелдердің еліміздің тәуелсіздік алуы мен мелмекеттілігін қалыптастыруға қосқан үлесі жайлы құжаттық куәлік қалдыру. Басылымға Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен, саясат пен бизнесте, қоғамдық өмірде, білім мен спортта, өнер саласында, білім беру және медиация саласында жетістіктерге жеткен әйелдер туралы очерктер енгізілген.

d4s_0225

«Жетістік энциклопедиясы. Энциклопедия успеха» атты иллюстрацияланған ақпараттық альманах Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған. Басылымда Ұлы Отан соғысының батырлары, саясат пен бизнес, қоғамдық өмір, ғылым мен спорт, өнер, білім беру салаларында жетістіктерге жеткен ер азаматтар туралы очерктер бар.

Шараны Ұлттық музейдің Ғылыми кітапханасы ұйымдастырды.