«ЭКСПО-ға» әркімнің-ақ бар таласы…

ЭКСПО көрмесінің түндігі түріліп, есігін айқара ашуына бақандай 65 күн қалыпты. Таңның атысы, кештің батысы қас қағым сәтке айналып кеткен ағыны қатты сағаттар мен минуттар айды айға, жылды жылға жақындатумен бірге атақты көрменің де басталуына аз қалғанын дабылсыз-ақ білдіріп отыр.

Дегенмен, толғағы жақындаған сайын үрейі еселенетін жүкті әйел секілді тұтас қазақ халқы «ЭКСПО — 2017» көрмесінің басталар шағы төбе көрсеткеннен түн ұйқысын төрт бөліп жүр. Бәрінің де басында жедел салынған сәулетті нысандар құлап қалмаса екен, көрме тыныш өтіп, мерейіміз тасып, абыройымыз өссе екен деген ой жоқ емес. Әзірге жүрегіміздің қағысын он шақырымнан білетін Ахметжан Есімов бастаған «Астана ЭКСПО — 2017» ұлттық компаниясы АҚ-ның мамандары «бәрі жақсы болады» деп бізді жұбатып отыр.

Естеріңізде болса, ақпанның аяғында 100-ден аса мемлекеттен келген 326 делегаттың басы қосылған көрме алдындағы үшінші іргелі жиын ел ордасы Астанада өткен болатын. Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталестен бастап, кілең ығайлар мен сығайлар қатысқан жиыннан кейін ұлттық компанияның қоғаммен байланыс департаментіне сауал жолдаған болатынбыз. Наурыз мерекесі алдында поштамызға келген мамандар жауабын «ештен кеш жақсы» дегендей, сәуірдің басында назарларыңызға ұсынбақпыз. «Өткен үшінші жиыннан не түйдіңіздер?» деп басталған сауалымызға көрме мамандарының жауабы төмендегідей:

— «ЭКСПО — 2017» көрмесіне қатысушылардың үшінші жиналысы жұмысының екінші күні көрме нысандарына экскурсия жүргізілді.100 елден келген делегаттар құрылысы 100 пайыз аяқталған павильондарды аралады. Олар Астанада өтетін ірі халықаралық шараның дайындық жұмыстарына жоғары баға берді және құрылыс ауқымы мен нысандардың дизайнынан ерекше әсер алғандарын баса айтты. 20 мемлекет өз павильондарын қабылдап алып, сол кезде-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісіп кетті. Сонымен бірге шара аясында Сербия, Ұлыбритания, Өзбекстан, Ангола сынды тағы 14 мемлекетпен павильондарды беру және қабылдау бойынша актілерге қол қойылды. Одан бөлек, делегация «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін Бірыңғай қызмет көрсету орталығына барды. Мұнда визалық қолдау, салық, банк, сақтандыру қызметтері т.б. қызметтің 12 түрі көрсетіледі. Түрлі елдің өкілдері өздерін қызықтырған мәселелер бойынша консультациялар алды. Ерекше айта кететіні, қазір 115 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым ЭКСПО көрмесіне қатысатындығын ресми түрде растап отыр.

Мамандар жауабынан бір байқағанымыз — 2 миллион адам келеді деп күтілген көрмеге қатысушы көптеген мемлекеттер өз жұмыстарына қызу кіріскен. Мәселен, құрылыс жұмыстары толығымен бітсе, қалған екі айдың еншісіне «ЭКСПО — 2017» көрме кешенінің аумағын көркейту жұмыстары қалып отыр. Сонымен қатар, жаңалықтың жаршысы болған журналистер қауымына арналған медиаорталықтың жұмыс істеуі маңызды дейді мамандар. Әрине, оның жайы айтпаса да түсінікті. Қауіпсіздік жағы күллі әлемнің ең бірінші болып бас қатыратын мәселесі болса, құжынаған халық тоқсан күн толассыз ағылатын көрменің қауіпсіздік жүйесі де басты назарда. Байқасаңыздар, соңғы жылдары отандық өнім, төл өнімдеріміз туралы көп айтылып әрі жазылып жүр. Бұған да халықаралық көрменің әсері бар сияқты. Ұлттық компанияның мамандары біздің кезекті сауалымызға былай деп жауап қайырды:

— Президент ЭКСПО объектілерін салу кезінде қазақстандық тауарларды тұтынуды, көрмені отандық жабдықтармен қамтуды барынша жоғарылату міндетін қойды. 2015 жылы ұлттық компания қазақстандық аймақтармен «ЭКСПО — 2017» көрмесіне отандық мазмұнды енгізу мақсатында іргелі шараларды белсенді түрде атқаруды бастаған болатын. Наурыз айының басындағы ақпаратқа сүйенсек, көрме объектілерін салуға 367 отандық тауар өндірушілер қатыстырылды және 52,9 млрд. теңгеге шарт бекітілді. Құрылыс объектілерінде 10 мыңнан астам қызметкер жұмыс істесе, осыған қоса 40 мың адам ЭКСПО объектілеріне тауарлар мен қызметтер көрсетуге қатысатын бүкіл Қазақстан кәсіпорындарында жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, жоба бюджетін оңтайландыру бойынша үлкен жұмыс атқарылып, нәтижесінде үнемдеу 302 млрд. теңгені құрады. Бұл жағдайда көрме функционалы сол күйі сақталды. Бұдан басқа 211 млрд. теңге инвестициялар тартылды. Тек инвестициялық жобалар есебінен 6 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Әңгіме басында үшінші жиынға кіл мықтылардың қатысып, көрменің қазіргі жағдайымен қонақтардың да танысқанын тілге тиек еттік. «Астана ЭКСПО — 2017» АҚ мамандарынан «Шетелдік сарапшылар бұрын өткен ЭКСПО көрмелерінен біздің жобаның қандай айырмашылығы, ерекшелігі бар деп жатыр?» деген қорытынды сауалымызға мынадай жауап алдық.

07-10-2015

— Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес Астанадағы «ЭКСПО — 2017» көрмесіне дайындықты жоғары бағалады. «ЭКСПО ұйымдастыруына жауапты адамдардың жауапкершілігі ұнады. Комиссарлар мен олардың отбасыларына дайындалған пәтерлер де ұнады. Коммуникациялар мен қолайлы жағдай, безендіру, қызмет көрсетудің сапасы жоғары деңгейде. Ең бастысы, аталмыш үйлер көрме алаңынан алыс емес», — десе, тағы бір сөзінде В.Лоссерталес:

«Біз нысандарды араладық, инновациялық инфрақұрылым ғана емес, павильондардың сапасы мен нысандарға тиесілі мәдениет те барлық стандартқа сай болып отыр. Меніңше, бұл ЭКСПО-дағы 25 жылдық жұмысымдағы ең үздік жоба», — деп қуана айтты. Ал итальяндық бизнес өкілі Марко Беретта «Астана ЭКСПО — 2017» көрмесіне қатысқалы жатқанына қуанышын білдіріп, Миланда 2015 жылы өткен ЭКСПО-мен салыстырды.

h9ic_00m_400x400
                    Марко Беретта

— «ЭКСПО — 2017» B2B форматында кездесулер өткізіп жатқандығы қуантады, сондай-ақ, маңызды келісімдер де қол қойылатын шаралар ұйымдастырылады. Біз Миланда 2015 жылы өткен ЭКСПО-ға қатысқан болатынбыз. Астанаға үлкен тәжірибемен келеміз. Павильонымызға 50-ден астам ел келеді деп күтеміз. Аталмыш шара Астананы халықаралық дәрежедегі іскерлік серіктестік қызметінің орталығына айналуына ықпал етеді деп ойлаймыз. Астана ЭКСПО-ға дайындық бойынша Миланнан алда келе жатыр. Қазақстан ауқымды жұмыс атқарды, әлі де атқарылатын жұмыстар баршылық. Қазір барлық қатысушы елдер шара жоғары деңгейде өтуі үшін өз павильондарын әрлеуге күш салуы керек, — деді М.Беретта. Иранның сәулет павильонының басшысы Мохаммед Мохебали де өз пікірін білдіріп:

— Біздің павильон — тұжырымдамалық жобалаудың пәні. Жобаның идеясы — жел, күн және су сынды табиғи ресурстарды сақтап қалу. Өмір сүруге қажетті төрт элемент жобаны құрудың негізінде жатыр. Энергия жанармайды қолданудан туады, ол барлық әлем үшін маңызды, оның ішінде Иран да бар. Біз бұл энергияны «тазартуды» жоспарлап отырмыз. Осы жоспар бойынша электромобильдерді құрастыруды қарастырып, қоршаған ортаға аз зиян келтіретін ауыр өнеркәсіпті енгізуді көздеп отырмыз. Қазақстан өте ауқымды жұмыс атқарды. ЭКСПО-ның сәулет алаңы таңқаларлық. Иран павильонының алаңы 504 шаршы метр және ол Жапония, Малайзия, Вьетнам елдерінің павильонына жақын орналасқан», — деді.

Маусым айының 10-ы — қанша жылдан бері жағымыз талғанша айтып, қолымыз талғанша жазып келе жатқан «ЭКСПО — 2017» көрмесі ашылатын күн. Қоңыр күзге дейін өтетін дүниежүзілік шараға екі миллион адамның бірі болып қатысуға сіздің де мүмкіндігіңіз бар. Ендеше, балаңыз жазғы демалысқа шығып, мал өрісіне кетіп, сіз еңбек демалысына шығатын уақытта ЭКСПО-ға келіңіз. Көріңіз, тамашалаңыз, әсеріңізбен бөлісуді ұмытпаңыз!

ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ