«Тузигіңіздің» төлқұжаты түгел ме?
О заманда, бұ заман төрт аяқты мақұлыққа төлқұжат аламыз деп кім ойлаған. Бұл жаңа заң күшігін көтеріп, мысығына арнайы бөлме беретін шетелде емес, тұп-тура өз елімізде күшіне еніп отыр. Енді қазақстандықтар да итін серуендетуге алып шығатын болса, міндетті түрде оның құжаты мен санитарлық кітапшасын да бірге ұстап жүруге тиіс. Ал, бұл талапты орындамағандарға үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатын болады. Егер итіңіз біреуді тістеп алатын болса, онда он айлық есептік көрсеткіш көлемінде қалтаңыз қағылады.
Негізі осыған дейін елімізде тұмылдырық пен қарғыбауы болса итті емін-еркін алып жүруге кедергі қойылмайтын. Ал, жаңа ереже ит асыраушыларды біраз әбігерге салатын түрі бар.Өйткені, төлқұжат пен медициналық анықтамадан бөлек, төрт аяқтылардан «қалған» қоқысты енді иесі тазалап жүруге міндетті. Әрі итін қоғамдық орында серуендету үшін ол міндетті түрде үйретілген және сөз ұғатын болуы керек. Бұдан бөлек, қарғыбауға байланған жіп бір жарым метрден аспауы тиіс.
Шындығы керек, қазір бұл жаңа заң талаптарына қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер бұл дер кезінде қабылданған ереже десе, енді екіншілері мұндай шектеуді тұрғындардың ұстанатынына мүлдем сенбейді. Тіпті кейбіреулер адам өзінің денсаулығына қатысты құжаттарын толықтай түгендей алмай жүргенде, төрт аяқты мақұлыққа медициналық анықтаманы қайдан алсын деп езу тартуда. Оған қоса, «үй жануарларының жайы бір бөлек, ал қаңғыбас иттерді қайтпек?» деген ой айтатындар да табылып жатыр. Осыған орай, бұл заңның Тараз қаласында қаншалықты жүзеге асуы мүмкін екенін құзырлы мамандардан сұраған едік.
– Негізі қазір қалада 23 мыңдай иттер мен 2000-нан аса үй мысықтары бар. Оларды түрлі ауруларға қарсы маусым сайын дәрілейміз. Десе де, олардың барлығының қазір медициналық анықтамасы бар деп айту қиын. Өйткені, үй жануарларының өзінің қарғы баусыз қаңғыбас жануарлардың қатарына қосылып кеткендері жетерлік. Өткен жылы біздің мекеме осындай иесіз 13207 бас төрт аяқты мақұлықтардың көзін жойды. Биыл да осы межедегі қаңғыбас жануарларды аулауды жоспарлап отырмыз. Бірақ, иесіз иттердің саны қанша алдын алу шараларын жасасақ та, күн санап көбейіп жатқанын мойындауымыз қажет. Сондықтан дәл қазір жаңа заң талаптарын қатаң ұстанып, төрт аяқты мақұлығының төлқұжатын түгендейтін тұрғындардың табылуы қиындау-ау.
Десе де, бұл заңға ұқсас шектеу 2013 жылы қалада күшіне енген болатын. Бұл талап бойынша үй жануарларының иесі мақұлықтарына қарғы бау тағу мен оның медициналық анықтамасын алуға міндетті еді. Енді биыл мұндай ереже аудандарда да енгізіліп жатыр.Осыған орай, үстіміздегі жылы заң талаптарын сақтамағандарға айыппұл салу акциясын өткізбекшіміз. Мүмкін осы кезде жүгенсіз кеткендер жөнге келіп, үй жануарларының иесі заң талаптарын қатаң ұстатын болар. Алайда, қаңғыбас иттерге қатысты ештеңе айта алмаймын, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің ветеринария бөлімінің басшысы Сәкен Көшербекұлы.
Иә, байқап тұрсақ қаңғыбас иттер былай тұрсын, үй жануарларының өзіне төлқұжат пен медициналық анықтама алдыру бас ауыртар мәселе секілді. Және шаһар тұрғындарының жаңа «зәкөніңе» бағына қоюы екіталай сияқты.
Рас, мұндай заң бүгінгі қоғамға қажет емес дей алмаймыз. Өйткені бұл төрт аяқты мақұлықтардың арасында таралуы мүмкін ауруларға тосқауыл болып ғана қоймай, санитарлық талаптарды да күшейтер еді.
Бір жылдары төрт түлік малдардың арасында індеттің таралуын алдын-алу үшін ел Үкіметі осындай заңды енгізіп, малдарды толықтай сырғалауды міндеттегенін жұртшылық жақсы біледі. Сол кезде де жаңа ереже көпшілікке тұрпайы көрінген. Алайда, кейін келе бұның тиімді тұстары болмаса, ұтылмайтынын шаруалар білді. Мүмкін төрт аяқты мақұлықтардың төлқұжатына қатысты заңды да халыққа дұрыстап түсіндіру қажет шығар.
Ал, сіз қалай ойлайсыз оқырман?
Саятхан Сатылған