Жігіттерге қыздың жымиғаны да жетіп жатыр…
1.Махаббат – барша байлықтан күшті. Бірақ күштіге де көмек керек. Сол сияқты махаббат та өзін байлық пен барлықтың қоса қолдауын ұнатады.
2. Тірі адамның бар бақыты жер бетінде. Оған көкке ұмтылудың немесе о дүниеден үміт етудің қажеті жоқ. Сол себепті бар терді төгіп, барша ой мен ақылды жұмсап жер бетін, тұрған үйіңді жұмақ ете біл.
3.Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағыңды жоясың.
4. Ешқашан ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады.
5.Баласы арақ ішсе, шешесі у ішеді. Маскүнем жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.
6.Көшеде көлденең тұра қалып, бірінің ернін бірі жұлып жердей боп жалмап, жұрт көзінше сүйісіп жатқан қыз бен жігітте ар да, ұят та болмайды. Ондай әдеттен без, ондай құрбыдан аулақ бол.
7.Біздің ауылдың қазақтары баяғы ескі әдетпен әлі күнге дейін жүзге бөлінеді. Содан соң әлі жеткені әлсізін аяғынан шалып, бөтен жүздің баласы деп жұдырықтап, жұлмалап, жүндеп жатады. Алауыздықтың атасы – жүз жойылса екен
8. Шошаңдаған қыз шешенің атына кір келтіреді.
9. Әйелдің жалаңаш денесі еркектің құмарлығын қоздырады. Сондықтан әйелдің еркек құмарлығын қоздыратын ашық – шашық жерді көбейтпей жауып, жария етілмейтінін қымтап ұстауы абзал. Сонда еркек елеңдемейді, әйел алаңдамайды.
10. Үміт күткен ұлы оңбаған боп кетсе – әке сорлы; қызы күйеуге өтпесе – шеше сорлы; сұлу деп алғаны сүйкімсіз боп шықса – жігіт сорлы; қыран деп тигені жапалақ боп шықса – жар сорлы.
11. Қызға қатты күлудің қажеті жоқ. Жігіттерге оның жымиғаны да жетіп жатыр.
Massaget.kz