Әлемді өзгерткің келсе – Әйелді сүй!
Егер әлемді өзгерткің келсе, әйелді сүй. Шын сүй. Сенің рухыңа табынатын әйелді тап, сенен басқаны көрмейтін, ол да сені көргенде басқа дүниенің мәнісі қалмайтындай сүйсін. Өзіңнің қадір-қасиетіңді қоя тұрып, оның жүрегін тыңдай біл. Қанатты, түкті, қабыршақты әрбір тірі жәндіктің, барлық жерасты, суасты жәндіктерінің, барлық бүр жарған, гүл ашқан көктің, дүние есігін ашпаған, бақи дүниеге аттанғандардың әнін, атын, дұғасын есті. Олардың бәрінің сен сүйген жанға арнаған мадағын есті. Осы күнге дейін өз атыңды естімесең, онда ұзақ уақыт тыңдамағаның. Көз жанарың жасқа толмағаны, сен оны жүрегіңмен қабылдап, оның сезіміне табынбағаның, ешқашан оны жоғалтып қапаланбағаның, шын қайғырмағаның.
Әлемді өзгерткің келсе – әйелді сүй. Бір әйелді ғана сүй. Өзіңнен артық көр. Өз сезімің мен тілегіңнен асыра бағала. Жастық, сұлулық, көптігін елемей бағала. Өзіңнің еркіндігіңнен де биік бағала. Біз өзімізге тым көп таңдау бердік: шын еркіндік сүюге деген қарсылығыңның бәрі сезім отына өртенген кезде көкке ұшатынын ұмыттық. Бір ғана Ханшайым бар. Оның көздеріне қара. Қара да шындап көр. Сенің басыңа балтасын тақаған сол ма? Ол болмаса, кетіп қал. Дәл қазір кет. «Қолдан келсе» дегенге уақыт өлтірме. Сенің шешімің оған ештеңе істей алмайды. Шындап келгенде біз «кімге» емес, «қашан» берілетінімізді ғана таңдаймыз.
Әлемді өзгерткің келсе – Әйелді сүй! Өмір сүру үшін сүй. Ажал үрейін басып сүй. Анаңның айтқанынан шыға алмау қорқынышын жеңіп сүй. Ол үшін өлуге пейілді екеніңді айтпа. Тек онымен бірге өмір сүруге дайын екеніңді айт. Бірге ағаш отырғызуға, олардың қалай өскенін бірге көруге дайын екендігіңді білдір. Осынау осал ұлылығы тұнған болмысымен соншалықты тартымды екенін айтып, оның қаһарманы атан. Оны шын сүйіп, оған деген кіршіксіз адалдығыңмен күн сайын ханшайым болуға кемектес.
Әлемді өзгерткің келсе, әйелді оның құбылмалы болмысымен сүй! Жыл мезігілінің әр кезінде. Сонда ғана ол сенің Рухыңды тәніңнен бөліп тұрған естен адасудан сауықтырады, жүрегіңнің жартысын толтырады, бір мезетте екі түрлі ойлаудан арылтады, жалғыз қалған кезде мазаңды алатын осы қылықтарыңнан көз жазып қалатын боласың. Іштей бөтендігіңді іздеуді доғарасың.
Әлемнен бірдеңе іздеуді қойып, өзіңді тірі сезініп қаласың. Ол жүрегіңе енгенде оған басқа көзбен қарайсың. Алдыңда басқа әйел болады. Сәлден соң жаңа әйел. Жарқырап тұрған әйел кәрі әрі ұсқынсыз көріне бастайды. Сосын сен әйелдерді көлік ауыстырғандай ауыстырып шаршайсың. Өзіңнің ханшайымыңды бөтен әйелдің бойынан іздейсің. Еркекке үздіксіз таңдай беру шарт емес. Еркектің мұқтаждығы – ол Әйел, Нәзіктікті таңдау, Төзім мен Рақымдылықты сезіну. Ізденістен сырт жол, әрекеттен тыс тыныштық, бір деммен тыныстау, бір-бірінің болмысына терең ену, тамырымен бітісу, бұл алапат тартылыс, олар біріксе, Жер өз бетінен цемент пен құрышты қағып түсіргенше оны ұстап тұра алатын зор қуатты иеленеді.
Әлемді өзгерткің келсе, әйелді сүй, бір ғана әйелді сүй! Сүй. Қорғаны бол. Сенің қолыңдағы ең соңғы қасиетті құмырадай сезін. Сен тастап кетеді-ау деп бүкіл адамзат баласы үшін үрейленіп кешкен ғұмырына деген қорқынышын басып сүй. Бұл жүрек дерті тек онікі емес, оны жалғыздықпен емдемейді. Әйел өзінің тәуелділігімен әлсіз емес-ті. Әлемді өзгерткің келсе, әйелді сүй. Дауыл-борандарға қарамастан сүй. Саған сенгенше сүйе бер. Әйелдің түйсігі, ішкі дауысы, жанымен сезінуі, өнері, құмарлығы, бастапқы болмысы өзіне қайтып оралғанша сүйе бер. Әйелдің махаббатын әлсіретіп, бүлдіргісі келетін саясат пен БАҚ-тағы кез келген әзәзілден оның нәзіктігі мықты болғанша сүйе бер.
Әлемді өзгерткің келсе, әйелді сүй. Өзіңнің қарсылығың мен қаруыңды жиып тастап, себептеріңді ысырып қойып сүй. Іштегі бос соғысты тоқтатып, әділетті ашуыңды тарқатып, әйелді сүй… Ұлылыққа деген талабыңнан басым түсіп сүй. Айқындықты іздеген берік ұстанымыңнан үстем тұрып сүй. Егер әйелді сүйсең, арадағы жақындықтан да асқан ғажапқа есік ашасың. Сен арман еткен әлемге әйелдің жүрегі арқылы енуге болатын болса ше? Еркектің әйелге деген махаббаты, нәзіктікке бас июі – әйелдің жүрегін ашатын кілт шығар, бәлкім?
Әлемді өзгерткің келсе, әйелді сүй. Көлеңкеңнің қоюлығымен сүй. Өзгермейтін қалыбыңмен сүй. Оны алғаш көрген әсем баққа қайта орал. Сондағы алуан түске боялған қақпаға қайтып бар. Сол жерден қол ұстасып Жарық күндей жарқырап, Біртұтас болмыстай бірігіп, Айнымайтын нүктедей, жаңа Сезімнің бітуі мен басталуын қайта сезіне алатыныңды түсін.
Аударған Шынар Әбілдә