Тараз тотыдай түрленеді

Қала келбеті

Жаңадан бой көтеретін 14-ші ықшам аудан көне шаһардың туристік брендіне айналады

Еліміздің ең көне қаласы болса да Тәуелсіздік жылдары жаңа заман талабына сай түрленіп келе жатқан Тараз қаласы бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Нәтижесінде, ежелгі шаһар жаңа сипат алып, күннен-күнге көркейіп, көріктеніп келеді.  

img_0444

 

Қазіргі таңда қалада құрылыс қарқынды  жүріп жатыр. Басқаны былай қойғанда биыл Тараз қаласының автобекет маңында 14-ші,  Ы. Сүлейменов көшесінің соңында 15 — ші ықшам аудандардың іргетасы қалануда. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев биылғы халық алдындағы есепті кездесуінде қос ықшам ауданның көне шаһар көркіне көрік қосып, сәулеті мен дәулеті жарасқан ықшам ауданға айналатынын айтқан болатын. Бүгін міне, аумағы 100 гектарды құрайтын автобекет аймағындағы 14-ші ықшам ауданның құрылыс жобасы облыс əкіміне ресми түрде таныстырылды.img_0311

Ұлттық құрылыс саласы ассоциациясы президенті Мұхит Әзербаевтың айтуынша, жаңадан бой көтеретін 14-ші ықшам ауданда 49 көпқабатты үй, оның ішінде бес қабатты 27, тоғыз қабатты 16, он  екі  қабатты 6 үй салынады. Жалпы тұрғындарға берілетін 5 460 пәтерге 16 000 адам қоныстанады деп жоспарлануда. Бұл аумақта тұрғын үйлерден бөлек, әлеуметтік нысандар да көптеп салынады. Мысалы, 250 орындық 3 балабақша, 2 орта мектеп, балаларды бейімдеу орталығыныңқұрылысы жүргізіліп, ауысымына шамамен 500 адам қабылдайтын емхана мен  200 орындық онкологиялық диспансер, 2 диагностикалық орталық салынбақ. Сондай-ақ, тараздықтардың көптен күткен неке үйі де осы ықшам ауданда бой көтеретін болады. Бұдан бөлек, ішінде спорт залдар мен жабық жүзу бассейні қарастырылған спорттық-сауықтыру кешені; құрамында би залдары, клубтар, кітапхана және бірнеше кинотеатры бар демалыс орталығы да талайдың таңдайын қақтырады. Сонымен қатар,  заманауи сауда — саттық, тұрмыстық қызмет көрсету кешендері мен бизнес орталықтардың да есік ашатын күні алыс емес. Әрқайсысы 200 – ге жуық автокөлікке арналған бірнеше қабатты  паркинг   те сәулетті нысандардың бірі болады деп күтілуде.img_0448

Көне шаһардың көркем кеңістігіне келісті келбет сыйлайтын ықшам ауданның жобасын мұқият қарап шыққан аймақ басшысы өз кезегінде   жобалаушыларға бірқатар ұсыныстарын да айтып өтті.img_0347

  • Тараз қаласы күннен күнге құлпырып келеді. Бүгінгі таныстырылып отырған 14-ші ықшам ауданның құрылыс жобасы толықтай іске асса, көне шаһардың тағы да құлпыра түсетіні анық. Дегенмен, жобадағы демалыс орындарында субұрқақтарды байқамай тұрмын. Сондай-ақ, ықшам ауданда салынатын сауда кешендері үлкен жолдың бойында  орналасыпты. Бұл өз кезегінде тұрғындарға қолайсыздық туғызуы мүмкін. Осыны қайта қарап, көлік аз жүретін ықшам аудан бөлігіне орналастыру қажет деп ойлаймын, — деді Кәрім Көкірекбаев.img_0314

Ұлттық құрылыс саласы ассоциациясы президенті М. Әзербаев облыс әкімі айтқан сын-ескертпелердің негізге алынатынын, алдағы күндері құрылыс жобасын жетілдіру үшін бірлескен жұмысшы кеңес құру бастамасын ұсынды. Бұл мәселе жөнінде аймақ басшысы тиісті сала басшыларына тапсырма беріп, күн құрғатпай жұмысқа кірісу қажеттігін айтты.

Негізі соңғы он жылдың көлемінде Тараз қаласында «Астана», «Бәйтерек» атты қос бірдей ықшам аудан бой көтерді. Ал, іргетасы қаланып жатқан 14-ші ықшам ауданның келісті келбеті қазірден-ақ көпшілікті сүйсінтіп отыр.  Болашақта жоспарланған жұмыстар толықтай іске асып жатса, бұл аудан Талас өзенінің жағалауындағы демалыс аймақтарымен қаламыздың туристік брендіне айналатыны сөзсіз.

Дәулет Төлендіұлы

Жамбыл облысы