Обырды емдеген қазақ емшісі
Мәулішәріп Қапанұлы – ҚХР Еңбек ері, «Жасампаз тұлға» мемлекеттік сыйлығының иегері, «Қытайдың әйгілі адамдары» кітабына аты енген жалғыз қазақ. Қазақ емшілігін 7 ұрпақ бойы мұра етіп сақтап келген әулеттің ізбасарын біз де әңгімеге тартқан болатынбыз.
Қытай Халық Республикасы тарапынан мойындалған жеті халықтық медицина бар. Біз Шығыс медицинасы деп атап кеткен осы дәстүрлі медицинаның бір тармағы – қазақ емшілігі. 56 жыл бойы дәстүрлі емшілікпен айналысқан Қытайдағы халық емшісі, дәрігер Мәулішәріп Қапанұлы жақында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кездесу өткізіп, халық емшілігінің құпиясымен бөлісті. Мәулішәріп Қапанұлы – ҚХР Еңбек ері, «Жасампаз тұлға» мемлекеттік сыйлығының иегері, «Қытайдың әйгілі адамдары» кітабына аты енген жалғыз қазақ. Қазақ емшілігін 7 ұрпақ бойы мұра етіп сақтап келген әулеттің ізбасарын біз де әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Бүгінгі күні дәстүрлі қазақ емшілігі Қытайда мойындалған көрінеді. Мемлекет тарапынан қаржылық қолдау да жақсы дейді. Солай ма?
– Қытайда 7 ұлттың халықтық медицинасы жақсы дамыған. Оған қытай, тибет, моңғол, ұйғыр, хмонг (мяо), корей және қазақ емшіліктері кіреді. Қазақ емшілігін дамытуға жыл сайын мемлекет бюджетінен қыруар қаржы бөлінеді. Шыңжаң көлімінде үлкенді-кішілі 20-дан аса ұлттық медицинаны негіз еткен қазақ ауруханасы, 4-5 ғылыми зерттеу орталығы бар. Сондай-ақ, Шыңжаң медицина университеті мен Алтай аймақтық Медицина колледжінде «Қазақ емшілігі» мамандығы ашылып, жеті жылдан бері бүкіл Қытай көлемінен студенттерді қабылдап келеді. Маған да мемлекет өз қаржысымен жеке аурухана салып берді.
– Қазақ емшілігімен айналысқаныңызға қанша жыл болды?
– Мен әулетімізде халықтық медицинаны жалғастырып отырған жетінші ұрпақ екенмін. 400 жылдан бері атадан балаға жеткен емдеу құпиясын 8 жасымнан бастап әкемнен үйрендім. Шыңжаң медицина университетін үздік нәтижемен бітірген соң тек осы салада қызмет еттім. 50 жылдан аса еңбек тәжірибемде 80 түрлі емдеу құпиясы мен ашқан жаңалығымның 43-ін патенттедім.
– Ендеше, сол бабаларыңыздан жеткен науқас дауалаудың сырымен бөліссеңіз…
– Қазақ емшілігінде барлық науқасқа диагноз білезіктегі қызылтамырды ұстау арқылы қойылады. Ауыр науқастардың күре тамырын қоса қараймыз. Әкемнің айтуынша тамыр соғысы мен орналасуының 62 түрлі өзгерісі болады екен. Оны дәстүрлі медицинада «тамыр райы» деп атаймыз. Мен тамыр райының кернеу, шөкпе, қалқыма тамыр сияқты 40-тай түрін ғана ажырата аламын. Ұлттық медицинада емдеуге тек дәрішөптер ғана пайдаланылатыны баршаға аян. Әкемнен 839 түрлі шөп дәрінің емдік қасиетін, түрін, түсін үйрендім. Сол 839 түрлі дәрішөптің сипаты мен ерекшелігін зерттей отырып 41 тосап пен 16 бұлауға бөлдім. Бір тосаптың өзі 80 неше түрлі шөп дәріні қамтуы мүмкін. Оның өзін 4-6 түрлі тәсілмен дайындаймыз. Яғни, бір-бірімен сәйкестірілген дәрі шөптерді бал, сүт, май және су сияқты сұйықтықтармен араластырғанда қасиеті басқа-басқа қоймалжың дәрі пайда болады. Тосап деп отырғанымыз міне осы қоймалжың. Ал, бұлау дегеніміз дәрі шөптердің буы арқылы емдеудің түрі. Оның тас бұлау, шөп бұлау, қуырма бұлау, от бұлау сияқты 16 түрін патенттедім. Мына жерде бір нәрсені қадап айтқым келеді, қазақ емшілігі деген атты жамылған кейбір емшілердің спиртті өртеп және ваннаға жатқызып науқас емдеуі қазақтың дәстүрлі медицинасына жатпайды. Атам қазақ тоқтау суға жуынбаған, асыл дінімізде де ғұсыл ағынды суға алынады. Ал анау спирт дегенің химиялық ерітінді емес пе? Үшінші дауалау тәсілі – 4 түрлі қан алу жолы. Қан маңдайдан, мұрын қуысынан, тілдің асты мен жұтқыншақ бездерінен және арқа, бел, мойыннан күміс қандауырмен шабақтап алынады. Бұл көбінесе қан қысымы, тыныс алу жолдарының түрлі ауыруларын және құяң мен сарысу, іріңді емдеуде қолданылады. Төртіншісі – оташылық. Сынған сүйекті таңудың 5 түрін ғылыми қолданысқа енгізіп, арнайы қалыптар жасадық. Оны мойын, шынтақ, тізе, жіліншік, өкше мен қызыл асық мертіккенде қолданамыз. Ата-бабаларымыз үгітіліп кеткен сүйектерді де қалпына келтірген ғой. Жаңа туған ботаның сүйегін шауып, жұқартып үгітілген сүйектің орнына салған кезде сүйектер бір-бірімен жалғасып, жетіліп кетеді екен. Асық жілік сынғанда таутекенің асық жіліктерін пайдаланған көрінеді.
– «Қазақ емшілігінің атын жамылып» деп қалдыңыз. Халықтық медицинаның атына дақ келтіріп жүрген емшілер де бар сияқты ғой?
– Өз басым қазақ емшілігі ғылыми түрде ұрпақтан ұрпаққа дұрыс жалғасса екен деймін. Шөп дәрі адамды өлтірмейтінін білетін ақшаның соңына түскен қулар Қытайда да бар. Оның бірталайы осында жүр екен. Жоғарыда айтқанымдай 839 түрлі шөп дәріні үйлесімді пайдалану екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Мен көзбен көріп, қолмен ұстаған тәжірибеме сүйенемін. Естіген аңыз бен дұрыс жазылмаған жазбаларға сүйеніп кісі емдеп жүргендердікі алдамшылық дер едім.
– Ал өзіңіз жеті атадан жалғасқан емшілік өнерді қағазға түсірдіңіз бе?
– «Қазақ емшілігіндегі диагноз қою және емдеу», «Қазақ емшілігіндегі ас қорыту жолдары ауруларын емдеу» және «Қазақ емшілігі» (екі кітап) сияқты төрт кітап жаздым. Мемлекеттің қолдауымен бесінші кітабымды жақында жазып бітірдім. Ол жалпы медицина мен қытай медицинасын қазақ емшілігімен ұштастырған көлемді еңбек.
– Қолыңыздағы құжаттарыңызға қарасам, бұл жолы ұлттық медицинаны қазақ еліне жалпыластыру үшін келген сияқтысыз?
– Дұрыс айтасың, балам. Мен бұл жолы Қазақстанға ақша үшін, жарнама үшін емес, ізбасар іздеп келдім. Жасым болса алпысты алқымдады. Қызым мен немере ұлымды кішкентайынан осы салаға тәрбиеледім. Жаңағы айтқан оқу орындарына барып шәкірттерге сабақ беремін.
Мемлекет қаржы бөліп жеке клиникамды да салып берген. Патенттелген жаңалығым мен еткен еңбегім үшін мемлекеттен алатын айлығым жетерлік. Бірақ қазақ емшілігінің бірден-бір иесі– Қазақстан деп түсінемін. Жеті атамнан аман жеткен өнерді жат жұртқа жырымдатпай бар қазақтың киелі қара шаңырағы, тәуелсіз отанына табыстағым келеді. Несін жасырайын, Қытай барлық рецебімді, халықтық емдеудің құпиясын өзі меншіктегісі келіп қыруар қаржының шетін көрсетеді. Бабадан жеткен өнерді сату мен үшін ұлтты сатқанмен бірдей. Сондықтан осы сапарымда аманатқа қиянат жасамайтын, табанды шәкірт іздеп келдім. Ол ең алдымен жалпы медицинаны жетік игерген болуы керек. Көріпкелдікпен қазақ емшілігіне мұрагерлік ету мүмкін емес!
– Медицинада құрықталмай келе жатқан жаман ауру обырды дәрі шөптермен емдеп жазғаныңыз рас па?
– Рас. Ракты емдеген рецебімді жақында патенттедім. Жаман ауруға шалдыққан 700-ден аса науқасты түбегейлі сырқатынан сауықтырдым. Менің тәжірибем бойынша бұл дерттің аналық және аталық түрі болатын көрінеді. Аналық түрінің бір ағзадан емдегенмен, екінші ағзадан пайда болатынына көзім жетті.
Әңгімелескен Майгүл Сұлтан, журналист
Мәулішәріп Қапанұлының өзі жасап, патенттеген медициналық құралдар
Бұлауға арналған орындық
Құяң үзуге арналған ағаш балға
Құяң үзуге арналған оқтау мойын сүйегін таңатын қалып
Мойын сүйегін таңатын қалып
Жілік сүйектерін таңатын қалыптар
Қан алатын қандауырлар мен тас лоңқа
Egemen.kz