БЕЙБІТ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕТІСТІКТЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ
Кеше Атырау қаласында Солтүстік Каспий аймақтық
«Global Oil & Gas Atyrau 2017» дәстүрлі көрмесі ашылды.
Көрменің ашылу салтанатында Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйледі. «Дәстүрлі форум экономикалық дамудағы ынтымақтастық байланыс орнатудың құралы болуда. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізге инвестиция тартуға бағытталған игілікті жұмыстарының бір көрінісі. Он алтыншы рет ұйымдастырылып отырған көрме облыста, Қазақстанда, шетелде істеліп жатқан істердің жоғары қарқында дамуына елеулі үлес қосуда. Қатысушы компаниялардың өз өнімдерін өткізуіне, серіктестер мен тапсырысшылар табуына, жаңа технологиялармен танысып, өзара қарым-қатынас орнатуларына мүмкіндік мол. Көрмеде басқалармен қатар Атырау облысының да өңдеу, құрылыс, тамақ, өзгеде өнеркәсіптері бойынша жетістіктері көрсетіледі. Үміттеріңіз ақталсын, жемісті ынтымақ болсын, қош келдіңіздер!» — деді өңір басшысы.
«Global Oil&Gas Atyrau 2017» көрмесі Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, Атырау облысы әкімдігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, KAZSERVICE Сервистік компаниялар Одағының және қатысушы елдердің дипломатиялық миссияларының тұрақты қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл шара – отандық өнім өндірушілердің тауарларын өткізуге, қызметтерін ұсынуға тиімді болуымен қатар, халықаралық инвестициялар тартуға да зор әсерін тигізді. Осы жолғы көрмеге Әзірбайжан, Германия, Дания, Иран, Италия, Қазақстан, Қытай, Нидерланды, Оман, Польша, Ресей, АҚШ, Түркия, Украина, Хорватия мен Швейцария елдерінен 100-ден астам компания қатысты.
Көрмеге қатысушылардың басым бөлігі қазақстандық компаниялар. Биыл көршіміз Ресейдің кәсіпкерлері де ерекше қызығушылық танытыпты. Біз жақынырақ тілдескен «ВолгаСпецТехно» жауапкершілігі шектеулі қоғамы халықаралық рынокте бес жыл табысты тәжірибе жинақтаған компания екен. Негізгі жұмыс бағыты кедендік одақ елдері мен одан да шеткері мемлекеттерге кең ауқымды жабдықтарды жеткізіп беру. Яғни бақылау, өлшеу аспаптары, автоматтандыру құрылғылары, электрлітехника тауарлары, шоғырсым өнімдері, электр қуаты материалдары тағы басқалар. «Біздің компания Қазақстанмен соның ішінде Атырау облысымен бұрыннан байланыста. Алайда аталмыш көрмеге алғаш рет қатысып отырмыз» – дейді компанияның бөлім менеджері Юлия Тюрина. Мақсаттары өздерінің тауарларына жаңа тұтынушылар табу.
Біз келесі танысқан көрмеге қатысушы ұжым — өндіріс қауіпсіздігі мен бақылау жұмыстары бағытында қызмет көрсететін «НПО Дефектоскопия» ЖШС-гі. Компания 2010 жылы құрылған. Бас кеңсесі Қарағандыда, Атырауда бөлімшесі бар. Жергілікті мұнай және газ компанияларының жұмысына аса қажетті құрылым десе болады. Технологиялық құралдардың дұрыс жұмыс жасауын, қауіпсіздігін, дәнекерлеу жұмыстарының сапасын тексереді. «Серіктестік 100 пайыз қазақстандық мамандардан құралған. Мәскеуде де бөлімшеміз бар. Біздің қызметтерімізді Теңізшевройл ЖШС, АМӨЗ АҚ, КазТрансОйл АҚ, Ембімұнайга АҚ пайдаланады» — дейді филиал өндірісі бойынша серіктестік директорының орынбасары Бағдат Әшірбаев.
Қазіргі заманның басты талаптарының бірі – еліміздің озық дамыған мемлекеттер қатарына қосылуы үшін көбірек инвестиция тарту, әлемдік бәскелестікке төтеп бере алатын технологияларды жедел меңгеру. Көрме жұмысы осы бағыттағы ауқымды істерімен мазмұнды болды. Қатысқан компаниялардың қай-қайысы да озық жетістіктерін паш етіп, өзгелердің жаңалықтарынан ақпарат алуға ұмтылыс танытты. Мысалы, «АтырауНефтеМаш» ЖШС-гі Атырау қаласындағы отандық өнім өндіретін мамандандырылған бірегей мекеме. Мұнда мұнайгаз кәсіпшілігіне қызмет көрсетіледі және мұнайдан газ бен суды айыратын құрылғылар, қажетті қосалқы құрал-жабдық бөлшектері жасалады. Сондай-ақ осыдан екі жыл бұрын Орта Азия мен Қазақстанда баламасы жоқ ауыр машина жасау цехы іске қосылды. Техникалық менеджер Дулат Сембаев зауытта АМӨЗ тапсырысымен 900 текше метр сыйымдылықта диаметрі 8 метрлік, биіктігі 60 метр ыдыс жасалғанын айтты. Елімізде мұндай үлкен сыйымдылық ыдыстарын жасайтын басқа зауыт жоқ екен.
Қөрме кезінде «Атырау Инвест-2017» IV-ші Халықаралық инвестициялық Форумы өтті. Инвестициялық форумды қолдаған Атырау облысы Әкімдігі.
Көрме мен Форум шараларының құрамдас бөлігіндей 16-шы Солтүстік Каспий құрылыс және интерьер көрмесі – «Atyrau Build 2017» де өз жұмысын сәтті жүргізді. Халықаралық мәнді шара жаңа Көрме орталығында өтіп жатыр. Осы оқиғалар барысында пікір алмасу алаңы, инвестиция тарту мүмкіндіктеріне арналған жиындар, өндірістік мекемелерге саяхат, екі жақты кездесулер, баспасөз мәслихаты, сессиялар, панельдік секциялар, студенттермен семинар-кездесу, жас кәсіпкерлерге жоба таныстыру тұсаукесері ұйымдастырылуда, ынтымақтастық пен өзара көмек меморандумына қол қойылады. Ертең 13 сәуірде көрме өз жұмысын аяқтайды.
Светлана Муньянова