Ең қасиетті сөз!

Жалпы адам баласының тілі, түрі, сипаты, әдет-ғұрпы әрқалай болғанымен жүрегі мен тілегі бірдей. Абайша айтқанда «махаббат пен ғадауат майдандасқан» жүрек ісі әмбесіне ортақ. Ненің жақсы, ненің жаман екендігін білмектің, ізгі, көркем мінезді болмақтықтың һәм қасиетсіздіктен жырақ жүрмектіктің формуласында, яғни қағидасында айырмашылық аз.

Адамзатқа берілген ең басты, ортақ мұғжиза, ол — махаббат. Абайдың «Махаббатпен жаратқан адамзатты…» -деуінде ғақлиялық ілім негізі бар. Сенің бұл дүниеге келмектігіңде ата-анаңның махаббаты себепкерлігі бар.

Жақсы сөз-жарым ырыс. Жақсы сөзге жан семіреді. Осыларды айтқан қазақ. Баяғыда. Тілдің, сөздің қасиетін ерте сезінген бір халық болса, ол -қазақ. Сөздің әсер етпейтін бірде бір жері жоқ екен. Оны қазіргі ғылым дәлелдеп отыр.

Жапон ғалымы Эмото Масару құтыдағы суларға эксперимент жасаған. Жапон тілінде әр түрлі сөздерді құтыдағы суға айтып отырған. Күн сайын. Соңында нәтиже не болды дейсіз ғой; құтыдағы судың ең жақсы көретін сөздері екеу болған. Олар: МАХАББАТ және АЛҒЫС. Осы екі сөзді «естіген» сулардың молекулалық кристалдары ғажайып түрге еніп, керемет түзіліс жасаған екен. Олай болса, ең қасиетті, тамаша сөз- Махаббат пен Алғыс!.

Осы екі ауыз сөзді жиі айтып, жүректеріңізге бекітсеңіздер өмірлеріңіз де, жүректеріңіз де сондай кіршіксіз, таза, мүбәрак, ғидаятта болады, достар! Жүрек құтысын махаббат пен алғысқа шөпілдетіп толтырыңыздар! Махаббат пен Алғыстың адал некесінен Мейірім жаралады. Ал Мейірім — бар ізгіліктің басы. Өйткені, Жаратушының әр ісінде Махаббат та, Алғыс та, Мейірім де бар!

Ерболат Баятұлы