Ұлттық академиялық кітапханада «Академик Кеңес Нұрпейісұлының» ғылым залы ашылды

Бағзы замандардағы шежірешіл қарттардың ізін бүгін де академик, профессор ағаларымыз басқанын жақсы білеміз. Олардың бұрынғылардан бір артықшылығы – ізденіп жазған монографиялары, зерттеу еңбектері лезде хатқа түсіп, бірден оқырманға жол тартады. Ал, саналы ғұмырын қазақ тарихын зерттеп, мың өліп, мың тірілген бабалардың соқпағы көп тағдырын ұрпағына бұқпасыз әрі боямасыз жеткізуге арнаған академик Кеңес Нұрпейісұлының еңбегі өлшеусіз. Әсіресе, бүгін де мүйізі қарағайдай ғылым докторлары мен кандидаттарының маңдайы жарқырап отыруына себепкер болған ардагер ұстаз, Тәуелсіз Қазақстанның алаштану ғылымының негізін қалаған даңқты профессор, тарихшы-ғалым Кеңес Нұрпейісұлының дүниеден өткеніне биыл он жыл екен.

1

     «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген қазақтың асыл сөзі апта басында елордадағы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында өткен ғылыми-практикалық конференцияда сан мәрте айтылды. Оның бірнеше рет қайталануының да негізі жоқ емес. Ол 1958 жылдан бастап ақтық демі қалғанша Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Тарих және этнология институтында қызмет істесе, өкшесін басып, ізін жалғаған інілері, шәкірттері Кеңес Нұрпейісұлының өзі кетсе де, аты мен хатының өлмейтініне сенімді. Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің 100 жылдығына арналған «Кеңес Нұрпейісұлының Алаш тарихына қосқан үлесі» атты үлкен жиында бас қосқан Болат Көмеков, Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Камал Бұрханов пен Бүркітбай Аяған ғалымдар, академик-профессорларымыз ұстаз ағаларын сағынышпен еске алып, оның еңбектерімен қатар кісілік қасиеттеріне ерекше тоқталды.

7

Сондай-ақ, осы кітапхананың ғалым-хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты әрі Кеңес Нұрпейісұлының тәрбиесін көрген бауыры Талдыбек Нұрпейіс те көрнекті ғалымның «Алаш» деген сөзді ауызға алмақ түгілі, ойлауға қорқатын Кеңес Одағы тұсында зерттей бастағанын алға тартып, жиналған жұртшылықты көпшілік біле бермейтін мәліметтерге де қанық қылды. Жиын соңында «Академик Кеңес Нұрпейісұлының» ғылым залының салтанатты ашылуы өтіп, қатысушылар солай қарай мойын бұрды. Рухани ордада ақын-жазушылардың құрметіне ашылған жеке кабинеттер бұрыннан бар десек, тарихшылар үшін ашылған бұл алғашқы зал екен. Қазақ тарихының қатпарына үңіліп, жоғалтқанымызды түгендеп, күндіз күлмей, түнде ұйықтамай еңбектенген Кеңес Нұрпейісұлының өшпес бай мұрасы осы залда самсап тұрса, елордада білім алып жатқан жас ғалымдар, зерттеушілер үшін аталмыш зал үлкен мүмкіндіктер ортасына айналары сөзсіз.

Elana.kz