ОҚО-ДА БИЫЛ 33 МЫҢ ОҚУШЫ МЕКТЕП БІТІРЕДІ

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында 33 мың 112 оқушы мектеп бітіреді. Үлкен өмірге қадам басқалы отырған   33 мың 112 түлектің 24974-і қазақ, 2887-і орыс, 4940-ы өзбек, 311-і  тәжік баласы.  Олардың басым бөлігі ҰБТ тапсыруға ниетті.  Алайда жоғары оқу орнына түсуге ынталы  түлектер биылғы жылы ҰБТ-ны жаңа форматта тапсыратын болады. Бұл туралы облыстық аймақтық коммуникация орталығында өткен брифингте Облыстық білім басқармасының басшысының міндетін атқарушы Раушан Ергашова мәлім етті.

Биылғы талапқа сай Ұлттық бірыңғай тестілеу екі кезеңде өткелі отыр. Біріншісі-  қорытынды аттестаттау – бұл мемлекеттік бітіру емтиханы. Екіншісі —  ҰБТ — жоғары оқу орындарына түсу емтиханы.  Қорытынды аттестаттау мектепте бес пәннен  оның ішінде 4 міндетті, 1 таңдау пәні бойынша өтеді. Барлық емтихандар, оның ішінде тестілеу де білім алушының өзі оқитын мектебінде өткізіледі.

Айта кетейік, емтиханға берілген бағалаумен келіспеген жағдайда, бітіруші келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін аудандық, қалалық білім бөлімдерінің және облыстық білім басқармаларының жанынан құрылған комиссияға шағымдануына құқығы бар. Емтихандар шамамен 2017 жылғы 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өткізілетін болады.

«Қорытынды аттестаттаудың барлық материалдарын дайындауды және білім басқармаларына дейін жеткізуді Ұлттық тестілеу орталығы, ал мектептерге дейін жеткізуді білім басқармалары ұйымдастырады. Сондай-ақ жазбаша және ауызша емтиханды бағалауды, берілген дұрыс жауап кодтары негізінде жауап парақтарын тексеруді мектепте құрылған емтихан комиссиясы әр пән бойынша жүргізеді», — дейді Раушан Естлеусқызы.

8f7970bf-e1f4-4da9-bcd1-bb2a2bd32ccd

ҰБТ жоғары оқу орнына түсу емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі ретінде қалады.  Жаңа форматына сай  ҰБТ-ға  5 пән бойынша 120 сұрақ    бекітіліп отыр. Оның 3-і міндетті және талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты 2-і бейіні бойынша қарастырылуда.  Ал, тестілеу уақыты 3 сағат 30 минутты құрайды. Шекті балл 50 өзгеріссіз қалады.

Тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау 10 наурыз — 10 мамыр аралығында ҰБТ-ны өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады.   ҰБТ-ны өткізу мерзімі – 20 маусым мен 1 шілде аралығына белгіленіп отыр.  2017 жылғы тамыз айында және 2018 жылдың қаңтар айында ҰБТ-ны ақылы негізде қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Шекті балл – 50.

«Алтын Белгі» иегерлері, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық, республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ-ны жалпы негізде тапсырады. Сондай-ақ балл саны бірдей болған жағдайда білім беру гранттарын алу басымдығы ескерілген.  Мысалы, егер бітіруші және «Алтын Белгі» иегері де 122 балл алса, грант «Алтын Белгі» иегеріне беріледі. Егер бітіруші көбірек балл жинаған жағдайда, «Алтын Белгі» иегеріне басымдық берілмейді.  Жалпы білім беретін пәндер бойынша 5 халықаралық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы гранттар бөлінеді.

Бұдан бөлек, алдыңғы жылдардағы мектеп бітірген және техникалық және кәсіптік білім беру орнын бітірген түлектер үшін жоғары оқу орнына түсу үшін кешенді тестілеу өткізіледі. Кешенді тестілеуге өтініш беру мерзімі ағымдағы жылғы 1-20  маусым аралығы деп белгіленіп отыр.  Тестілеу өткізі мерзімі 17-23 шілде аралығы.   Тестілеу уақыты – 1 сағат 40 минут (100 минут). Кешенді тестілеу облыстағы ЖОО-ның базасында орналасқан тестілеу орталықтарында жүргізіледі. 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі