Маңғыстау облысының жұртшылығы Елбасының «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» атты үндеуін талқылады
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов аймақтың активімен кездесті. Жиын барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Үндеуінде көрсетілген тапсырмалар талқыланды.
Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов Елбасының мақаласында қазіргі қазақ қоғамындағы өзекті мәселелердің шешімді жоспары ұсынылғанын атап өтті. Бұл құжат – қазақстандықтардың рухани жаңғыруының жаңа бағдарламасы.
— Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің үндеуінде әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болатынын айтқан болатын. Дәл осы жерде Президент «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп атап көрсетеді. Бүгінгі таңда біздің алдымызда әрбір қазақстандықтың сана-сезімін жаңарту бойынша бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы секілді бірқатар бағыттар тұр, — деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Ералы Тоғжанов өзінің баяндамасында Елбасының даму жолдарына байланысты бекіткен нақты тапсырмаларына тоқталып өтті.
— 2017 жылдың соңына дейін жаңа қазақ алфавиті мен жазу таңбаларының бірыңғай стандарты қабылданады. Ал, келесі жылдан бастап латын тіліндегі оқулықтар дайындалады. «Жаңа гуманитарлық білім», «Туған жер», «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты Елбасының бастамасымен жасалатын ауқымды жобалар қоғамның рухани жаңғыру бағдарламасына қосылатын және жаңаша ойлайтын қазақстандықтардың пайда болуына септігін тигізетін үлкен үлес, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов маңғыстаулықтарды рухани жаңғыру тұжырымдамасын жүзеге асыру жолында белсенді атсалысуға шақырды.
— Елбасымыз мемлекетіміздің алдағы уақыттағы даму жолдарын айқындап берді. Біздің тапсырмамыз – қиындықтарға қарамастан көрсетілген бағыт бойынша алға жүру. Бүгінде барлығымыз еліміздің болашағы мен өскелең ұрпақ үшін еңбек етудеміз. Экономикамызды сақтау мен дамыту бойынша Президентіміздің тапсырмасын орындауға бар күш-жігерімізді жұмсап, халықтың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасауымыз қажет. Біз алға қойылған барлық тапсырманы орындай алатынымызға сенімдімін! – деді Ералы Тоғжанов.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық құжатын қолдау мақсатында филология ғылымдарының докторы Гүлбаршын Адамбаева, еңбек ардагері Қойлыбай Қаражанұлы, Мұнайлы аудандық № 4 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Мақсат Ағилаев, Б.Момышұлы атындағы степендия иегері Гаухар Нұрқали, «Дағыстан» этно-мәдени бірлестік төрағасының орынбасары Зарифа Қазиева, жазушы және тілші Айтуар Өтегенов сөз сөйледі.
Қазақстан мен Маңғыстау облысының ұлттық тарихи-мәдени құндылықтарын насихаттаудың маңыздылығы туралы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «Қазіргі заман тарихы» бөлімінің меңгерушісі Нұршат Калкенбаева баяндап, қазіргі уақытта мұражай ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігін атап өтті.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов облыстық мәдениет басқармасына бұл ұсынысты бақылауға алуды тапсырды.
Айман Оңғарбайқызы