Елімізде мақсары майы өндірілетінін білесіз бе?
«Kaz-Ir Agro» жауапукершілігі шектеулі серіктестігі 2006 жылдан бастап «Safloria» өсімдік майын өндіру арқылы отандық нарыққа енді. Бұл жобаның негізгі ерекшелігі – қазақстандықтардың басым бөлігіне таныс емес, жаңа өнімді өндіруді қолға алуында. Елімізде жасалатын сапалы тауар көп уақыт өтпей-ақ өзге мемлекеттер тарапынан жоғары бағаға ие болды. Дүкен сөрелерінде жиі кездесе бермейтін, көпшілікке бейтаныс мақсары майының өндірісі жайлы осы істің басында тұрған Хамидреза Алинагиян есімді тегі парсылық кәсіпкермен сұхбаттасқан едік.
– Ең әуелі, мақсары (сафлор) дегеніміз қандай өсімдік, осы жөнінде айтып берсеңіз. Одан май өндіру идеясы қайдан пайда болды?
– Мақсары – жер бетінде сирек кездесетін өсімдік. Оны қоғамның түрлі салаларында пайдалануға болады. Әсіресе медицинада, тағам әзірлеуде, түрлі бояулар алу барысында жиі қолданылады. Аса көп күтімді қажет етпейтін, құрғақшылыққа төзімді бұл өсімдікті баптап өсіруді тез арада меңгеруге болады. Жаңа айтып кеткенімдей, мақсары кез келген жерде өсе бермейді. Әлемде бұл дақылды өсірумен айналысатын елдер көп емес. Ал осы мақсарының ең сапалы түрі Қазақстанда ғана өсіріледі деуге болады. «Неліктен май өндірісіне бет бұрдым?» деген сұраққа келейік. Жалпы менің бұл елде жүргеніме он жеті жылдан астам уақыт болды. Бүгінде өзімді осында туып-өскен адамдай, алматылық ретінде сезінемін. Отбасым, достарым мен жақындарым бәрі осында. Алматыға алғаш келген жылдары мұнда бір кәсіп ашуды көздедім. Бірақ нақты қандай саланы таңдайтынымды білмедім. Халықаралық экономист ретінде мұндағы нарықты зерттей бастадым. Осы кезде еліміздің оңтүстік аймағында мақсары дақылы көптеп өсіріліп, шикізат күйінде сыртқа экспортталып жатқанын байқадым. Жаңа бұл өсімдікті түрлі бағытта пайдалануға болатынын айтып өттім ғой. Яғни маған сол сәтте мұндай өнімі көл-көсір дақылды сол күйі экспорттағаннан гөрі, отандық өнім жасаған әлдеқайда дұрыс болар деген ой келді. Мақсары дақылынан көп көлемде май алуға болатыны белгілі. Бұл май пайдасы мен дәмі жағынан зәйтүн майына ұқсас. Алайда бағасы екі есе арзанға түседі. Міне осылардың барлығын ескере келе, мақсары майын өндіретін кәсіпорын ашамын деп шештім.
– Жаңа кәсіпті ашу барысында мемлекет тарапынан қолдау болды ма?
– Әрине. Еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында зауытты іске қосып, өндірісті қарқынды түрде бастап кеттік. Кәсіпті қолға алған алғашқы кезден бастап күні бүгінге дейін мемлекеттің қолдауын сезініп келеміз. Жалпы Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысамын деген адамға мүмкіндік мол.
– Май өндірісіне кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– Бас кеңсеміз Алматы қаласында болғанымен, май өндіретін негізгі зауыт Жамбыл облысының Шу ауданында, Бірлік ауылында орналасқан. Мұндағы зауыт толығымен Германиядан әкелінген заманауи қондырғылармен жабдықталған. Яғни жүйенің басым бөлігі автоматтандырылған. Майды біз төменгі температурада сығу технологиясын қолдану арқылы аламыз. Бұл әдіс мақсары құрамындағы дәрумендер мен пайдалы заттардың жойылып кетпеуіне септігін тигізеді. Айына орта есеппен 130 мың литрге дейін май өндіреміз. Жалпы майды өңдейтін цех, дақылдарды сақтайтын қойма барлығы бір жерде орналасқан. Дақылды тек осы аймақта ғана емес, Қостанай өңірінде де егуді қолға алдық.
– Өндіріс ошағы өнім шығарумен қатар жергілікті халықты жұмыспен қамтып отырғаны белгілі. Зауытта қанша адам қызмет етеді?
– Енді зауыттың бір өзінде 50-ге жуық адам жұмыс жасайды. Олардың басым бөлігі сол ауылдың тұрғындары. Ал жалпы алғанда «Kaz-Ir Agro» ұжымында шамамен сексенге жуық адам еңбек етеді.
– Отандық тауарды экспортқа шығару мәселесі қалай шешілуде?
– Шындығын айтқанда, өндірісті жандандырып тұрған осы экспорт қана. Мақсары майына өзге мемлекеттерден сұраныс жоғары. Әсіресе, Қытай, Ресей, Бельгия, Голландия, Иран, АҚШ елдері біздің тұрақты тұтынушыларымыз болып келеді. Тапсырыстың үлкен көлемі Қытайдан түседі. Біздегі өнімнің 95 пайызын осы мемлекет алып отыр. Америка, Жапония елдерінде сафлор майын ерекше бағалайды әрі оны тұрмыстың сан түрлі саласына пайдаланады. Сондықтан да экспорт көлемі жыл санап өсуде.
– Демек, өз елімізде мақсары майына сұраныс жоқ?
– Ия, өкінішке орай әзірге Қазақстанда бұл өнімге сұраныс жоқ болып тұр. Себебі, күнделікті тұрмыста күнбағыс болмаса зәйтүн майын пайдаланып үйренген көпшілік мақсары майы жайлы біле бермейді. Ал бұл майдың артықшылықтарын білген адам тұрақты тұтынушыға айналары сөзсіз.
–Осы жөнінде айтып өтіңізші. Мақсары майының өзгешелігі неде? Адам ағзасына тигізер пайдасы қандай?
–Өзге майлар сияқты мақсары майымен де сан түрлі тағамдар, салаттар әзірлеуге болады. Ол асқа дәм беріп қана қоймай, жоғары температурада қыздырған сәтте де өз құндылықтарын сақтап қалады. Холестерині төмен. Мұнымен қоса, жиі тұтынған жағдайда жүректің ишемиялық аурулары, қант диабеті, жоғары қан қысымы, атеросклероз сынды дертпен күресуге көмектеседі. Құрамындағы көп мөлшердегі Е дәрумені қан айналымын жақсартып, иммундық жүйені нығайтып, ағзадағы аурудың асқынып кетуіне кедергі жасайды. Жүрек ауруына шалдыққан жандарға кейде тек мақсары майын ғана қолдануға рұқсат етіп жатады. Жалпы майдың қолдану аясы кең. Көптеген сусабын, кремдердің құрамынан мақсары майын аңғаруға болады. Яғни косметикалық бағытта да сәтті қолдануға болады. Алдағы уақытта мақсарыдан жасалатын өзге де өнім түрлерін шығарсам деймін.
– Кәсіпорын іске қосылғалы бері он жылға жуық уақыт өтті. Осы мерзім ішінде «Kaz-Ir Agro»-ның жеткен жетістігі қандай?
– Жетістігіміз бар, әрине. 2013 жылы Тараз қаласында отандық үздік тауарды анықтау мақсатында өткен аймақтық көрме-конкурсында «Үздік азық-түлік өнімі» номинациясы бойынша марапатқа ие болдық. Осы жылдың қараша айында Алматы қаласында ұйымдастырылған «Тағам өнеркәсібі» — «Worldfood Kazakhstan 2013» 16-шы Халықаралық көрмесінде «Safloria» майы табиғи құрамы мен жоғары сапасының арқасында бірінші орын алды. Бұл көрмеге қазақстандық өндірушілермен қатар, алыс-жақын шетелден келген небір ірі компаниялар қатысты. Солардың барлығын басып озып, үздік деп танылу біз үшін зор мәртебе болды. Дәл осылай 2015 жылы өткен «Халық маркасы-2015» конкурсында да біздің өнім бірінші орын алды. Міне осылай еңбегімізді елеп, ескеріп жатқан сәтте күш-қуат пайда болып, бұрынғыдан да жақсы жұмыс істегің келеді.
– Әңгімеңізге рахмет! Бәсекеге қабілетті отандық өнімдер қатарын арттыра беріңіз!