Табиғаттың тосын сыйы Ақтөбе халқының мазасын қашырды

Ақтөбеде бірнеше күннен бері су тасып, қала шетіндегі саяжайлар су астында қалды. Кешқұрым төтенше жағдайлар департаментінен бірінен соң бірі смс-тер келді де, арада бір күн өтпей жатып топан су басты да кетті. Халық мұндайды күтпесе керек. Абдырап қалды. Туыстары мен таныстарын жағалап кетті. Су астында қалған үйлерінен кейбірі қажетті заттарды да алып үлгермеді.
20170418123210_img_8447

Қала басшысы Ілияс Испанов төтенше жағдай жариялап, су шайған жерлерді өзі аралап шықты. Дегенмен, халықтың көңілі орнына келе қоймады. Қала басшылығы арнайы комиссия да құрды. Алайда, оған қатысқандар қарапайым халықтан гөрі жағдайы жақсы адамдардың су астына қалуы мүмкін үй-жайына алаңдаушылық білдіріп, ақтөбеліктердің ызасын тудырды.20170418135405_img_8585

Тұрғындар желілерде Сапарбаевты іздей бастады. Облыс әкімі 18 сәуірде ел алдына шықты. Ол алдымен Махамбет ауылынан бастады. Саяжайды паналаған тұрғындар бастапқыда ешбір әкімге сенбейтінін алға тартып, бұрынғы облыс пен қала басшыларының үйіп-төккен уәделеріне тойғандарын жасырмай айтты.

20170418135350_img_8581

Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев зардап шеккендерден алдымен қандай көмек керегін сұрады. Су етік киген ол балшықты кешіп, саяжайдағы құлағаны бар, құлағалы тұрғаны бар, саманнан салынған үйлердің жағдайын көріп шықты.20170418131001_img_8524-1

Осыған дейін барлық үйді аралап шықтық деп ант-су ішкен қарамағындағылардың дені, шыны керек, шағым айтқан тұрғындармен арпалысумен болды. Жауапты тұлғалар мүмкіндігінше қала халықпен ұрысып сөйлеп, жақ аштырмауға тырысты. Мұны байқаған болуы керек, Бердібек Сапарбаев түс қайта әкімдікте өткен жиналысты бірқатарын сойып салды.20170418123705_img_8474

«Сендер қарапайым халықпен сөйлесуді де білмейсіңдер. Онсыз да мазалары қашып отырған қара халыққа жекіп сөйлеуге бола ма? Жылы сөйлесеңдер олар сендерді үй салып бергендей қабылдайды. Жағдайды дұрыс түсіндіру керек», — деп кейіді Сапарбаев қарамағындағыларға.

Айта кету керек, әкімді қасындағылар саяжайларды көрсетуге құлық танытпаған сыңайлы. Шамалы жерді көрсетті де, қайтарып әкелмек болды. Алайда, тұрғындар арасынан шыққан Назира есімді белсенді келіншек Бердібек Сапарбаевқа қуыс-қуыстарды көрсетіп, жағдайды өз көзімен көруге шақырды. Шенділер жолдың жоқтығын айтып, Камазды тақап қойып, әкімге соған мінуге ұсыныс айтқанымен, Сапарбаев әрі қарай жаяу кетті.

Махамбет ауылының тұрғындарына су тасқынының табиғаттың тосын сыйы екенін түсіндіруге тырысты.20170418123823_img_8479

«Мұндай жағдай тек бізде емес, өзге өңірлерде де болып жатыр. Сондықтан, дәл қазір сабыр сақтап, мектептерге орналасыңыздар. Қалада бірнеше мектепте арнайы орындар дайындалды. Тамақ бар. Киім-кешек әкеліп жатыр. Бұл ретте қарапайым тұрғындарын көмек қолын созып жатқанын айта кеткен жөн. Өз басым бірнеше облыста болдым, бұдан да зорын көрдім. Сондықтан, сіздер көмексіз қалмайсыздар. Алдымен, үйлері заңдастырылған тұрғындарға көмек береміз. Баспанасының құжаттары жоқ тұрғындарға демеушілер қарастырамыз. Барлығы заң аясында болуы керек», — деді Бердібек Сапарбаев Махамбет ауылының тұрғындарына.20170418123628_img_8463-1

Одан кейін облыс басшысы зардап шеккендер паналап жатқан қала мектептерінің біріне барды. Қала әкімінің орынбасары Ләззат Аманжолова ондағы жағдаймен таныстырып шықты.20170418135454_img_8589

«Тұрғындар тарапынан көп көмек көрсетіліп жатыр. Арнайы тізім жасап, қабылдап жатырмыз. Ауысқандарын арнайы қоймаға сақтаймыз. Өйткені, көмек кейін де керек болады. Мұнда ыстық тамақ беріледі. Төсек орындары қарастырылған. Медбикелер бар. Денсаулығы сыр бергендер қаралады. Кеше бір келіншекті перзентханаға әкетті. Аман-есен босанды», — деді ол. 20170418135500_img_8591

Тұрғындарды «қашанға дейін осылай сабылып жүреміз» деген сауал мазалайды. Оған нақты жауап беру әзірге қиын болып тұр.

img-20170418-wa0069

Өз кезегінде, ватсап желісі арқылы Ақтөбедегі дамбодан су жіберіледі деген қауесет желдей есті. «Қала асты су астында қалады» деген аудиожазбаны естіген тұрғындардың зәре-құты одан сайын қашты. Ал, жауапты төтенше жағдайлар басқармасы жағдайдың қалыпты екенін айтып сендіруде.

«Барлығы бақылауда. Жалған ақпаратқа сенбеңіздер. Ресми ақпарат бар. Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті әкімдіктің мәліметіне сеніңіздер», деп хабарлайды департамент өкілдері.img-20170418-wa0067

Зардап шеккен тұрғындар мүліктеріне алаңдаулы. Апат болған алғашқы күндері алты баласы бар әйел үйінің тоналғанын айтып зар жылаған болатын. «Екі жетім қыздың жәрдемақысына алынған азық-түлік, көрпе-төсек, киім-кешектерімді ұрлап кетті» деп жылаған оның үйіне тәртіп сақшылары арнайы барып, фото-видеоға түсіріп әкелді.img-20170418-wa0068

«Ол жерде ұрлық болмады. Апайдың көңілі орнына түсті. Дегенмен, сақ болған жөн. Барлық саяжай учаскелері бақылауда. Кірген-шыққан адамдарды, көліктерді тексеріп, мүмкіндігінше, суретке түсіріп алып отырмыз. Қай көлік қай жерден шықты, қандай заттар алып шықты, т.б. бақылап отырамыз», — дейді жергілікті полиция қызметінің штаб жетекшісі Ғалым Файыз.   img-20170418-wa0070

Өз кезегінде, облыс басшысы Бердібек Сапарбаев та ұрлық жайттарын болдырмау үшін барлық күшті жұмылдыру керектігін ескертті. «Полиция, әкімдік, төтенше жағдайлар қызметі 24 сағат кезекшілік ету керек» деді әкім.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе