ҚАЗАҚТЫҒЫҢ ҚАМАЛЫҢ !

Біздің күллі өмір  жаратылысымыз  дұрыс пен бұрыс, жақсы мен жаманға бөлінген,олардың  арасында сызық бар. Егер де осы сызық алынып тасталса, олар араласып кетеді.  Мұсылман адам сол сызыққа жоламай,  дұрысын таңдай білуі керек.  Әлбетте, адам баласы ұдайы жетістікті, жақсылықты ғана қалап, таңдағысы келеді ғой. Ендеше  таңдай білу  үшін бізге ақ пен қараны ажырататын білім керек.

Абай атамыз, «жақсы менен жаманды айыра алмадың, бір ұртың май, бір ұртың қан»,- деп бекер налымаған, әрине. Ендеше, жақсы мен жаман, дұрыс пен бұрысты  ажыратып  таңдау білім арқылы жасалады. «Білім – амалдың басы» дейді ғұламалар. Оқу —  білім алу  адам тіршілігінің қай саласында болмасын маңызды орын алатыны бұл күнде жалпақ жұртқа мәлім.  Ал сол оқу, білім арқылы ақиқатты тануымыз қажет. Ақиқатты танымаған білім, білім емес.

Әлем жұртымен бәсекеге түсіп, ақыл-ойдың ілгерлігімен озық көшке ілесіп, реті келсе оза түсуді (алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарында болу) мақсат еткен Тәуелсіз еліміз үшін  жастардың білім алуы аса маңызды. Тағы да сол Абай атамыз көрсеткен адам баласының бір-бірінен озғандығын айқындайтын төрт (ақыл, ғылым, ар, мінез) белгінің бірі ғылымның бастау бұлағы — білім. Еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік тұрғыда қарыштап  дамып жоғарыда айтылған 50 елдің қатарында болуы  азаматтарының білімінің өрісіне және тәрбиесіне  тікелей байланысты.

Ұлттық танымның атасы Ахмет Байтұрсынұлы: «Балаңды ұлша тәрбиелесең – ұл болады,  құлша тәрбиелесең – құл болады» депті.

Ендеше ұлтымыздың ұл – қыздарын тәрбиелейтін, білім беретін бүгінгі таңдағы  Қазақ мемлекетінің түп қазығы – қазақ мектептері. Қазіргі оқушылар ертеңгі ел иесі. Сондықтан барлық мектептер қазақ мектебінің негізінде қалануы керек.  Біреулердің  «орыс тілі кетсе қазақтар білімсіз қалады», «орыс тілінсіз білім жоқ» деген сандырағы бос сөз, санадағы құлдықтың қалдығы және барып тұрған надандық.  Көріп ғана қайтып беруге  бір орысы жоқ Жапония, Араб елдері қырылып қалған жоқ, қайта көшін түзеп, алдыңғы қатарда шеру тартып барады. Сондықтан  Қазақ мемлекетінде отырып, «қазақ мектебінде білім жоқ» деп айтқан адам, ұлттың жауы. Олар сондай отаншыл болса онда сол қазақ мектебінің  білімін жақсартуы  үшін күресуі керек. Қысқасы, балаңды орысша оқытсаң –  қайтып қазақ  болмайды, ол шындық.

Ұлттық құндылықтарға көзқарастың бір  қыры  ұлтсыздық. Оны ғылыми тілде  ұлттық нигилизм  деп атайды.  Нигилистер ұлт  құндылықтарын  қайта бағалап, оның құнын арзандатып, дінге де күмән туғызып, ұлт табан тірейтін тіл, мәдениет, дәстүрдің мәнін, беделін түсіруге жанын салып бағады. Өйткені сол нигилистер дегеніміз отарлау саясатынан  құлданған сананың  туындылары.  Қазақ жеріне  шектеусіз басқа этнос өкілдерін қоныстандыру, байырғы халықты ұлттық азшылыққа айналдыру, қазақ мектептерінің азаюы, аралас некенің көбеюі, тілдік мәдени ортаның тарылуы елдің этникалық келбеті өзгеруі отарлық саясаттың зардабы екенін бәріміз де жақсы білеміз. Ендеше нигилистер ұлттық мемлекеттігімізді жоққа шығаруға, ресейлік отарлау саясатын ақтауға дейін барып жүргенін қазір де көзімізбен көріп жүрміз.

Орыс шовинистерi мен қазақ нигилистерi – рухани ағайындылар.  Заман өзгердi, қазақ тiлi қиындықпен болса да бел алып келедi. Демографиялық өзгерiстер де сенiм туғызады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1959 жылы қазақ ел халқының 30 пайызы болса, орыстар – 42,7 пайыз болды. 1970 жылы қазақтар – 32,6 пайыз, орыстар – 42,4 па­йыз, 1979 жылы қазақтар – 36 пайыз, орыстар – 40,8 пайыз, 1989 жылы қазақтар – 40,1 пайыз, орыстар – 37,4 пайыз, 1999 жылы қазақтар – 53,4 пайыз, орыстар – 30 пайыз, 2009 жылы қазақтар –63,1 пайыз, қазiр 66 пайыз­ға жақындап қалды. Орыстар болса – 23,7 пайыз. Байқап отырсаңыз, орыстардың үлесi соңғы әр он жылда 7 пайызға жуық азайып келедi. Қазақы тiлдiк орта да қалыптаса бастады. Ендi он жылда жағдай бүгiннен де жақсара түседi.  Қазақты бiр жағынан намысы қамшыласа, екiншi жағынан қазақ тiлiн мемлекет шынайы қолдаса, иншалла, үмiтiмiз ақталар.

Қазақстанды мекендеп жатқан басқа ұлттар қазақ ұлттың дамуына мүдделі болуы тиіс. Өйтпегенде, әртүрлі  қақтығыстар орын алуы әбден мүмкін.  Қазақстандағы ұлттар алдымен қазақтың дамуына ниеттес болмай, олар да дами алмайды. Оның басты белгісі ретінде  қазақтың тілін үйренуі қажет.

Шындап келгенде, Тәуелсiздiк қазақтарға ғана керек екенін өмір өзі көрсетуде. Басқа диаспоралардың көпшiлiгiне оның көк тиынға да керегi жоқ. Егер тиімсіз болса олар өздерінің тарихи отанына көшіп кете береді, кетіп те жатыр. Әсiресе, орыстар бiзде көп артықшылықтарды пайдаланып отыр. Олар өз тiлде­рiнде ғана сөйлейдi. Мектептерде қазақ тiлi мем­ле­кеттiк тiл ретiнде оқытылса да, оны бiлу оларға мiндет­телмейдi. Одақ кезiндегi сияқ­ты қазақ тiлiн бiлмесе де, 4-5 деген баға қойылып, ке­лесi сыныпқа көшiрiле бе­ре­дi. Бұл бүкiл оқу процесiне, бiлiм деңгейiне керi әсерiн тигiзiп жатса да мұғалiмдер бiлмегенсiп жүре бередi.

Тәуелсіз елімізде қай оқу орындарында да білім қазақ тілінде берілуі керек. Қазақ Исламын қазақ тілінде түсіндіруге болады.  Қазақтың сан ғасыр қалыптасқан руханиятына негізделсе ғана дәстүрлі дініміздің дамуы нәтижелі болады деп есептеймін. Және бізде Исламды орысша түсіндіретіндер қазақ рухынан алыс болады

Қазақтың өзінің ұлттық рухани жолы бар. Орыстан енді құтылармыз деп жүргенде сырттан оқып келген жат пиғылды адамдар қазақтың дәстүрлі жолына түзету енгізгісі, жоққа шығарғысы келеді. «Бұларың дұрыс емес», «түрік бол» немесе «арабша жүр» дегісі келеді. Салт-дәстүрі, танымы, тынысына қарай арабтың да, түріктің де Исламды ұстануы қазақтан бөлегірек. Сондықтан біреудің сенімін негізсіз әкеліп, ұлтымызға таңудың қажеті жоқ.

Қарапайым күнделікті өмірде  шариғатқа негізделген сүннет пен салт үйлесімі біздің ұлттық руханиятымызға біте қайнасып кірігіп қана қоймай, салт- дәстүр, әдет- ғұрып болып қалыптасып кеткен. Ал аса бай ана тіліміз олардың берік қамалы. Ол берік қамалды ата- бабаларымыздың арман еткеніндей мәңгілікке жеткізу жолында ешкімге алдырмауға тиіспіз.

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ