Ұлттық құндылықтар мектептерін ашу ұсынылды

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универсиетімен бірлесіп, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылау бойынша бірқатар зиялы қауым өкілдерінің, мемлекеттік және қоғам қайраткерлерімен, ең бастысы Астана қаласының белсенді жастары және жастар ісімен айналысатын ұйымдардың өкілдерімен кездесуін ұйымдастырды

 Кездесудің басты мақсаты – мақалада айтылған тұжырымдамалардың нақты іске асыруда бастамаларды талқылау, жүзеге асырудың ұтымды жолдарын іздестіру.

Шара барысында Елбасының ой толғауы, рухани жаңғыру жөніндегі ұсыныстары бірінші кезекте жас ұрпаққа арналғандығы туралы айтылды.

Кездесу барысында аға буын өкілдері жастармен мақаланың тарихи маңыздылығы туралы әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, қатысушылардың пайымдауынша мақалада қойылған жаңа міндеттер жастар тарапынан жаңа, тың бастамаларғанегіз болады.

«Осындай аға буын мен жас ұрпақтың салиқалы сұхбаттары рухани жаңғырудың маңыздылығын терең түсінуге мүмкіндік береді, буынаралық сабастықты жалғастыру қажет. Мұндай шараларды барлық оқу орындарында өткізіп, жастар өз болашақтарының иесі ретінде Елбасы мақаласындағы идеяларды жүзеге асыруға белсене атсалысуы керек» дейді Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов.

Сонымен қатар, оның айтуынша, ұлттық кодымыздың ертеңгі аға буын, зиялы қауым өкілдерінде сақталуының бір кепілі ретінде университеттер мен институттарда, колледждерде Ұлттық құндылықтар мектебінің жұмысын ұйымдастырған жөн.

«Бұл мектеп жаһан жаңалықтарының жағымдысын инеге іліп, ел ерекшеліктерінің игілерін, ұлттық мұрат-мақсаттарды жас адамның бойына терең сіңіруге қызмет атқаруы абзал», — деді вице-министр.

ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Ғарифолла Есім ұлттық мектептерді «Абай жолы» деп атап, оны еліміздегі барлық оқу орындарында құруды ұсынды. Қатысушылар тарапынан оқу орындары жанынан Ұлттық құндылықтар мектебін құру туралы ұсыныс кең қолдауға ие болды.

«Мақаладағы бағдарлы ой-тұжырымның меңзейтіні жаһанның жағымды жаңалығын бойға сіңіре отырып, болашаққа басқан жолымызда ұлттық болмысымыздан айырылып қалмау керек. Қайта керісінше, өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздың дүниежүзілік қазынада ойып алар орнын айшықтау» — деді вице-министр сөз соңында.

Baq.kz