Ұлт болып ұйысуды қаламайтындар жік шығаруға бейім

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлт болып ұйысудың жаңа бағытын қалың елі қазағына айқындап берді. Еліміздің жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын ашық айтты. Қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі саяси реформа мен экономикалық жаңғыру екенін айта келе: “мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол — әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу” деді. Атап айтар болсақ, Президент атаған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар.

Сондай-ақ, Елбасы еліміз мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басу керектігін және бұқаралық сананы қалай өзгерту туралы да өз көзқарасын ортаға салды.

Президент мақаласына орай экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Жангелді Шымшықов мырзамен аз-маз сұхбаттасуға тырыстым.

Жангелді аға, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Пікірлер де сан алуан. Экономист ретінде осы мақалаға көзқарасыңызды білдірсеңіз.

— Елбасы айтпақшы, елдің еңсесін көтеретін күш — рухани жаңғыру ғой. Мұны біз баяғыдан көтеріп келе жатырмыз. Өткен-кеткенге көңіліміз толмай, ұлт рухын көтерер күн қашан туар екен деп армандағанымыз рас. Енді, міне, Елбасының мақаласы көңілімізге үлкен үміт ұялатып жатыр.

Осы мақалада айтылған, бұрыннан айтылып жүрген латын әліпбиіне көшу мәселесіне сәл аялдасаңыз.

— Мен латын қарпіне көшу комиссиясында Экономика институтының атынан бір жыл жұмыс істегенмін. Сонда бірнеше елдің тәжірибесін зерттегенбіз. Соның ішінде бірінші кезекте Өзбекстанды. Жұмыс барысында Өзбекстанда өзім де болдым. Олар әлі де болса екі алфавитпен жүр. Өздеріңіз де білесіздер, Өзбекстан латынға көшкелі 25 жыл өтсе де, халқының бірі латын қарпін қолданамын деп, екіншілері кириллицада жазамын деп, өздері шатасып жатыр. Бұдан біз сабақ алуға тиіспіз.

Халқының 80 пайызын өзбек ұлты құрайтын мемлекетте латынға көшу жолында осыншама «тар жол, тайғақ кешу» болса, біздің жағдайда «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізденің» кебі десеңізші.

— «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді қазақ. Менің қорқатыным, бізде қазақ және шала қазақ деген топтар бар. Ертең латынға көшкенде екі бөлініп айтыссақ, сол жаман. Жікке бөліну ұлтты орға жығады. Осы тұрғыдан қарағанда, біздің елде латын мен кириллица болып қақ айырылу қаупі басым. «Ауруын жасырған өледі». Қауіп бар.

Сөзіңізден дәл қазір латынға көшудің тиімсіз екені аңғарылады.

— Латын тілін бірден жүзеге асыру өте қиын. Дегенмен келешек ұрпақ тез үйренеді. Оған сөз жоқ. Бірақ 2025 жылға дейін барлық халық тез көшіп алады деп айта алмаймын. Оған жоғарыда мысал келтірдім. Ерте ме, кеш пе, бәрібір көшетініміз анық.
Сосын тағы бір айтарым: біздің 1929 жылдан 1941 жылға дейін латын харпінде шыққан кітаптарымыз бар. Сол кездегі шыққан кітаптардың көбіне тыйым салынған. Латыншаға көшіп жатсақ, соларды оқуға мүмкіндік туар еді.

Сөзіңізді бөлейін, латын қарпіне көшіп жатсақ, аударма мәселесі де үлкен проблемаға айналғалы тұр-ау?

— Иә. 1941 жылдан бері кириллицамен небір күшті кітаптар шығардық. Оларды латыншаға көшіру оңай жұмыс емес. Сондықтан әлі де болса тәжірибелерді зерттеп қарау керек. Дегенмен бұрынғыға қарағанда аударма жасайтын автоматикалық құралдар өте зор маңызға ие. Мысалы, ағылшын тілін білмесең де, оны өз қалауыңша тез арада аударып беретін құралдар көбейді. Ертең латын қарпінде солай тез меңгеріп кетуге болар еді. Бірақ…

Бірақ деуіңізге қарағанда, көмейіңізде бір өкініш табы бар секілді?

— Айтпасқа болмай тұр. Айтайын. «Юсайд» деген халықаралық ұйым бар. Сол ұйым 1990 жылдары бүкіл алфавиттерді интернетке енгізді. Олар өте арзан бағаға жұмыс жасады. Өзгені қойып, грузиндер өздерінің қилы-қилы әріптерін интернетке сақтап қойды. Дәл сол шешуші кезеңде мемлекет сараңдық жасады. Бізден ақша аяды. Сөйтіп, біз қосыла алмай қалдық. Ақырында міне, кириллицадан қиындық көріп жатырмыз…

Жангелді аға, әңгіме ауанын көңілдегі түйткілді ойға бұрғалы отырмын. Қалай ойлайсыз, Елбасы мақаласындағы ұлттық кодты жаңғыру туралы идеялар баз біреулердің шамына тиіп кетуі мүмкін бе?

— Тиіп кетпек түгілі, интернет қазірдің өзінде у-шу болып жатыр емес пе? Орыстілділерге бұл ұнамай қалғаны анық. Ұлттық мүдде туралы сөз болса, арқасына ер батқан аттай қиқалаңдап, мінез шығарып отыруы бізге үйреншікті жайт қой.

Несін жасырамыз, олар біздің түстіктегі қалаларымыздың шығу тарихын өздерінше бұрмалап, отарлау саясатын жымдастырып отыр. Әріге бармай-ақ қояйын, Көкшетаудағы Чучинск қаласын «Бурабай» деп өзгертеміз дегенде ондағы казактар аттандап көшеге шығып кеткені белгілі. Петропавл мен Павлодар қалаларын қазақшалау мәселесі көтерілгендегі ұрыс-керіс бір тарих. Көп қой тере берсек…

Сол себепті ұлттық рухты жаңғыртуға арналған мәселелерге қарсылық болмайды деп, кесіп-пішіп айту қиын. Ең басты мәселе — біз оған дайынбыз ба? Қарсы тұра аламыз ба? Бұл ұлтын сүйген әр қазақтың алдынан шығар сауал.

— Ашық-жарқын сұхбатыңызға рақмет, аға!

Сұхбаттасқан НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК