«Мәуелі ағаштың басы иіліп тұрады»
Халқымызда «Еңбек етпей, елге өкпелеме, егін екпей, жерге өкпелеме» дейтін мақал бар. Елі үшін еңбек етіп жүргеніне еш бәлсінбейтін ерлеріміз қаншама?! Осындай атақсыз қаһармандарды халықтың ішінен, қарапайым еңбек адамдарының арасынан көресің. Олар қоғамның әр саласында, еліміздің әрбір аймағында, ауылында үнсіз ғана еңбек етіп жатыр. Олардың атына айтылған мақтау мен жылы сөздер жігер берумен қоса, сенімнің салмағын сездіретіндей. Өйткені «мәуелі ағаштың басы иіліп тұрады».
Біздегі еңбек адамдарын бір-бірінен бөле алмайсың. Немесе абыроймен екшеу, сөйтіп, даңқ төріне «сүйрелеу» дегендер тіптен адамшылыққа жат нәрсе. Олардың қатарында қарапайым жұмысшы да, май шапан шопыр да, ақ таяғын ұстаған малшы да, ақ халатты дәрігерлер мен құрылысшылар да бар. Ал шәкірт үшін самай шашын ағартқан ұстаздар қауымын қалай бағаламасқа?! Осындай еңбек адамдарының арқасында еліміз көркейіп келеді. Олар тұрғанда егемен еліміздің ертеңі тіпті нұрлы болмақ.
Кезекті сұхбатымызды осындай еңбек адамдарының қатарындағы ұстаздар қауымына арнасақ деп отырмыз. Әңгіменің кейіпкері Астана қаласында өткен күзден бастап жұмыс істеп жатқан О.Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебінің жоғары санатты математика пәні мұғалімі, «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталығының директоры Ырысбек Мәуітұлы. Қытай елінде туып-өсіп, ол жақта да ағарту саласында біраз уақыт тер төккен, кейін атажұртқа ат басын бұрған кейіпкеріміздің жеткен жетістіктерінен бұрыннан хабардармыз. Оның шәкірттерінің халықаралық олимпиадаларда топ жарып жүргендігін де білетінбіз. «Сәлемнің де сәті бар» демекші, сол таңдаулы ұстаз, еңбекқор азаматпен сұхбаттасудың сәті енді түсті.
— Сіздің жетістіктеріңізден БАҚ арқылы, әлеуметтік желі арқылы таныспыз. Десе де, оқырмандарға өзіңіздің еңбек жолыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз.
— Туып-өскен жерім ҚХР-ның Алтай аймағы, дәлірек айтсам, әйгілі Оспан батырдың мекені Көктоғай ауданының тумасымын. Сол жақта жоғары оқу орнын тамамдап, біраз жыл қазақ мектептерінде математика пәнінен сабақ бердім. Шәкірттерімнің алды Қытайдың үлкен қалаларындағы мықты университеттеріне оқуға түсті. Сол жақта қызмет ете жүріп, өз мамандығым бойынша біраз тәжірибе жинадым. 2008 жылы елге келдім. Қытайдан келгендердің көбі осында келген соң бұрынғы мамандықтарын тастап, кәсіпкерлікке кетіп жататыны бар. Оны да түсінуге болатын шығар. Маған да ақыл айтқандар көп болды. «Мұғалімнің жалақысы төмен екен, тіл жағынан кедергілері бар, өйтіп қиналып жүргенше, басқа іспен айналыс» деген ұсыныстар айтылды. Біраз ойландым да, өзім сүйген ұстаздық кәсібімді жалғастыра беруге бекіндім. Сол 2008 жылдың қыркүйегінен бастап Астана қалалық «Дарынды балаларға арналған №9 «Зерде мектебінде» жоғарғы сыныптарға математика пәнінен сабақ бере бастадым. Ол жерде 8 жыл қызмет еттім. Өткен жылы Алматыдағы Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебі Астанадан филиалын ашты, сол мектептің ұсынысымен 2016 жылдың қыркүйегінен бері сонда қызмет етіп келемін.
— Қызмет барысында қандай қиыншылықтар болды?
— Қытайда заманның жақсы кезінде қазақ мектебінде оқыдым. Олай дейтінім, қазір қазақ мектептері жаппай біріктіріліп немесе жабылып жатыр. ЖОО-да сабақтар қытай тілінде болса да, мектепті қазақша оқыдым. Ал мұнда келген соң, ең басты тілдік кедергі орыс тілі болды. Бізде орыс тіліндегі материалдар өте көп қой. Сонымен қатар оқулықтағы ғылыми атаулардың орыс грамматикасына сай дыбысталуы едәуір қиындық тудырды. Құдайға шүкір, жан-жағымда жақсы адамдар көп болды. Олардан көп нәрсе үйрендім. «Зерде» мектебінде жүргенде сондағы білікті ұстаздарды менің «атажұрттағы ұстаздарым» деп айтар едім. Орынбасар Әжіғалиев, Тердікбай Күшай, Сартқожа Байған сияқты ағалардың педагогикалық шеберліктері маған өнеге болды. Ал жалпы математика дегеніміз — әлемге ортақ ғылым ғой. Бұрынғы негізім де жаман емес еді. «Зердеде» қызмет істей жүріп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен математика бағыты бойынша магистратураны тамамдадым. Бұл оқу жолы маған көп нәрсені үйретті. Мұхтарбай Өтелбай, Уәлбай Өмірбай сынды әйгілі математиктерден дәріс алмақ түгіл, алдында болып ақыл-кеңесін естудің өзі қандай!..
— Еңбек жолыңыз туралы біраз мәліметке қанықтық. «Қандастарымыз елге не беремін деп келуі керек» деген патриоттық сезім мен сенімге толы сөз бар. Ал сіз не бердіңіз? Жетістіктеріңіз туралы айта отырсаңыз.
— Ұстаздың ең үлкен жетістігі дарынды шәкірті деп ойлаймын. Алдымнан дәріс алған оқушыларымның әрбір жеткен жетістігі — менің жеңісім. Солардың марапатын көргеннен артық қуаныш жоқ бізге. Қазірге дейінгі еңбек жолымда математика пәні бойынша талай аламанда бақ сынап жүрген шәкірттерім бар. Өзім дайындаған балалардың ішінде Нарбаев Бақдәурен, Аманкелдин Әкежан, Мейрам Серікболсын, Ғалымгереев Мадияр, Амиров Мирас, Қияқпай Думан сияқты оқушыларым 22 мәрте халықаралық, 7 мәрте республикалық, 24 мәрте қалалық олимпиадалардың жүлдегерлері атанды. Мұғалімнің біліктілігі білім сапасын көтере білуінде. «Зерде» мектебінде жүргенде білім сапасы жағында жетістіктерге жете алдық. Ол, әрине, ұстаздар қауымының еңбегі мен шәкірттердің қажырлылығының нәтижесі. Біздің түлектердің арасында 2010-2011 оқу жылында ҰБТ қорытындысы бойынша математика пәнінен орташа ұпай 23,5 болды. Мектеп бітіруші 10 оқушы Назарбаев университетінің оқу грантын иеленді. Түлектер арасынан жетеуі білімдерін дәлелдеп, «Алтын белгі» иегері атанды. Мұндай көрсеткіштер жыл сайын болып жатыр. Осылардың арқасы ғой біздің марапатталып жүргеніміз. Қазірге дейін өз мамандығым бойынша сан мәрте республикалық деңгейдегі түрлі семинарлардың әдіскері, конкурстардың жеңімпазы атандым. Астана қаласы әкімдігінен бірнеше рет «Алғыс хат» алдым. Елге келгеннен бері қарай оннан астам оқу құралын жазып, дайындадым. Сонымен қатар, халықаралық, республикалық пән олимпиадалары жеңімпаздарының жетекшісімін. Мектеп және қала бойынша бірнеше мәрте «жыл мұғалімі» атандым. Үш рет Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасын» иелендім (2011, 2012, 2017 жылдары).
— Бәрекелді, еңбегіңіз жана берсін! Мынау мақтау қағаздарының арасында сіздің жазған оқулықтарыңызды да бағалаған көрінеді.
— Жаңа айттым ғой, қазірге дейін оннан астам оқу құралын жаздым деп. Бұл ең әуелі қажеттіліктен туындаған еді. Бізде қазақ мектептерінің саны жылдан-жылға артып келеді, қазақ тобының оқушылары да жылдам көбейіп жатыр. Яғни, қазақтілді оқу құралдарына сұраныс бар. Әйтпегенде, Ресейден шыққан небір таңдаулы материалдарды алдырып, пайдалана беруге болады ғой. Десе де, қашанға дейін сыртқа телміріп отырамыз? Отандық білім саласы отандық зерттеушілердің еңбегімен толығуы керек деп есептеймін. Жазған еңбектерімнің ішінде олимпиадалық жарыстарға дайындалатын оқушыларға арналғаны, ҰБТ-ның жаңа форматына байланысты математикалық сауаттылықты арттыруға арналғаны, әртүрлі сыныптарға арналған жаңа бағыт, жаңа реформаларға байланысты 100-дік бақылаулар жинағы секілді бірнеше бағыттағы оқу құралдары бар. Қазір ҰБТ-ның жаңа формасына лайықтап жазылған оқу құралыма республиканың жер-жерінен сұраныстар түсіп жатыр. Жақында ғана Білім жане ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзаның қабылдауында болып, осы жаңа оқу құралдарымды таныстырдым. Министр оң бағасын берді, әрі көптеп таралуына жағдай жасайтындығын айтты.
— Екі елде қызмет істеп көрдіңіз, қандай айырмашылықтарды байқайсыз? Қазір математикаға қызығатын балалар азайып бара жатқан жоқ па?
— Математика — гуманитарлық ғылымдардан өзгеше сала ғой. Бұл басынан бастап жақсы меңгеруді талап етеді. Біртіндеп тереңдей береді. Бастауыш сыныптардан бастап жақсы оқи алмаған бала, жоғары сыныптарға барғанда математикаға мүлде қызықпауы мүмкін. Сондықтан мұғалімдерге көп тер төгуге тура келеді. Екі мемлекеттегі оқушылардың деңгейін салыстыруға келмес… Қытайда адам көп, көптің ішінен небір таланттардың шығуы да заңдылық қой. Ал біздің санымыз аз болса да, жұрттан қалып жатқан жайымыз жоқ. Үлгі етер әлемдік деңгейдегі математиктеріміз бар. Оқушыларымыз да халықаралық олимпиадалардан көрініп жатады. Қазіргі қоғамда жарнаманың барлығы шоу бизнестің, экономиканың төңірегінде ғана жүріп жатыр. Ғылым-білім саласының жетістіктері көп таныстырыла бермейді. Осының өзі жас жеткіншектеріміздің ғылымға қызығушылығына өз әсерін тигізіп жатыр. Әйтпегенде «қазақтың әрбір баласы дарынды» екені даусыз.
— Қосымша білім беру орталықтарын ашып жатыр екенсіз…
— Астана қаласынан «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталығын құрып, жұмыс жасап жатқаныма төрт жыл болды. Орталықтың мақсаты — оқушылардың жаратылыстану бағытындағы білімі мен ағылшын тілі деңгейін тереңдетіп, олардың интеллектуалдық потенциалын көтеру. Сонымен қатар, шетелден келген қандастарымызды Қазақстанның оқу орындарына бейімдеу. Қазір орталықта 600-ден астам оқушы сабақтан тыс өз білімдерін жетілдіріп жатыр. 52 мұғалім қызмет атқарады. Оның ішінде 10 оқытушы Назарбаев университетінің тәжірибелі мамандары, қалған 42 оқытушы Астана қаласының алдыңғы қатарлы мектептерінен таңдап алынған білікті ұстаздар. Орталықта қызмет атқарып жатқан оқытушылар да Білім басқармаларынан, БАҚ-тан, семинарлардан 16 мәрте республикалық, қалалық дәрежедегі марапаттар мен алғыс хаттар алды. «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығына келушілердің қатары жыл санап көбейіп келеді. Әсіресе Елбасымыздың көшіқон саясатының арқасында алыс-жақын шетелдерден көшіп келген қандастарымыздың қарасы көп. Олардың білім деңгейі жоғары болғанымен, қазақ тілі мен жазуына келгенде жаңа ортаға үйлесе алмай, қатты қиналып жатады. Көбі бір сынып шегініп оқуға мәжбүр болуда. Біз оларға да өз көмегімізді аяп жатқанымыз жоқ. Осы уақыт аралығында «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығы шетелден келген 600-ден астам оқушыны мектептер мен жоғары оқу орындарына бейімдеп бердік. Қазірдің өзінде орталығымызда шетелден келген және 200-ден астам оқушы қосымша білім алуда.
— Еңбегіңіз жана берсін! Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан — Ерқазы Сейтқали