Елордалық өнерсүйер қауым Димашқа құрмет көрсетті
«Қазақстан» концерт залындағы негізгі шара басталмас бұрын астаналық жанкүйерлер Димаш Құдайбергенді кіреберістен күтіп алды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кеткен жөн, «Қазақстан» концерт залындағы «Әлем таныған Димаш» атты мерекелік кештің шақыру билеттерінде шараның басталу уақыты 17:00-ге белгіленген еді. Алайда Димаштың жанкүйерлері одан бұрын жиналды. Жоспар бойынша алдымен Димашты сырттан күтіп алу рәсімі тұрды. Сол себепті жиналған жұртты бірден ғимаратқа кіргізбеді. Жастар өз кумирін асыға күтті. Содан болар, екі-үш сағаттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалды. Дегенмен, сыртта отыратын орын болмағандықтан, қариялар қиналып қалды.
Тура 19:00-де қара «Мерс» мінген Димаш келді. Келді де, барлық жанкүйерлерінің көңілін табуға тырысты. Селфиге түскісі келгенмен фотоға түсіп, қолтаңба сұрағандарға да уақытын аямады. Кішкентай балалардың да қолынан ұстап, өз ықыласын білдірді. Сөйтіп, қызыл кілеммен «Қазақстан» концерт залына кіріп кетті. Сол жерде өз достарымен де құшақтасып тұрып, амандасып үлгерді.
Айта кетейік, Мемлекеттік «Дарын сыйлығының иегері Димаш Құдайберген Қытайдағы «I am Siger» байқауында екінші орынды жеңіп алды. Жақында ол ҚР Президентінің стипендиясына ие болды.