Бақытжан Ертаев: «Құрылысқа миллиардтап қаржы бөлінді. Бірақ баспана мәселесі шешілер емес»

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Тұрғын үй құрылысының қолжетімділігін арттыру бойынша бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар туралы» отырыс өтті. Онда Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев елімізде тұрғын үйге арналған қаншама бағдарламаның болғанымен халықтың үйсіз жүргендігін ашына айтты.

– Теледидарды көрген кезде жүрегің ауырады. Алданып қалған үлескерлерге обал. Неге осындай әділетсіздікке жол беріп отырсыздар? Қашан көрсеңіз, қарапайым халық қиналып жүреді. Менің депутат болғаныма 6 жыл болды. Қашан көрсеңіз де құрылыс саласына миллион, миллиард қаржы бөлінеді. Сонда да қарапайым халықтың баспанасы жоқ. Олар әлі күнге дейін баспанасыз өмір сүріп жатыр. Мәселе әлі күнге дейін шешілген жоқ, – деді ол.

Кейін халық қалаулысы Кеңес уақытында баспана мәселесі баяу болса да шешілетіндігін алға тартты. Ал қазір бұл проблема әлі күнге дейін шешімін таппаған.

–  Кеңес уақытында да баспана мәселесі болды. Бірақ бұл проблема шешілетін. Алайда қазіргі таңда қаншама ұйым, ведомство, банк, бағдарламалар бар. Бірақ мәселе әлі күнге дейін шешілмей келе жатыр, – деп түйіндеді сөзін Бақытжан Ертаев

Baq.kz.