Қазақ жігіттерінің өзбектерден несі кем?
Шу ауданының орталығы Төле би ауылы тұрғындарын көгілдір отынға қосу мәселесінің ушығып тұрғаны жайлы біраз БАҚ-тар жазды. Аудан көлеміндегі автожолдардың тым жарамсыз екенін, мердігерлердің газ құбырларын орнату мен олардың жұмыстарының сапасын тексеріп тұруға аудан орталығы Төле би ауылынан бастап, барлық ауылдарда ардагерлер мен соған қатысты мамандар тарапынан тексеру комиссиясын құруға ұсыныс жасалды. Бұл Шу ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері, белгілі кәсіпкер Жұмахан Оспанов пен т.б. ақсақалдардың қолдауына ие болып, жиналыс қаулысымен қабылданды.
Әсіресе аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманов:
— Осы айтылған пікірлердің бәрі де дұрыс, көкейге қонымды. Бірақ әлі күнге дейін қоғамымызда орын алып жатқан келеңсіздіктердің түп төркінінің қайдан туындап жатқанына зер сала мән бермеудеміз. Тек осы Шу ауданы ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде қаншама жастарымыз сенделіп бос жүруде. Ел ертеңі — келешек ұрпағымыздың болашағын неге ойламаймыз?! Оқу орнын бітіріп, мамандық алғандарына қарамастан, жұмысқа орналаса алмай жүргендері өте көп. Біз ылғи Кеңес Одағын жамандаумен келеміз. Дегенмен сол кездерде жасы келген жастарды Кеңес әскері қатарына шақырып, қызмет еткізетін еді. Бүгінде осындай игі үрдістердің үзілгеніне қарап қынжыламыз. Жастарымызға жұмыс табылмай, мына дағдарысты нарық заманында олардың қылмысты әрекеттерге ұрынуларына, болмаса азын-аулақ тиын-тебен үшін жат діндерді насихаттаушылардың қармағына ілініп, шетел асып Сириядағыдай соғыс өрті тұтанған қауіпті аймақтардан табылмасына кім кепіл?! Бұл Үкімет орындары тездете қолға алатын ең өзекті мәселе екендігі даусыз. Сондықтан ең алдыменен еліміздің қауіпсіздігін ойласақ, жастарымызды отансүйгіш етіп тәрбиелей отырып, жер-жерлерде салынып жатқан ауқымды құрылыс нысандарына қатыстыруды ойластырғанымыз жөн. Ол үшін Қорғаныс министрлігі тарапынан елімізде құрылыс батальондарын жүйелі түрде ұйымдастырып, әскер қатарына шақырылған жастарды жұмысқа тартып, тіптен оларды дәнекерлеуші, кірпіш қалаушы, сылақшы т.б. мамандықтарға үйретсе. Сонда олар 2-3 жылда білікті маман ретінде пісіліп-жетіліп, жат қылықтардан ада болумен қатар, отбасына біршама қаражатпен оралған болар еді, — деп, өз ойын түйіндеді.
Шындығында, өзіміздің қаракөз бауырларымыз екі қолға бір күрек таба алмай жүргенде «тендерді жеңіп әперген көкелерінің» көлеңкесімен ауқымды ғимараттар құрылысын қолға алған мырзасымақтар өзіміздің қазақ жастарына көз қырын салмай, танауларын шүйіре қарап, пайданы күреп табу жолында арзанқолды өзбек пен қырғыздарды құрылыс жұмыстарына пайдаланып жүргендері жасырын емес. Бұндай жағдайда қаншама миллиардтаған қаражатымыз шетел асып, еліміздің экономикасына да айтарлықтай шығын әкеліп жатқан жоқ па?..
Мәкен Уақтегі