Білім қонсын десеңіз…
Адам білім үйрену үшін үш түрлі жануарға ұқсауы керек.
Ең алдымен – мысық секілді кішіпейіл болу, ұстазы қанша қаталдық танытса да ешқашан білімге деген құштарлығын тоқтатпау.
Бірде бір ғұлама ұстазына білім үйренуге барады. Ол діни мереке – айт күніне тура келіп қалады. Содан ұстазы ашуланып оны он бес рет таяқпен ұрады. Ашуы басылған соң шәкіртінен кешірім сұрайды. Шәкірті «Кешірмеймін, кешірсін десең, он бес хадис үйретесің»,-дейді. Ұстазы он бес хадис санатымен (жеткізуші адамдардың толық аты-жөнімен бірге) айтып береді. Сонда шәкірті: «Мені тағы он бес рет ұршы, соның кешіріміне тағы он бес хадис санатымен айтып берші»,-деген екен.
Екінші сипаты – ол есектегі сабырлылық. Сіз қанша жүк артсаңызда еш қарсылықсыз кете береді. Адам білім іздеуде сабырлылық танытпаса, білім өз нәтижесін бермейді.
Үшінші сипаты – әтеш секілді ерте тұру. «Ерте тұрсаң, алдыңнан күн шығады, кеш тұрсаң, алдыңнан түн шығады» дегендей, қараңғылыққа емес, жарыққа ұмтылайық. Көкірегімізді надандыққа емес, тазалыққа толтырайық.
Ерсін Әміре