Отарсыздандырудың басы – орыстық кіріл әліппесінен құтылу!
«СКЕЛЕТТЕР» ТІРІЛМЕЙДІ!
Қазақ халқы отаршылдықты жою үшін латынға қарсылардың Кеңсайға қоныс аударуын күтіп отырмайды!
28-сәуір күні «Жас алаш» газеті шкафтан бұдан төрт жыл бұрынғы сүйегі саудыраған «скелетті» шығарып алыпты. 1913 жылы жарияланған «Латын әліпбиіне көшуге қарсымыз!» деген Ашық хат қайта басылған. Қол қойған адамдар саны – 19. Бәрі кеше өзіміз құрметтейтін ағаларымыз бен замандастарымыз. ФБ арқылы дереу жауап Ашық хат ұйымдастырылса оған қазір жүз мыңдаған адам қол қояры анық.
Осы жарияланым екі ұдай күйде қалдырды. Алғашқысы тікелей Латын әліпбиіне көшу туралы. 1940 жылы қазақ халқымен санаспастан Мәскеудің ұйғарымымен Қазақстан бір сәтте Кіріл (кириллица) әлфәбитіне көшірілгені рас. Ол кезде республиканың басшысы Николай Александрович Скворцов деген орыс болатын. Әрі Мәскеудің қаулысында «Орыс сөздерінің түбірі өзгертілмей жазылсын» деген қағидасымен ұлттық тіл заңдылықтары тас-талқан етілген. Бұл Қызыл империяның отаршылдық саясатының санамызға жуан таңба басуға тырысқан әрекеті еді. Одан бері де 77 жыл өтіпті. Тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл!
Кеше бізді зорлап кіргізген «қорадан» енді шығуымыз керек пе, жоқ па, ағайын? Әрине, керек! Қазақстанда отарсыздандыру жүргізілуі керек пе Осы? Әрине, керек! Отарсыздандыру дегеніміз үлкен кешенді шаралар. Отарсыздандырудың басы – орыстық кіріл әліппесінен құтылу. Ол бізге не береді?
Ол басқасын қойғанда орысқұлдық саясаттан арылуымызға, орыстық психологиядан ажырауымызға, орыстанып кеткен қандастарымыздың тайраңдауына тосқауыл қоюға, тәуелсіздігімізді нығайтуға, мемлекеттік тілдің тілдің мәртебесін көтеруге, қазақтық дыбыс, әріп заңдылықтарының үндестік заңымен сәйкестеніп қалпына келтірілуіне мүмкіндік береді.
Латын әліпбиі ресми енгізілген соң Парламент заңдарды орыс тіліне жалтақтамай латын әліпбиі негізінде мемлекеттік тілде әзірлеп, қабылдайтын болады! Мемлекеттік тіл латын әліпбиі негізінде өмірдің барлық саласында басымдыққа ие бола бастайды.
Осындай жағдайда «Жас алаштың» 19-дың хатын қайта басуы түсініксіз. Латын әліпбиіне көшу – отарсыздану талабы! Заман өзгерген сайын адамның көзқарастары мен ұстанымдары да өзгеріп жатады. Сол 19-дың бәрі бүгін Қазақстанның отарсыздануына қарсы деп ойламаймын. Қазақ халқы отаршылдықтың сарқыншақтарын жою үшін 19-дың Кеңсайға қоныс аударуын күтіп отырмайды. Әрі мұны бүгінде тек билік қана емес, кейбіреулерін есептемегенде олардың өздері де түсінетін болды деп ойлаймын!
Енді екінші алаңдауымның себебіне көшейін. «Жас алаштың» азу тісі қағып алынып, билігі көрінбейтін қайраткерлердің қолын көшкелі бері басылымның бағыты өзгергені мәлім. Редакцияның аяқ астынан Латын әліпбиіне қатысты бұдан төрт жыл бұрын шыққан Ашық хатты қайта жариялауының астарында не жатыр? Бұл «тормоздың» кішкене басылып байқалуы деген сөз. Мен осыдан шошимын. Енді дүмше патриоттардың, кейбір шенеуніктер мен жепутаттардың тағы осындай екі-үш ашық хаты шықса, билікке жақын балалар, немерелер ашық-жабық кейістік білдірсе Латын әліпбиіне көшу мәселесі тағы кейінге ысырыла салынуы әбден ықтимал. Бірақ қазір уақыт басқа, сана да сергек екендігін ұмытпайық.
Есіме 1997 жылы наурыз айында Уәлихан Қалижан мен Мұқтар Құл-Мұхаммедтің Мемлекет басшысынан тікелей эфирде сұқбат алғаны түсіп отыр. Сонда Елбасы латын әліпбиіне көшу туралы жақсы ой айтып қалғаны бар. Сондағы айтқан сөзі ертесіне тасқа басылып «Егеменге» шығып кетіп, газет басшысы сол үшін кейін жоғары жақтан таяқ жегені журналистер арасында айтылып жүретін. Ал латын әліпбиіне көшу мәселесі содан күн тәртібінен зым-зия түсіп қалып, 20 жылдан кейін әзер қайта көтеріліп отырған жоқ па?! Бірақ тағы да айтам, ол кезге қарағанда бүгін заман өзгерді.
Қазір Президентке қазақ халқының алдындағы имиджі өте-мөте қымбат. Рухани жаңғырумен жалғастырып бастама көтерген өзі. Латын әліпбиіне көшу-көшпеу мәселесін тікелей өзі шешеді. Егер бұл үрдіске тағы тосқауыл қойылар болса онда сенімге селкеу түсіп, абыройдан ажырауға тура келеді. Ал Елбасыға да, Елге де мұның қажеті жоқ.
Сондықтан енді тірілмейтін «скелеттерді» жылтыңдата бермейік!
Марат Токашбаев
Фейсбук парақшасы