Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымымен ықпалдасу…

 Мектепте оқытудың мемлекеттік стандарттары әлемдік стандарттар негізінде жаңартылады. Әрбір түлек алғашқы кәсіп­тік біліктілікті тегін игеру мүмкінді­гіне ие болады. Біз балаларды мек­тепке дейінгі оқумен 100 пайыз қамтуға ұмтылып отырмыз. Келесі жылдан бастап үш тілді білім беру ісін біртіндеп енгізе бастаймыз. 2020 жылға қарай 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу қамтамасыз етіледі. Ғалымдардың болжамынша, 2020 жылға қарай жер жүзіндегі халықтың 50 пайызын «цифрлы балалар» құрайтын болады. Әңгіме мектептерімізді ақпараттандыру туралы болып отыр. 2019 жылға қарай олардың барлығы жылдам интернетке қол жеткізуі тиіс. Ақыры біз Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымымен ықпалдасып жатыр екенбіз, онда осыны да жүзеге асыру керек», – деп атап өткен-ді.

Демек, бұл министрлік емес, мемлекет деңгейінде ұйғарылған дүние. Ендеше, ведомствоға, оның ішінде су жаңа министр Ерлан Сағадиевке жүктелгені – соны жү­зеге асыру. Ағылшын тілін оқыту қазірдің өзінде сынақ ретінде бас­тауыш сыныптар тұрмақ, балабақшаларда қолға алынып қойғаны мәлім. Ендігі міндет оны кешенді түрде түбегейлі енгізу болып тұрған сыңайлы. Міндетті атқаруда таңдаудың Ерлан Сағадиевке түсуі де тегін емес. Өйткені, оның мамандығы экономист. АҚШ-та да оқып, Миннеаполис қаласындағы Қолданбалы экономика департаментінің ғылым магистрі ғылыми дәрежесін алған. Еліміздегі қызмет жолы қолданбалы экономика мен жаңа технологиялар төңірегінде басталған. Халықаралық ІТ университеті мен Халықаралық бизнес университеттерінің негізін қалау­шы. Айтпақшы, аталмыш жоғары оқу орындарындағы білім беру ісі ағылшын тіліне негізделген. Бұл жаңа министр өзі ағылшын тілін біліп қана қоймай, оны білім беру жүйесіне енгізуде тәжірибеге де ие деген сөз. Үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асыруда таңдаудың шетел көрген, ғылыми дәрежесі бар экономиске түсуі сондықтан болса керек.

Жалпы, былай қарасаң, ниет жаман емес. Себебі, экономика ғылымға негізделгенде ғана дамиды, өміршең болады. Ал, қазіргі әлемдік ғылым, техника мен технология ағылшын тіліне байлаулы. Оларды игере отырып әлем көшіне ілесе алу үшін ағылшын тілін меңгеру керектігін жоққа шығармаймыз.

Бірақ, қоғамның байбаламы басқа. Сол баяғы қазақ тілінің тағдыры. Қазір жаһанның даму негізіне айналып отырған жаратылыстану ғылымы десек, соның бастау-бұлағы саналатын жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде оқытылса, онсыз да өз елінде өгейсіген ана тіліміздің мүлдем керексіз болып қалатынына алаң­даушылық. Сөзіміз дәлелді болу үшін бір пікірге орын берсек. «Физика, химия, информатика, математика сабақтарының тек қана ағылшын тілінде оқытылуы маған ұнамайды. Бұл мен үшін үлкен қауіп болып көрінеді. Мен ағылшын тіліне қарсы емеспін, оны білу керек. Бірақ, қарсы болатыным – «тек қана» дейтін сөз. Бар болғаны 1-ақ миллион халқы бар Эстония барлық сабақтарын эстон тілінде оқытады. Қазақтың тілі тіл болу үшін – ғылымның тілі, бизнестің тілі, технологияның тілі болу керек. Олай болу үшін жаңағы ғылымдардың барлығы қазақ тілінде де оқытылуы керек. Егер жаратылыстану ғылымдарын тек қана ағылшын тілінде өткіземіз десек, онда біз тілден айырыламыз. Өйткені, тарихымыз, Абылай ханымыз қазақтан басқа ешкімге керек емес. Сондықтан, қазақ бәйгеден озамын десе, технократтық елге айналу керек. Технократтық жүйені рухани байлықпен ұштастырудың жолы бар, ол қиын емес. Оның жарқын мысалы – Жапония. Өзінің ойлау жүйесін қалдырып, оны ғылымның жаңа технологиясымен ұштастыр­ған. Біздің қазақтарға да керегі, келетіні осы», – дейді физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев.

Әлбетте, әлем мойындаған математикке министр құлақ аса қоймас. Мәселеге қатысты басқадан бұрын, жаратылыстану ғылымының өз өкілі дабыл қағып жатқаны әлдебір қауіп барын білдіретіндей. Бұл арада не математик, не министр қателесіп отыр. Ал, қайсысы екеніне уақыт төреші.

Дегенмен, математиктің, оның ар жағында қоғамның жанай­қайы, алаңдаушылығы Білім және ғы­лым министрінің құлағына жеткен секілді. Олай дейтініміз, министр­лік сайты Ерлан Сағадиевтің бі­рінші баспасөз хабарламасын жариялады. Дәл осы үш тілде білім беруге байланысты. Біз мұны жаңағы қоғамдағы түрлі пікірлерге берген жауабы деп топшыладық. Жаңа министрдің сөздері соны аңғартады. «Қысқаша айтсам, бағдарламада (білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағларламасын айтып отыр) қазақ тілінің қолданысын шек­теуге немесе кейбіреулер айт­қандай, оны жою туралы қандай да бір мақсат жоқ. Мен іс басына қазақ тілін, өзімнің ана тілімді шеттетейін деген оймен келгенім жоқ», – деген ведомство басшысы бүгінгі білім жүйесінде баршаның сапалы білім алуына мүмкіндік беретін тепе-теңдік жоқтығын сынапты.

Ерлан Сағадиевке сенсек, қазақ мектептерінде оқыған жастардың әрі қарай сапалы білім алуы шектеулі. Ол ағылшын тілінде дәріс беретін Назарбаев университеті, ҚМЭБИ, ҚБТУ, ІТ универ­ситеттеріне ауыл жастарының көп түсе алмайтынын айтады. Орыс­тілді мектептерде оқитын қазақ жастарының көбі қазақ тілін дұрыс білмейтініне, түсінбейтініне тоқталыпты. Министрлік осындай қайшылықтарды жойып, білім алу жүйесінде тепе-теңдік орнатуды (әсіресе, ауыл жастары үшін) мақсат еткен көрінеді. Үш тілде дәріс беретін бір типті білім беру жүйесін құрып отырғандары да сондықтан екен. Жалпы, қазақ тілінің орта мектептегі оқу бағдарламасы әзірше бұрынғы күйде жалғастырыла беретінін айтып «қуантыпты». Тек «әзіршесі» қорқытады.

«Жаратылыстану пәндерін үш тілде, оның ішінде қазақ тілінде де жаңа әдістемемен оқыту көзделіп отыр. Сондықтан, биылғы жылдан бастап 73 мың мектеп мұғалімі жаңа әдістемеге арнайы дайындалады. Оны үйрететін 80 маман Назарбаев зияткерлік мектептерінде дайын тұр. Осы мақсатта және әлемдегі озық тәжірибені қолдану үшін биыл 2,5 мың мектепті кең жолақты интернет желісіне қосамыз. 2017 жылдан бастап тағы 2,5 мың мектеп кең жолақты интернет желісіне қосылады. Осының арқасында Қазақстанда ақпараттық технологиялар мен жаңа әдістемелер арқылы жұмыс істейтін білім беру жүйесі қалыптасады. Яғни, интернет желісі барлық мектептерге сапалы білімді әкелуге мүмкіндік туғызады. Осыдан кейін ғана кейбір жаратылыстану пәндерін шамамен 2018 жылдан тек ағылшын тілінде оқыту басталады. Тек балалар да­йын болғанда ғана ҰБТ-ға ағылшын тілі сұрақтарын қоса бастаймыз», – депті министр. Мұның бәрі не үшін екеніне де алдын ала жауап бере кетіпті. Яғни, әлемде күніне миллиондап шығатын ғылыми жаңалықтарды, ақпараттарды дер кезінде қазақ тіліне аударып отыру мүмкін емес. Оны дер кезінде және еркін алып отыру үшін жастарымыз ана тілімен қатар, ағылшын тілін меңгеруі тиіс.

Білім және ғылым министрі қазақ тілін оқыту, үйрету әдістемесіне де шүйліккен. Оған сенсек, кей елдерде өз тілін өздеріне немесе өзге ұлтқа 4-6 ай ішінде үйрететін тиімді әдістемелер бар, сондықтан, Қазақстан да қазақ тілін жедел меңгерудің әдістемесін жасауы қажет.

Айналасы бірер жылда мұғалімдер жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде бүге-шігесіне дейін оқытып, түсіндіріп бере алатын деңгейге жете қоя ма, бұл реформа аталмыш пәндерден онсыз да көрсеткіші төмен ауыл оқушыларын одан сайын тұйыққа тіремей ме (олардың көбі мектеп бітіргенде гуманитарлық пәндерді таңдап жатады), кейде салдары суицидке де соқтырып жататын ҰБТ-ны одан сайын «құбыжыққа» айналдырмай ма?! Бір анығы, мұндай сауалдарға министр баспасөз хабарламасымен жауап бере қоймайды. Оны уақыт көрсетеді. Тек сол кезде бармағымызды тістеп қалмасақ болғаны.

Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ,
«Заң газеті»

902