ОҚО туроператорлары үш мемлекетпен 10 келісімшарт жасасты

Оңтүстік Қазақстан облысының туристік бизнес өкілдері мен шетелдік туроператорлар бас қосқан дөңгелек үстел өтті. Алдағы жұмыс жоспарлар жайы талқыланған жиын нәтижесінде, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген мамандар мен өңірдің бизнес өкілдері өзара ынтымақтастықты арттыру аясында 10 келісімшартқа қол қойды. Құжаттар негізінде, тараптар туризмді өзара тиімді дамытуға, керекті ақпарат пен тәжірибе алмасуға, бірігіп ішкі туризмді дамытуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыруға міндеттелді.

aa08af30-5ecd-40b1-b798-9ba9dfe73e27

Еске салсақ, сәуір айының 25-29 аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының туристік мүмкіншіліктерін халықаралық нарықта арттыру мақсатында ақпараттық тур өткен-ді. Қытай (3 туроператор), Қырғызстан (5 туроператор) және Өзбекстаннан (10 туроператор) келген туроператорлар бес күн ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының басты 3 бағытымен — тарихи-мәдени, емдеу-оңалту, экологиялық бағыттарымен танысты. Онда қонақтар Түркістан шаһары мен Отырар ауданындағы тарихи орындарға, Сарыағаштағы сауықтыру орталықтарына, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі демалыс аймақтарына және Шымкенттегі қонақүйлерге барып, аралады.

Аймақтың сан қырлы табиғатымен танысқан шетелдік қонақтар күнгейдің тамаша табиғатына сүйсініп, облыс орталығы – Шымкенттің әсем сәулетіне зер салған.

       ОҚО әкімінің баспасөз қызметі