ОҚО шаруалары ЭКСПО-2017 көрмесіне 13 мың тонна өнім жеткізеді
Астанадағы ЭКСПО көрмесіне ОҚО-ның 35 ірі кәсіпорны 28 түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінен 13 мың тоннаға жуық, дәлірегі 12976 тонна азық-түлік жеткізуді жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасы кеше осы кәсіпорындардың бірқатарына БАҚ өкілдерін апарып, таныстырып қайтты.
Журналистер қауымы, ең алдымен, Қазығұрт ауданынына қарасты Қақпақ ауылындағы «Қарқын-2030» ЖШС-нің тыныс-тіршілігімен танысты. 2009 жылы іске қосылған кәсіпорын шұжық өнімдерін өндірумен айналысады. Зауытта «Нәрлен» сауда белгісімен таңбаланған шұжықтың 60-қа тарта түрі дайындалады. Кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 1,5 тоннаға дейін жетеді. Кәсіпорын басшысы Нұрғали Әбдібаевтың айтуынша, халықаралық көрменің ұйымдастырылуына байланысты ондағы өнімділік 5 тоннаға дейін артқан. Нәтижесінде, еліміз үшін маңызды шара кезінде көрме конақтарына аталған серіктестіктен 15 тонна шұжық өнімдері жөнелтілмек. Ал оларды тасымалдайтын 12 көлік сақадай сай.
БАҚ өкілдері аялдаған келесі нысан Сайрам ауданында орналасқан «Манкент Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі болды. 2016 жылы құрылған кооператив құрамына бүгінде 1200-ге жуық шаруа қожалығы мүшелікке енген. Серіктестік, негізінен көкөніс, жеміс-жидек пен дәнді дақылдар өсіреді. Коопертивтің жалпы жер көлемі 5489 гектар болса, оның ішінде суармалы жер 2100 гектарды құрайды. Сайрамдық шаруалар ЭКСПО көрмесіне 1690 тонна көкөніс өнімдерін жеткізуді жоспарлап отыр. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Көпеевтің айтуынша, шаруаларға жеңілдік жасау мақсатында олардың жол және автокөлік шығындары демеушілер тарапынан ұйымдастырылуда. Баға тиімді болса, сайрамдық шаруалар ЭКСПО көрмесіне 4000 тоннаға дейін өнім апаруға ынталы.
Халықаралық көрмеге өз өнімдерін дайындап жатқан тағы бір кәсіпорын Шымкент қаласындағы «Барыс 2007» ЖШС-і. 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан серіктестікте жылына 27 мың тонна макарон өнімдері мен 3600 тонна кондитерлік өнімдер өндіріледі. Сапасы жоғары, бағасы төмен болғандықтан өнімге деген сұраныс жоғары. ЭКСПО көрмесіне орай, бүгінде кәсіпорын өнім көлемін 20 пайызға ұлғайтқан. Көрме қонақтарын тәттілермен тамсандыру үшін аянбай еңбек етіп жүрген зауыт жұмысшылары Астанаға 1070 тонна ұн мен нан өнімдерін жөнелтпек.
Ұйымдастырушылардың шешімімен ЭКСПО-2017 көрмесінде Оңтүстік Қазақстаннан жеткен ауыл шаруашылығы өнімдері қонақтарға жәрмеңке түрінде алты рет ұсынылатын болады. Яғни, алғашқы лек – Оңтүстіктің тіл үйірер тәттілерінің жәрмеңкесі елордада 13-14 мамыр күндері ұйымдастырылмақ.
Өнімдерді Астана қаласына тасымалдауға 25 автокөлік дайындалып, арнайы кесте түзілген. Ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген алғашқы керуен Шымкенттен Астанаға 10 мамыр күні жолға шығатын болады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі