«Алматы-Мәскеудің» орнына «Алматы-2 – Саратов» пойызы жүретін болды

Жазғы кезеңге көшуіне байланысты ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап бірқатар жолаушы пойыздарының қозғалыс кестесіне өзгеріс енгізілмек.

Бұл жөнінде жақында Орал вокзалының бастығы Қайырболат Ғайнеден мәлімдеді.

-Нақтырақ айтсақ, №57 және №58 Орал-Астана және Астана–Орал бағытындағы  жолаушылар пойызы бұрынғыша жұп күндері жүреді. Бұған қоса 1 маусымнан бастап Орал мен Астана қалаларының арасында №257 және №258 жолаушылар пойызы (ЭКСПО-2017) қатынайтын болады.  Жұп күні жүретін  №57 және №58 Орал-Астана және Астана –Орал бағытындағы  жолаушылар пойызы ескі вокзалға тоқтайды. Ал Орал мен Астана қалаларының арасына қатынайтын №257 және №258 пойыздар Елбасының қатысуымен                1 маусым күні Астана қаласында ашылатын жаңа вокзалда қарсыланбақ. Астана қаласының бағытына жаңадан қосылған пойыз Орал қаласынан тақ күндері жүретін болады.

Сондай-ақ, №380 Орал –Алматы пойызының да жүру кестесіне аздап өзгеріс енгізілді. Аталмыш бағыттағы пойыз жаңа кесте бойынша Орал қаласына енді бұрынғыдан екі сағаттай кешірек келеді. Яғни, енді бұл пойыз Оралға жергілікті уақыт бойынша таңғы 8 сағат 07 минутта келеді және таңертеңгі 10 сағат 10 минутта Алматы қаласына жүріп кетеді. Бұдан басқа тағы бір жаңалық, бұрынғы Алматы-Мәскеу бағытында жүретін жолаушылар пойызы енді Алматы-2 — Саратов бағытында жүрмек. Бұл пойыз Саратов қаласынан Оралға жергілікті уақыт бойынша 12 сағат 44 минутта келеді. Ал Алматы қаласынан Оралға таңғы 9 сағат 22 минутта келмек. 2 маусымнан бастап жүретін бұл пойыз Орал қаласынан тақ күндері өтеді.

Ел астанасы болғандықтан, Астана қаласының жаңалығы барша қазақстандықтарға ортақ. 1 маусым күні Астана қаласында Елбасының қатысуымен жаңа теміржол вокзалы ашылмақ. Жаңа вокзал тәулігіне 35 000 жолаушыны өткізуге қабілетті. Астана қаласының бұрынғы вокзалының өзі тәулігіне 12 000 – 17 000 жолаушыны қабылдап жүргенін ескерсек, енді жаңа вокзалдың көмегімен Астана вокзалдары тәулігіне 50 000-нан астам адамды қарсы алып, шығарып салатын болады, — деген Қайырболат Ғайнеденұлы еліміздің мәртебесін көтеретін осынау үлкен мерекенің жоғары деңгейде өтуіне «Қазақстан теміржолы» АҚ да үлес қосып жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысу бойынша «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ Президенті бекіткен  жоспарға сәйкес аталмыш көрме билеттері жолаушылардың қалауы бойынша пойыз билеттеріне қосып сатылады. Көрме билеттерін жолақымен бірге рәсімдеген жолаушыларға көптеген жеңілдіктер жасалады. Мысалы, біздің өңір бойынша Орал-Алматы және Орал-Ақтөбе пойыздарына билет алғандар көрме билеттерін жолақымен бірге рәсімдеген жағдайда белгіленген жеңілдіктерді пайдалана алады.

Осы және пойыз кестесі жөніндегі  толық ақпаратты 105 нөмірі арқылы сұрап білуге болады.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

Батыс Қазақстан облысы