Пайғамбарымыз (с.ғ.с)-ның Оразаны түсіндіруі
Құлшылықтың пайдалары мен ерекшеліктерін жан-жақты түсіндірген Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін де соны орындауға ынталандырған.
Әбу Һұрайра риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың былай деп бұйырғанын жеткізген:
«Адам баласының барлық амалы өзі үшін жазылады. Алайда оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек Мен беремін. Өйткені ол тек менің разылығым үшін ішіп-жеуден бас тартты. Ораза ұстаған адамның екі қуанышты сәті бар: біреуі ауызашар уақыты, екіншісі Алла Тағаламен қауышар сәті. Ораза ұстаған адамның аузынан шыққан иіс Мен үшін жұпар иісті мисктен артық»1.
Алланың разылығы үшін аштықтың тауқыметін тартып бұл дүниеде қиналған адам о дүниеде шексіз рақымға бөленбек.
Мына бір хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әр нәрсенің өз зекеті бар. Тәннің зекеті – ораза ұстау. Ораза – сабырдың жартысы»2 – деу арқылы құлшылық жасауда сабырлы болуға шақырады. Ораза бір жағы күнә жасамауда сабырлы болуға, екінші жағы ғибадат жасауда шыдамдылыққа тәрбиелейді.
Оразаның теңдессіз құлшылық екендігі жайлы Әбу Үмәма (Оған Алла разы болсын) былай дейді: «Пайғамбарымыздан жақсы бір амал сұрадым. Ол маған «Ораза ұста, өйткені, оған тең келер құлшылық жоқ», – деді. Мен екі-үш рет қайталап сұрасам да «Ораза ұста, оған тең келер құлшылық жоқ», – деген жауабынан танбады»3.
Оразаның сауабына байланысты басқа хадистерінде Пайғамбарымыз(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кімді ораза ішіп-жеуден тыйса, Алла Тағала оған Жұмақ жемістерінен жегізіп, Жұмақ бұлақтарынан ішкізеді»4,
«Жұмақта «Раййан» деп аталатын есік бар, ол есіктен тек ораза ұстағандар ғана кіре алады»5, – деу арқылы ораза ұстаушылардың Жәннатта арнайы құрметке бөленетінін сүйіншілеп жеткізген.
Ардақты елші (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басқа да хадистерінде: «Ораза ұстаған жанның жегені адал болса, ақыретте есепке тартылмайды»6;
«Ораза ұстағанның ұйқысы – ғибадат, үндемегені – (Аллаға айтылған) мадақ! Жақсылықтары мен ғибадаттарына еселеп сауап жазылады. Оның дұғасы қабыл етіліп, күнәлары кешіріледі»;
«Рамазан айына жете тұрып, Алла Тағаланың рақымы мен кешірімінен мақұрым қалған адамның жағдайы қандай өкінішті»7 – деп, мұсылмандарды рақым нұры төгілген бұл айдың берекетінен мақұрым қалмауға шақырған.
Сүйікті Пайғамбарымыздың тағы бір хадисінде кім бұл дүниеде ораза ұстаса, ақыретте ол адамға ұстаған оразасының кешірім тілеп шапағат ететіні айтылған:
«Ораза – ауыз бекіткен жанға Қиямет күні шапағат етеді. Сол күні ораза Хақ Тағалаға «Уа, Раббым! Мен оны күндізгі барша ішіп-жеу, ләззат атаулыдан тыйдым. Сол себепті, оған деген шапағатымды қабыл ала гөр!» деп тілек тілейді. Алла Тағала оразаның бұл тілегін қабыл алып, оның шапағат етуіне рұқсат етеді»8.
1) Бухари, Саум, 2; Муслим, Сиям, 152
2) Ибн Мажә, Сиям 44
3) Нәсаи, Сиям, 43
4) әл-Хунди, Кәнзул-Ұммал, 3/328
5) Ибн Мажә, Сиям, 1
6) әл-Хунди, Кәнзул-Ұммал, 3/328
7) Тирмизи, Даауат, 100
8 ) әл-Мұнзири, әт-Тарғиб, 2/84
«Рамазан – нұр шашқан ай!» кітапшасынан