Д.Назарбаева: «ЖОО-лар мемлекеттік бюджеттің жүгін жеңілдетуі тиіс»
Елордадағы жоғары оқу орындарының ректорлары және профессорлық-оқытушылық құрамымен өткен кездесу барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева: «Үкіметтің міндеті — университеттер мен институттардың еліміз, экономикамыз үшін мейлінше тиімді жұмыс істеуіне қол жеткізу. Жоғары оқу орындары өз қызметін барынша коммерциаландырып, мемлекеттік бюджеттің жүгін жеңілдетуі қажет. Бұл әділ деп есептеймін. Мемлекет — реттеуші, ол барлық жұмыстардың заңдылығын қамтамасыз етіп, мамандарды даярлаудағы басымдыққа ие бағыттарды айқындайды. Мемлекет гранттар, ваучерлер арқылы осы жағдайларды реттейді және қаржыландырады. Қалған жұмысты жоғары оқу орындары жасауы тиіс. Жоғары оқу орындарының автономиясы — бұл университетті, оның бюджетін, қаржыландыруды басқарудың нақты, ашық, демократиялық жүйесі, сондай-ақ, экономикадағы барлық процестермен үйлесудің нақты жүйесі. Жоғары оқу орны бюджеті кірісінің айтарлықтай үлесі мемлекеттік бюджеттен тыс қаржыдан тұрады. Бұдан басқа, біз білім беру жүйесіндегі өзгерістерді 5-10 жылға созбай, жылдам жасағымыз келеді. Өйткені қазір біздің экономикамызға сапалы мамандар өте қажет. Басқа амал болмағандықтан, мамандарды шетелден алып келейін деп жатырмыз. Заңдарды өзгертіп, бірталай жеңілдіктер беріп жатырмыз. Ал енді ертең шетелден келген мамандардың орнына біздің балаларымыз барып, жұмыс істесін десек, осы білім саласындағы өзгерістерді тездету керекпіз. Бәріміз нақты жұмыс істеп, өз үлесімізді қосуымыз керек. Қазіргі білім беру саласы көптеген өзгерістерді қажет етеді. Бірталай дүниелерді өзгерту керек. Халықаралық стандарттарды енгізу қажет деп жатырмыз. Өйткені халықаралық стандартпен бүгін оқу бітірген мамандар ертең нарықта, экономикада өте қажет болады. Ертең диплом алып, жұмыссыз отырған жақсы тәжірибе де, жақсы нәтиже де емес. Бір жағынан мемлекеттің қаражаты да бөлінуде, енді осы қаржы желге ұшпасын деген оймен өзгерістер енгізіп жатырмыз», — деді.
Ең бастысы — академиялық әділдік
Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетіне жасаған сапары кезінде вице-премьер Д.Назарбаева: «Оқыту сапасын арттыру талаптарының күшеюі әсерінен жоғары оқу орындары өз қатарын тазартуға мәжбүр болады. Бүгін академиялық әділдік туралы сөз қозғадық. Мәселе тек студенттерде ғана емес, сонымен қатар өз жұмыстарын саудаға, ал зачет пен бағаны тауарға айналдырған профессорлық-оқытушылық құрамға да көп байланысты. Бұл біздің елдің беделіне үлкен нұқсан келтіреді, сонымен қатар осындай «жалған» дипломдарымен ғылым мен білімге, денсаулық сақтау, экономика салаларына келетін буынға да үлкен залалын тигізеді. Біз бүгін өзіміздің дәрігерлерден қорқамыз, себебі біз отандық медицина мамандарының қалай даярланатынын білеміз. Ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарын бітірген қанша маман еліміздің экономикасына қайтып келді? Олардың барлығы қайда? Ешкім ауылда жұмыс істегісі келмейді. Бүгінде әлеуеті өте жоғары ауыл шаруашылығы саласы бар. Ауылда осы саланы аяқтан көтеруге ынтасы бар және осының жолында барлығына баруға дайын жас мамандарымызды дайындауымыз керек. Біз халықаралық аккредиттеу туралы сөз қозғап келеміз — бұл жәй ғана еріккеннен қолға алынып отырған іс емес. Біз отандық университеттерді Қазақстанда ғана емес, алыс шетелдерде де сұранысқа ие бола алатын мамандарды даярлауға қауқары жететіндей деңгейге жеткізгіміз келеді және өздерінің оқу бағдарламаларын жақсартуға ынталандыруды қалаймыз. Ең басты міндет — білім беру жүйесі аса тиімді әрі табысты адамдарды қалыптастыруға қауқарлы болуы тиіс. ЖОО-да білім алған әрбір адам кейін жақсы қызметке орналаса алатындай немесе өзі жұмыс орындарын аша алатындай болуы қажет», — деп атап өтті.
Дереккөз: bnews.kz және inform.kz