Кооперативтерді дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көп
Ауыл тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану шараларын жүзеге асыру аясында агроөнеркәсіп кешені өнім көлемін ұлғайту мақсатында Қостанай облысында 6 пилоттық ауылшаруашылық кооператив (АӨК) құрылды.
«Успеновка-Сүт» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі: 2016 жылғы желтоқсан айында құрылып, 960 мал басы бар 320 жеке шаруашылықты біріктірді.
Өткен жылы желтоқсан айынан бастап кооперативке кіріп, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алып, несиелік қаржыға ірі қара мал басын сатып алған қарапайым ауыл тұрғыны Жарыс Әнуарбек кооперативке кіру үшін тәуекел керек екенін айтады.
«Басында көбісі кооперативтің не екенін түсінбеді. Бұл тиімді ме, әлде бұдан ештеңе шықпайды ма деп күмәнданушылар көп болды. Мен кооперативке мүше болып кірдім де, қордан жылдық 6 пайызбен несие алдым. Мұндай шарттар ешкімде жоқ! Менде бұрын жұмыс болмаған, өз малым да болған емес. Мемлекеттің көмегімен 7 сиыр сатып алдым. Сүтті кооперативке 100 теңгеден тапсырамыз, бұл өте жақсы баға. Кооператив 10 күнде бір рет ақшасын төлейді. Қазір басқа да ауылдастарым кооперативке кіреміз деп жүр» — дейді кооператив арқылы шаруасын дөңгелетіп отырған азамат.
Ал өңірде сүт саудасымен 10 жылдан бері айналысып келе жатқан Бәкір Алиев есімді азамат кооперативке кіргеннен кейін Қор тарапынан несие алып, меншігіндегі 6 сиырға тағы 5 сиыр қосты. Қазір оның жеке шаруашылығында қызмет атқаратын сауыншылар айлық алып жұмыс істеп отыр. Бәкірдің айтуына қарағанда кооперативке кіргелі бері сүт саудасы қыза түскен.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 1 миллион теңге несие алып, саулы сиырлар санын көбейттім. Бұрын сүтті делдалдарға тапсыратынбыз. Олар әрбір литріне 55 теңгеден беретін. Қазір кооператив 100 теңгеден қабылдайды. Қалаға барудың қажеті жоқ, сүт тасымалдайтын көлік өзі келіп, алып кетеді. Күніне әр сиырдан орта есеппен 10 литр сүт аламыз, 7 сиыр сауып отырмыз. Есептей беріңіз – 1 тәулікте 7 мың теңге табыс түседі. Болашақта кооператив мал азықпен көмектеседі деп жатыр. Бұл да біз үшін үлкен көмек болар еді» — дейді Бәкір Алиев.
Жалпы, «Ырыс» бағдарламасы бойынша Қор 34 кооператив мүшесін қаржыландырды, оған жұмсалған қаржы сомасы – 72,5 млн теңге. Жеке қосалқы шаруашылықтар несиелік қаржыға 273 ірі-қара мал сатып алды және кооператив сүт тасымалдау көлігі мен модульдық сүт қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр.
«Тәулігіне өндіруші кәсіпорынға 9 тонна сүт жеткіземіз. Несиелік қаражатқа модульдік сүт қабылдау бекеті мен сүт тасымалдайтын көлік сатып алдық. Құрал-жабдықтарда сүтті зерттеу аппаратурасы толық. Кооператив мүшелерімен қатар, басқа да ауылдардың тұрғындары сүт тапсырады. Алдағы уақытта мемлекеттен инвестициялық шығындарға субсидия алуды жоспарлап отырмыз» — дейді «Успеновка-Сүт» АӨК басшысы Иван Червонюк.
«Успеновка-Сүт» кооперативі өз құрамына кіретін мүшелерінен және ауыл тұрғындарынан 1 сәуірден бастап сүт қабылдай бастаған. Бүгінгі таңда кооперативтың жалпы өнімі 140 тонна өнім тапсырды.
«Біз үшін кооперативпен жұмыс істеу өте тиімді. Үйлерді аралап, сүт жинамаймыз – бұл қызметті кооператив өзіне алды. Біз өнімнің тауарлы партиясын қабылдаймыз. Табиғи сүт ультрапастеризациядан өтіп, асептикалық қораптарға қапталады. Бұл сүтті ауа мен күн сәулесінен қорғайды және оның сақтау мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Табиғи өнімнен сүттің бірнеше түрі, айрандар, ірімшік, май жасаймыз. Балаларды қорғау күніне арнап, балмұздақ шығаруды жоспарлап отырмыз» — дейді «Милх» ЖШС директоры Сергей Блок.
Биыл Қостанай облысында 17 АШК құру жоспарланған, бұл мақсатта 1 млрд. 827 млн. теңге бағытталады. 2016 жылы 6 пилоттық ауылшаруашылық кооперативі құрылып, іске кірісті.
Қазіргі уақытта өңірде құрылған кооперативтердің үшеуі – сүт бағытында (Федоров, Мендіқара, Қостанай аудандары);
үшеуі – ет бағытында (Амангелді, Денисов, Сарыкөл аудандары);
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қостанай облысы филиалының директоры Марат Салықбаевтың айтуына қарағанда алдағы уақытта да шаруашылықтарды кооперативке біріктіріп, қолдауды жалғастыра бермек.
«Филиал тарапынан 181 кооператив мүшесі қаржыландырылды. Қаржы сүт өндіру үшін аналық мал басын сатып алуға, малды бордақылау мен ауылшаруашылық өнім алу үшін мал басын сатып алуға бағытталды. Сатып алынған малдың жалпы саны – 2000 жуық, қаржыландыру сомасы – 357 млн. теңге. Одан бөлек, Қор кооперативтерге құрал-жабдықтар мен техника алуға 40,3 млн теңге көлемінде несиелер берді» — дейді Марат Салықбаев.
Baq.kz