Ерлікпен келген Жеңіске – 72 жыл

1945 жылдың 9 мамыры. Неміс әскері толықтай шегініп, Кеңес Одағының барлық өңірі азат етілген күн. 27 миллионнан астам Кеңес сарбазы қатысқан қанмайданнан оның жартысынан көбі тірі оралмады. Отбасымен, елімен аман-есен қауышқандарының дені бір аяқ, бір қолынан ұрыс алаңында-ақ айырылған еді. Аналарды жесір, балаларды жетім қылған алапат соғыстан сау қайтып, бүгінде арамызда қалғандарының саны 3 мыңға да жетпейді екен. Иә, ІІ Дүниежүзілік соғысқа сарбаз болып барып, батыр болып оралған олардың кенжесінің өзі тоқсанға таяп қалған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл Жеңіс – жанқияр ерлік пен қайсар рухтың жеңісі»-десе, осы жеңіске жету 1092310жолында бар күшін салған қазақтан шыққан біртуар батырларымыз, қол бастаған командирлеріміз аз болмады. Жауынгерлігінен бөлек, ұлт дүниетанымында айтқан әр сөзі ұрпаққа өнеге болып келе жатқан қаһарман Бауыржан Момышұлы, «Шығыстың қос шынары» Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова, атақты партизан Қасым Қайсенов, ерліктері егемендік алғаннан кейін ескеріліп дәлелденген Рейхстагқа Ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев пен Сталиннің өзі «Темір генерал» деп атап кеткен, енді ғана жақыннан танып, есімі жаңғырып жатқан Сабыр Рақымовтарға бейбіт күннің балалары қарыздар десек артық айтқандық емес. Бес жыл бойына фашистерге дес бермеген Кеңес Әскерінің сапында қазақтардың рухы көтеріңкі, бәсі жоғары болатын. Көзсіз ерлік көздеген мақсатқа адастырмай жеткізді. Осылайша, 9 мамыр әлемде тыныштық орнауымен есте қалды.

Соңғы кездері 9 мамырды Жеңіс күні деп тойлауға бола ма, болмай ма деген екіұдай пікір қалыптасты. Оған себеп – КСРО құрамында болған тек қана Қазақстан мен Ресей Федерациясының осы күнді ұлықтауы. Әрине, бұл күнді елемей кеткен күннің өзінде жоғарыда аталған батырлардан бөлек, өзіміздің де аталарымыздың ерлігін қалай ұмытарсыз? Тыл ардагерлерінің де еңбегін қалай ескермей жүруге болады? Сонда әлі күнге бабасының бейітін іздеп, өмірінің жартысын сарп еткен жандардың ісі бос жүріс пе? Сондықтан, бұл мәселеге біржақты қарап, тарихта алтын әріппен жазылған бабалардың ерлігін әспеттемей өтеміз деу әбестік болар деген ойдамыз. Алла Тағала бейбітшілік үшін күрескен батырлардың рухын жұмақтық етіп, тірі жүргендерінің абыройын асқақтата берсін! Заманымыз тыныш, басымыз аман, бауырымыз бүтін болғай!

Игі тілекпен, «ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты