Оралхан Сейтмұратов: Абайды толық танығым келеді
Естеріңізде болса, бұған дейін ОҚО Арыс ауданынан Астанаға арнайы келіп, ғылыми жобасын сәтті қорғап, үздік атанған Оралхан Сейтмұратовты әңгімеге тартқанымызды айтқан болатынбыз. Шыны керек, рухани жаңғыруға қадам басқан Қазақ елінде төл әдебиетімізді әспеттеп, оны өзінің замандастарына жаңа форматта насихаттауға талпынып жүрген Оралхандай бүлдіршіннің өсіп келе жатқанын көріп қуандық. Оралханның ұстазы, яғни 2 класс жетекшісі Жайна Тойлыбаева:
— Ғылым мен технология заманында рухани құндылықтарымызды дәріптеу үшін, өскелең жастардың бойына сіңіру үшін ізденістің өте қатты қажет екенін түсіндім. Өйткені қолынан телефоны, планшеті түспейтін балалардың кітапқа деген ықыласын ояту қиынның қиыны. Ал Оралханның өзге қатарластарына қарағанда әдебиетке деген құштарлығы ерекше. Біздің Оралханымыз — өте зерек, алғыр бала. Тек әдебиет оқуға ғана емес, есепке де жүйрік, алдына жан салмайтын озат оқушы. Осы жас ғалымдардың байқауының талабы бойынша отыз беттей дайындаған материалымыз болуы керек еді. Дегенмен, «Хакім Абайдың электронды портретін» дайындау Оралханның идеясы болатын. «Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, оқушымыздың меселін қайтармайын деп, ойын бірден қоштай кеттім,-дейді.
Бір қызығы, Оралхан 7 сыныптан бастап оқытылатын физика пәніне өте құмар екен. «Қошқар болар қозының маңдай шеті дөң келер» дегендей, қазақтың бас ақыны Абайды насихаттап жүрген Оралхан көп ойланып, дөп сөйлейтін, нағыз іскер азамат болатындай шәкірт екен. Ұстазының ақылымен сенсорлыэлектронды портрет жасап шығарған Оралхан сәуірде өткен республикалық форумда көпшіліктің алдына шығып, сөз сөйлегеннен бастап жиналғандарды бірден баурап алды. Алты айға жуық уақыт жасалған портрет күрделі сымдар желісінен, бір колонка және экранындағы түрлі сәулелерден құралған.
— Абай атамыздың қара сөздері мен өлеңдерін портретіне қарап отырып тыңдаған балалардың жүзі де, жүрегі де нұрлансын, сәулеленсін деген ниетпен ақын бейнесінің жан-жағына түрлі жарықшақтар орналастырдық. Қазір Абайдың қара сөздерімен танысып, өлеңдерін бос уақытымда оқып, жаттап жүрмін. Алдыма оның өлеңдерін түгелдей жаттап алсам деген мақсат қойдым. Одан бөлек, Мұхтар Әуезов, Машқар Гумеровтердің шығармалары қатты ұнайды. Болашақта Абай мұрасы және оның өмірімен толық танысқым келеді. Ал ол үшін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқып алсам деймін.
Мінеки, қазақ әдебиетіне деген ықыласы ә дегеннен-ақ Абаймен ашылған Оралханның бізге ақтарған қысқа-нұсқа сыры осындай. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп қартайған данышпанның бай мұрасымен сусындап өскен мұндай ұрпақ елін тек қана жақсылыққа үндеп, өзі де түзу жолдан таймай жүретініне сенім білдірдік.
ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ