Тағдыр мен бақыт туралы атақты хадис
-Уа, Алла Елшісі! Адамдардың ішіндегі ең ғалымы болғым келеді. Не істейін?
-Алладан қорық. Оның әмірлерін орында, тыйғандарынан тыйыл.
-Уа, Алла Елшісі! Адамдардың ішіндегі ең байы болғым келеді. Не істейін?
-Қанағатшыл бол. Алланың саған берген үлесіне разылық көрсет.
-Уа, Алла Елшісі! Адамдардың ең жақсысы болғым келеді. Не істейін?
-Ең жақсы адам – өзгелерге көп пайдасы тиген адам.
-Уа, Алла Елшісі! Адамдардың ең әділеттісі болғым келеді. Не істейін?
-Өзің үшін қалаған нәрсені өзгелер үшін де қала.
-Уа, Алла Елшісі! Аллаға ең жақын құлдардан болғым келеді. Не істейін?
-Алланы көп еске алсаң, сонда Оған жақындайсың.
-Уа, Р Алла Елшісі! Мухсиндерден болғым келеді. Не істейін?
-Ғибадаттарың мен іс-әрекеттеріңде Алланың сені көріп тұрғанын ұмытпа. Сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұрады.
-Уа, Алла Елшісі! Иманымды толықтыру үшін не істейін?
-Әдебіңді дұрыста.
-Уа, Алла Елшісі! Аллаға таза болып жақындағым келеді. Не істейін?
-Ғұсыл, дәретіңе көңіл бөл. Кемшіліксіз толық орында.
-Уа, Алла Елшісі! Қиямет күні нұр ішінде болғым келеді. Не істейін?
-Дүниеде ешкімге зұлымдық, әділетсіздік жасама.
-Уа, Алла Елшісі! Раббымның маған мейірімі түскенін қалаймын. Не істеймін?
-Өзіңе және бүкіл жаратылысқа (жанды-жансыз) мейіріммен қара. Сонда Алла та саған аяушылық білдіреді.
-Уа, Алла Елшісі! Күнәларымның азаюын қалаймын. Не істейін?
-Тәубе етуді және истиғфар етуді ешқашан тастама. Күнәларың азаяды.
-Уа, Алла Елшісі! Ең қадірлі адам болғым келеді? Не істейін?
-Алланың жаратқандарына Алла жайында шағымданба.
-Уа, Алла Елшісі! Ең күшті адам болғым келеді. Не істейін?
-Аллаға тәуекел ет. Одан ажырама.
-Уа, Алла Елшісі! Алла пен Елшісінің жақсы көретін адамдарынан болғым келеді. Не істейін?
-Алла пен Елшісінің жақсы көрген нәрселерін жақсы көр. Жек көрген нәрселерін де жек көр.
-Уа, Расулуллаһ! Алланың ашуынан аман қалғым келеді. Не істейін?
-Ешкімге ашуланба, сонда ашудан аман қаласың.
-Уа, Алла Елшісі! Дұғамның қабыл болуы үшін не істейін?
-Харамнан аулақ бол, халал жолмен мал тап, сонда дұғаң қабыл болады.
-Уа, Алла Елшісі! Алланың мені адамдардың арасында масқара етуін қаламаймын. Не істейін?
-Сен әурет жеріңді жап. Сонда Алла да сенің кемшіліктеріңді көрсетіп масқара етпейді.
-Уа, Алла Елшісі! Алла менің айыптарымды жасырғанын қалаймын. Не істейін?
-Сен бауырыңның айыптарын жасыр. Сонда Алла да сенің айыптарыңды жасырады.
-Уа, Алла Елшісі! Менің күнәларымды қандай нәрсе жоя алады?
-Көз жасы, ынтамен оқылған намаз және басыңа келген бәлеге сабыр ету.
-Уа, Алла Елшісі! Ең ауыр күнә қайсысы?
-Жаман мінез және сараңдық.
-Уа, Алла Елшісі! Тозақ отын не сөндіреді?
-Сабыр және байсалдылық. («Канзүл-Ъүммәл», 44154)
Алла Тағала баршамызға осында айтылғанның дұрыс ұғымын нәсіп етсін. Әмин!
Дайындаған: ЕлАна