Нағыз қазақ екенбіз.
Сарыағашта болған оқиға
Сонау бір жылдары ойда-жоқта жұбайымыз екеуміз «Сарыағаш» курортында демалдық. Ығы-жығы жұрт қазіргідей емес, ол кезде курорт аумағы жадағайлау. Ем-домын алатын қарттар кешке қарай бұрыш-бұрыштағы орындыққа отырып алып, бір-бірімен танысып, бірте-бірте өткен-кеткенін айтысып, жақындасып жатады. Ондайда ойнақы әзіл, сөз таластыратын қияңқы әңгімелер де айтылып қалады. Жастар жағы курорт басшылығы ұйымдастырған би кештеріне қатысатыны белгілі.
Бір күні ойда-жоқта «Сарыағашқа Бауыржан Момышұлы келіпті» деген сөз тарады. Үлкеннің де, кішінің де батырмен сәлемдесіп қалғысы келеді, мұндайда. Ел аузындағы Баукеңнің небір «ерліктерін» естіп, сонадайдан жүзін көруге асығатындар да жоқ емес. Бірақ, батыр «менмін» деп кеуде көтерген емес. Қарапайым, «сіз» бен «бізді» қару етіп ұстады. Ешкімге тік қабақ көрсеткен емес, демалуға келген ауыл шалдарымен етене жақын.
Уақыт жылғадан өткен судай тез. Көзді ашып-жумғанша небір оқиғаға тап боласың. Күндердің күнінде курорттың су ішетін буфетінің алаңындағы тақтаға «Кешкісін Ұлы Отан соғысында Рейхстагқа алғашқы жеңіс туын тіккен қазақ батыры Рахымжан Қошқарбаевпен кездесу болады», – деген жарнама ілінді. Жұрттың құлағы елең ете қалды. Пенде қазақ емес пе? Күбір-күбір сөз. Қос батырдың кездесуі қалай болар екен деп кешті асыға күткендер де жоқ емес, бар. Асыға күткен жұрт.
Кіші бесінде курорттың «жазғы театрына» жұрт жинала бастады. Әдеттегідей топ қарттарды бастап, Баукең де келіп, алдыңғы орынға жайғасты. Қазақтың күйі күмбірлеп, өтер салтанатты жан-жаққа хабарлап жатыр.
Белгіленген уақытта облыс, аудан басшылары ортаға алған батырымыз Рахымжан ағамыз да келіп жетті. Жұртқа бас изеп сәлем беріп, сахна төріне өрлей берді. Осы сәтте ойда-жоқта алғы беттен Бауыржан батырдың қаһарлы үні саңқ етті – Когда старший по шину сидят здесь, надо быть внимательным… Еркіндеп сахнаға өрлей берген Рахымжан қалт тоқтады, шұғыл бұрылып, жұртқа көз тастап, ағасын іздеп тапты да, сахнаның баспалдағынан асыға түсіп, жас балаша жүгіріп басып Баукеңе жетіп, қолын әскерше шекесіне қойып: – Здравия желаю, гвардии полковник, по обстоятельству прибыл в курорт Сарыағаш, – деп дауыстай сәлем берді.
– Вольно, – деді батыр риза болып. Сөйтті де, Бауыржан батыр бастап, Рахымжан ағамыз қостап, сахнаға беттеді. Қалың жұрт қос батырды қол шапалақтап мінбеге шығарып салды. Гвардия полковнигі мұнымен тоқтамады.
Жиынды ашпақ болған билікшіге қолды бір сілтеп, жиынды өзі бастап кетті. Рахымжанның кім екенінен хабардар етіп, небір сұрақтарға жауап беріп, орнына барып отырды. Жұрт батырдың сөзінің әр тұсында қол шапалақтап, батырдың мәртебесін асқақтатып жіберді.
Кезінде көрнекті жазушы ағамыз Жекен Жұмақанов Жазушылар одағына барғанда: – Е, мұнда Баукең келген екен ғой, – деп батырды әр бөлмеден іздеп тауып, әскерше сәлем беріп, редакцияға ораларда: – Е, бауырым, біздің Баукең елінің сәлеміне ғашық қой, – деуші еді. Шынында, солай екен, – деймін мен де.
Рецептің әлегі
Сонау бір жылы «Ұлан» балалар басылымының тапсырмасымен қазақтың тағы бір батыры туралы мақала жазу үшін батыр аға Қасым Қайсеновтің үйіне бардық. Соғыста жау тылына жеті рет түсіп, жауына ойран салған батыр аға біздің балалардың газетінен келгенімізді естігенде, жүзінен ризашылық кейіп танылды.
– Ал енді сұрақ қойыңдар, мен жауап берейін, – деді кереуетіне нықтана отырып. Дайындалып барған біз алғашқы сауалымызды қойып та үлгердік.
– Сіздің атақты батыр Бауыржан Момышұлымен ара қатынастарыңыз қалай? – деп бастадық сұхбатты. Ойда- жоқта Қасым ағамыз үйді басына көтере қарқылдай күліп алды. Шамасы, ойына әлде бір оқиға түскен сияқты.
– Балалар, ақыры Баукең туралы әңгімені қалаған екенсіңдер, мен бастан өткен оқиғаға кеңінен тоқталайын. Жалпы, біз Рахымжан, Баукең үшеуміз бір қалада, Алматыда тұрамыз ғой, – деді Қасым ағамыз.
– Рахымжан менен сегіз жас кіші, үлкен қонақүйдің директоры. Мінезі де қызық… Маған еркелеп, көңілдене «Қасеке» десе, әлденені бүлдіріп қойсам, «қарадәу» деп те қалады. Жиі телефон шалып, сәлемдесуді де ұмытпайды.
Сөйтіп, ойда-жоқта інім телефон шалды.
– Қасеке, дәу бізді шақырып жатыр. «Жекпе-жекке» дайындал, – деді күліп.
– Дәл қазір менің бөлмеме жет.
– Ләппай, тақсыр, – дедім інімді еркелетіп.
Алда мен, артта Рахымжан жеделдей басып келеміз. Сәл кешіксек, пәлеге қалуымыз оп-оңай. Дәудің алдында сабақ білмеген оқушыдай басымызды кіндігімізге салудың несі жақсы.
Екеуміз Баукеңнің үйінің есігінің алдында тұрмыз.
– Баста, Қасеке, – дейді Рахымжан әдеттегідей бұйыра үн қатып.
– Өзің кірсеңші, Реке, – деймін мен де батылым жетпей.
– А…а, Қасеке, мені арандатайын дегенің бе? «Үлкен тұрып, кішіге не жорық» деп дәу ұрыссын ба? – деді қулана күлімсіреген Рахымжан. Қойшы, сонымен бөлмеге мен бастап кіріп бардық. Үй іші көк түтін. Төрдің бұрышында жұмсақ диванда Баукең отыр. Жедел басып барып, полковникке рапорт бердік. Батырдың қабағы түксиіп, әдеттегідей «вольнасын» айтып, сұқ қолымен залда тұрған үстелді нұсқады.
Бұйырды, орындалу керек. Екеуміз үстел үстінде жатқан дәрінің рецептерін жинап алып, есікке қарай атылдық. Әншейінде қаланы сирек аралайтын басымыз, көлік жалдап, орталық дәріханадан бір-ақ шықтық. Дәріні дорбаға салып, Рахымжан екеуміз ақылдаса келе, базарға барып, бір қойды сойдырып, аздаған азық-түлік алып, Баукеңнің үйіне қарай ұштық. Әкелгенімізді орналастырып, дәрілерді үстел үстіне жайғастырып, орнынан қозғалмай, темекісін сорып отырған гвардия полковникке жетіп рапорт бердік. Бауыржан екеуміздің бас-аяғымызды қарап алып, орнынан тұрды да:
– Смирно, – деп саңқ етті. Қақайдық та қалдық.
– К выходу шагом марш! — Есікке жеттік пе, жетпедік пе, қарқылдап күліп жібердік.
– Шындығында үш батырдың бір күнгі бастарынан өткен оқиғасы шынайы батырлар достығының көрінісі емес пе! – дейміз біз де.
P.S. Оңтүстік астананың үлкен бір көшесі Бауыржан Момышұлы батырдың атымен аталады. Сол сияқты көптеген атақты жандардың көшелері де баршылық. Олардың біразының ескерткіші де өзі аттас көшелердің басталар тұсында орын тауып тұр. Ал қазақтың атын батырлығымен бүкіл әлемге танытқан Бауыржан батырдың ескерткіші де орнаса несі айып.
Шәкен КҮМІСБАЙҰЛЫ,
жазушы.