«Астана ЭКСПО — 2017» мотокеруені Оңтүстіктен басталады
Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде «Астана ЭКСПО — 2017» мотокеруенін ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша өткен баспасөз конференциясында «ОҚО мотоциклшілер федерациясының» президенті Рүстем Базарбеков хабарлады. Айтуынша, 29 мамырда күнгейден өзге өңірлерге аттанатын мотошеру Түркістан шаһары арқылы Қызылорда облысына жетіп, жалпы саны республиканың 10 облысы – ОҚО, СҚО, БҚО, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Астана қалаларын аралайды.
«29 мамыр күні облыс басшылығынан еліміздің көк байрағын салтанатты түрде алып, 10 мотоциклші жолға шығамыз. Мототоп мүшелері әр қала мен облысқа аялдаған сайын сап құрамы көбейіп, елордаға жеткенше мотоциклшілер қатары 100-ге жетеді деген жоспарымыз бар. Осы ретте, облыстағы мотосүйер қауымды да мотошеруіміздің қатарына шақырамыз. Еліміздің болашағы мен тарихы үшін маңызды болып табылатын осынау шарада барлық отандастарымызды өз мемлекетінің патриоты болуға шақырамын», — деді Р.Базарбеков.
Халыққа «ЭКСПО — 2017» көрмесінің маңыздылығын жеткізіп, қонақтарға қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, еліміздің тарихы мен тарихи құндылығын көрсетуді мақсат тұтқан мотошеру еліміздің барша азаматын халықаралық шара жайлы, мейлінше, құлағдандыруды көздейді.
Бас-аяғы 13 күнге созылатын мотокеруен 29 мамырдан 10 маусымға дейін жалғасып, Астанадағы негізгі шараға жалғасады. Әрбір шаһардағы аялдамаларда мотошерушілердің арнайы шоу-бағдарламалары ұйымдастырылып отырмақ. Санаулы күндерде 7 мың шақырымды артқа тастайтын керуенмен бірге арнайы көлік ілесе жүретін болады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі