Бірінші Құдайға, екінші Қытайға рақмет!

Шынында да, Димашымыз Қытайда кездейсоқ аламан бәйгеге қатыспағанда аты төрткүл әлемге танымал әншіге айналар ма еді? Әй, қайдам… «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, қарапайым Димашымыз сол Ақтөбенің шаңына көміліп, әлі де ортақол әнші болып жүре беретініне менің шәгім жоқ. Біздің бабаларымыз дана болар баланы сөз өнерінен таныған. Тіптен, атбегілеріміз тұлпар болар жылқыны тай кезінен баптай бастаған. Этногроф көкеміз, марқұм Жағда Бабалықұлы Қытайдың тұлғаларды жас кезінен дайындайтынын кезінде бүге-шігесіне дейін айтып берген-ді. Мен онша сеніңкіремегенмін. Сөйтсе-ем… «Қытайлық продюсерлер әлемдік стандарт бойынша жұмыс істейді. Олар Димаштың имиджін түбегейлі өзгертті. Көп жұмыс жасалғаны көрініп тұр. Соның нәтижесінде Димаш теңдессіз әншіге айналды. Бұл тұрғыда Қытай продюсерлері қандай тәсілдер, «фишка» қолданғанын білмеймін, бірақ барлығы керемет іске асты», — деп, белгілі продюсер Алуа Қонарова таңданысын жасыра алмады.

Біздіңше, Қытайдың құпиясы тұлғаларды тани білуде өзіндік әдістері бар. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан талантты да ерекше адамдарға қолдау жетерлік. Тағы да Алуаның пікіріне ден қоялық. «Біздің телеарналардың көрсетілу аясы тар. Тіпті, бұрынғы ТМД елдеріне тарайтын ешбір арнамыз жоқ. Ал бізге мемлекет көңіл аудармайды. Салық төлеп отырсақ та, шоу-бизнестің сапасын көтеруге көмектеспейді. Халықаралық конкурстарда бізді ешкім күтпейді де. Сол себепті әртістерге өте қиын, өз сорпамызды өзіміз қайнатамыз. Тапқан ақшамызды шығармашылыққа саламыз. Неліктен шетелдік әртістер танымал? Себебі біз оларды күнде теледидардан көреміз, ал олар бізді көрмейді».

Иә, ол кісінің айтқандарына алып-қосарымыз жоқ. Тек өкінетініміз — Димаш сынды талай қарадомалақтарымыз жеткілікті қамқорлықтың болмауынан өспей, өшіп бара жатқандығы. Бұл тек ән өнерінде болса бір сәрі, ол кемшілігіміз басқа да салаларға да қатысты. Спортымыз, әсірессе қысқы спорт түрлерімізде қазақтар саусақпен санарлықтай. Футболымыз, валейболымыз, баскетболымыз, жеңіл атлетикамыз, жүзуіміз дамымай кенжелеп жатыр. Ақын-жазушыларға да айтарымыз осы. Қытай, Жапон, Корей мемлекеттері сияқты мықты да қуатты болғымыз келсе, таланттарымызды тай кезінен танып, олардың аламан бәйгелерде тұлпарлар санатына кіруіне мемлекет көмектесуі керек-ақ.

«Индустриалды» деп, тіліміздің қаймағынан айырылып қалмайық

Ғалым Қанағат Жүкешов бауы-рымыздың «Қазақтың рухы мен тілін индустриалды қоғамға өткізу керек» деген мақаласының («Дат» газеті) тақырыбы көңілімді бірден аударды да, оны қызыға оқып шықтым. Ол кісінің «Бүгінде сөз болып отырған жаңғыру мәселесі қазақтың тілі мен рухы арқылы жүзеге асуы керек» деген пікірі көңілге жағымды тиді. «Ал қазір қазақ тілін стандарттау қажеттілігі туындап отыр. Тіліміз индустриалды қоғамның талаптарына сай болу керек. Біз болсақ, аграрлы қоғамның грамматикасымен жүріп келе жатырмыз. Индустриалды қоғамның нормаланған әдеби тілі жасалған жоқ». Қанекең кейбір сөздеріміздің екі-үш мағынада қолданылып келе жатқанын айтады. Оны әдеби нормаға түсіру керек дейді. Бұл ойы дұрыс. «Ой-сана», «қадір-қасиет» деген жұп сөздерге қарсылығын білдіреді. Осы жұп сөздерді жеке де айтуға болар. Кейде олар бір-бірін толықтырып тұрмай ма? Және ғасырлардан келе жатқан бабаларымыздың сөз саптасы ғой бұл.

Рас, индустриалды, өндірістік жаңаша сөздер көші енді түзіліп келеді. Қанеке, өзіңіз айтпақшы, аграрлы қоғам, феодалдық, социалистік, капиталистік қоғамдар болсын, қазақтың тілі үнемі байып отырғанын білеміз. Өзіңіз айтпақшы, қазақ тілі сөздігінде 92 мың сөз бар екен. Осы бай қорымызды ықшамдап, 10-12 мыңға іріктеп, азайту керек депсіз. Яғни бұл алтын қорымыздың 90 пайызға жуығын қатардан шығару деген сөз. Менің бағамдауымша, сөзіміздің қаймағын сыпырып, етін сылып, қаңқасын арса-арса етіп қалдырмақшысыз. Әрине, мен ғалым емеспін. Бірақ осыншалық қайшымен қырқу тым қатыгездік сияқты. «Қазақ индустриалды қоғамға өзімен қоса тілін де, рухын да өткізу керек» депсіз. Ол мына отарды ана отарға қоса салатындай қой емес, ғасырлар бойына жинаған ғажайып қазынамыз емес пе?!

«Қазақтың 45%-ы ауылда тұрып, мал шаруашылығымен айналысады. Демек, қазақ тілінің ауылда тұратын қазақпен байланысы бар» депсіз, Қанеке. Сонда қазақ тілі қаладағы қазақтарға қажет емес пе? Әдебиетті жазуды да осы 10-12 мың сөздік көлемінде жазу керек дейсіз. Сонда оқырманға түсінікті болады екен. Қаймағы сыпырылған көркем әдебиет мүйізінен айырылған тоқал ешкі сияқты болып қалмай ма? Қорыта айтқанда, тілімізді стандарттау мәселесінде, Қанеке, асығыстыққа бармауымыз керек сияқты. Қалың елдің қазақ тілін үйренбеуін сөздік қорымыздың көптігінен іздемеуіміз керек. Оның себебі басқада жатыр. Ол біздің намыссыздығымыздан, енжарлығымыздан. Егер мемлекеттік тараптан талап жоғары болса, мәжбүрлікті енгізсе, мемлекеттік тілді әп сәтте, аз уақыттың ішінде-ақ халқымыз үйреніп алатыны сөзсіз.

ЕРТАЙ АЙҒАЛИҰЛЫ,

ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі