Терминдерімізді жатқа телу – сатқындық!
Иә, аударма мәселесінде асыра сілтеп: «фонтанды — шаптырма, балконды — қылтима» дегендер кездесіп жатқанымен, жалпы жұртшылыққа бұл сияқты атаулар сіңісті бола қоймағаны рас. БАҚ болса да, мұндай алыпқашты аудармаларды мүлде қолданбайтын. Десек те, «бағдаршам», «балмұздақ» сы сәтті шыққан баламаларды айтпаған күннің өзінде, соңғы екі жыл ішінде сегіз мыңнан аса термин сөз бекітіліпті. ындМәртебемізді өсірген бұл мәліметпен қатар, қолданыстан өшірген терминдеріміздің де бар екенін осыдан біршама уақыт бұрын ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы баян еткен еді.
Нақтырақ айтсам, күнделікті қолданыста үйреншікті болып, әдеби тілімізге ене бастаған мына төмендегі термин сөздер халықаралық қолданыстағы терминдер ретінде бұрынғы қалыбына қайта салынды. Мәселен: субұрқақ — фонтан, сазгер — композитор, ғаламтор — интернет, күйсандық — фортепиано, пианино, оташы — xирург сөзіне, мұражай — музей, қисын — логика, мұрағат — арxив, мәселе — проблема, үдеріс — процесс болып қайта бекітілді. Министрдің айтуынша, алдағы уақытта терминкомда әлі де біраз xалықаралық терминдер қайта қаралуы мүмкін-мыс. «Мысалы, пайыз — процент сөзіне, Әнұран — Гимн, иегері сөзін — лауреат терминдері ретінде бекітуді ұсынып отырмыз. Неге десеңіздер, лауреат международного конкурса дегенді xалықаралық конкурстың иегері деп жүрміз. «Иегері» ол — «собственник» қой енді. Сол үшін лауреат сөзін xалықаралық қолданыстағы қайтадан орнына келтіру ұсынылып отыр», — деді министр мырза. Сонда мұның артында не сыр жатыр?..
Рас, қарап отырсақ, терминком атқарып жатқан шаруалар шаш етектен екен. Оның үстіне термин сөздерді бекітуде сөздердің жасалу жолдарынан бастап, этимологиясы, лексикалық, лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік, тағы басқа да толып жатқан термин жасам тәсілдеріне сүйене отырып жасалатынына, яғни термин жасамның оңай еместігіне мен Шерубай Құрманбайұлының «Қазақ терминологиясы» атты зерттеу еңбегін парақтай отырып көз жеткізе түстім. Дегенмен, бұл айтылған уәж жоғарыда айтылған терминдерді өзге тілге апарып, телміртіп, теліп қойған терминкомның ісін ақтап алады деп айта алмаймын, сондықтан бұл мақаламда термин жасаудың қыр-сырына толық тоқталмастан, неге қазақшаланған терминдерімізді қолданыстан шығаруымыз керек деген уәжімді аталмыш еңбекте айтылған зиялы азаматтарымыз бен мамандардың пікірлеріне сүйене отырып айтпақпын. Жоғарыда айтқан еңбекте автор профессор Б.Қалиұлының: «Егер БАҚ қазақша терминдерді (сөздерді) қолданса, халық сол қазақша терминдерді жаттап алады. Ал орысша терминдерді қолданса, халықтың аузы сол орысша терминдерді айтуға икемделеді», — деген ойын келтіре отырып [3, 40 б.], «қазіргі кезеңде ұлт тілінде термин жасаудың жанданып отырғаны белгілі. Көптеген жаңа терминдер жасалып, қолданысқа көше бастады. Бұл — ұлт тілінің ғылым саласындағы қызметін атқара бастауының бір көрінісі. Оны пуризм деп танып, қазақ тілі ғылымға, термин шығармашылығына шектен тыс көп араласып кетті деуге болмайды. Бұл, түптеп келгенде, онсыз да мүмкіндігі шектеліп келген тілдің ғылым саласындағы қызметінің қалыптасуына жол бермеу болып табылады», — дейді.
Ал 1923 жылы жазылған мақаласында X.Досмұхамедұлы: «Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады», — десе, 50ші жылдардың ішінде М.Əуезов: «Орыс тілі мен шетелдер тілінен алынған атаулардың орфографиясы бізде əлі дұрыс жолға қойылып болмаған… Біздің грамматикамызда осы жөнде асыра сілтеу, сыңаржақтық бар сияқты», — деген екен. Шынында да, бүгінгідей қазақ тілі «мемлекеттік тіл» мәртебесін алған заманда күнделікті қолданыстағы терминдерден бөлек қоғамның түрлі салаларында, ғылым мен медицина, т.б. салаларда терминдерді кеңінен қолданысқа енгізуге неге енжармыз? Неге келелі мәселеге келгенде сыңаржақтық танытуға әуеспіз? Әлде олай етуге сыртқы немесе ішкі күштердің ықпалы бар ма?..
Жарайды, Кеңестік идеология кезінде орыстың илеуінен шыға алмадық дедік, ендігіміз не сараңдық? «Қалыптасқан халықаралық терминдер» деген санамызға сіңіп, қатып қалған сылтаудан қашан арыламыз? Тіпті, сол халықаралық терминдердің бәрі болмаған күнде, қоғамға, өмірімізге етене жақындарын еншілеп алып, термин жасасақ, несі айып? Кім бізге «мына терминді неге олай атайсыңдар» деп кіжінуі мүмкін?
Бұл орайда, тағы да Ш.Құрманбайұлының «Қазақ терминологиясы» еңбегінде ғалым Б.Қалиұлының халықаралық терминдер жайлы айтқан пікірінен үзінді келтіре кетейін: «Ғалым халықаралық терминдер мəселесіне арнайы тоқтала келіп, оларды таралуына байланысты 5 аймаққа бөледі. Ол: «Егер халықаралық терминдер бүкіл дүниежүзі тілдеріне ортақ екендігі рас болса, ол сөздердің Еуропа тілдеріне ғана емес, басқа да Азия, Африка; араб, қытай, жапон, үнді, индонезия тілдеріне де ортақ болулары керек еді ғой. Жоқ, олай емес. Халықаралық терминдер делініп жүрген атом, газ, йод, цемент, цех сияқты сөздерді Шығыс Азия (қытай, жапон, корей, вьетнам), араб, үнді, индонезия халықтарының тілдерінен кездестіре алмайсың. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, халықаралық терминдер дегеніміз, сайып келгенде, белгілі бір аймаққа тəн ортақ сөздер болып шығады». «Терминологияның ұлттық тілді байытудың бір көзі екенін мойындасақ, шет тілдерінің сөздерін шектен тыс көп қабылдау жəне оларды тіліміздің дыбыстық жүйесіне бағындырмау, сол бұлақтың көзін бітеумен бірдей», — деген айшықты да ащы ойын айтады автор.
Түсінген адамға бұдан артық қалай жеткізуге болады?! Бұл мәселеде терминология саласы мамандарының немесе осы қазақтың тілін кесіп-пішіп, қандай да бір стандартқа түсіруді көксеушілердің түсінбестігінен гөрі түсінгісі келместігі басым сияқты көрінеді маған. Болмаса, кезінде қазақ терминологиясының сүрлеуін салып кеткен Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлының адал қызметін жалғастырушылар түгелдей жоғалып кетті дегенге сену қиын. Міне, солар қазақ терминологиясының келешегін айқындауға, кез келген халықаралық терминдерді зерттеп, зерделеп, ұлтымыздың табиғатына сай етіп, іріктеп және ресми бекітіп беруге міндетті. Ал одан кейінгі халыққа насихатталуы мен құлаққа сіңісті болуы БАҚ-тың да, басқамыздың міндетіміз. Бұл мақсатта ең бір ескеретін нәрселер: егемен ел екенімізді, ұлт екенімізді, ақылойымыз бен тіліміздің де біреуге бағынышты еместігін түйсініп, ұнжырғамызды басатын құлдық санадан, жасқаншақтық пен еліктегіштіктен арылу керек. Өз тілімізді төмендетіп, терминдерімізді жатқа телу, яғни біреудің астына жығып беру нағыз сатқындық деп ойлаймын.
ЖАНБАҚЫТ МЕРЕКЕҰЛЫ